Accessibility links

Тәжікстанда ислам партиясы белсенділері ұсталды


Тәжікстан ислам өркендеу партиясының есігі мөрленген кеңсесі. Душанбе, 25 тамыз 2015 жыл.
Тәжікстан ислам өркендеу партиясының есігі мөрленген кеңсесі. Душанбе, 25 тамыз 2015 жыл.

Тәжікстанның бас прокуратурасы елдегі ислам өркендеу партиясының 23 белсенді мен басшысы тұтқындалғанын хабарлады.

Қазанның 6-сында таратылған мәлімдемеде қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың жақтастарының үлкен тобы ұсталғаны хабарланған. Тәжікстан бас прокуратурасы олардың үстінен терроризм, нәсілдік және діни өшпенділікті, жершілдікті қоздыру, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, елдің конституциялық құрылымын құлатып, қарулы көтеріліске шақыру баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды деп хабарланған.

Биыл 4 қыркүйекте Тәжікстанның бас прокуратурасы Назарзода Абдухалим Мирзо мен оның жақтастарының үстінен Тәжікстан Республикасы қылмыстық кодексінің 187-бабы (қылмыстық топ/қылмыстық ұйым құру, 199-бабы (қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жарылғыш құралдарды ұрлау) , 104-бабы (кісі өлтіру) , 181-бабы (кепілге адам алу), 179-бабы (терроризм), 329-бабы (құқық қорғау органдары немесе әскери қызметшілерге қоқан-лоқы көрсету) және 391-бабы (билігін немесе қызмет бабын асыра пайдалану, лауазымдық немесе қызметтік өкілетін асыра қолдану немесе биліктің әрекетсіздігі) бойынша қылмыстық істер қозғаған.

Тәжікстанның бас прокуратурасы ертеректе: «Назарзода Абдухалим Тәжікстан ислам өркендеу партиясы басшысы Мухиддин Кабиридің бұйрығымен қылмыстық бірлестік құру мақсатында 2010 жылдан 2015 жылдың тамыз айына дейін біріккен тәжік оппозициясының бұрынғы содырларына тергеу органдарына белгісіз көздерден тұрақты түрде 400-600 сомони төлеп тұрған және өзге де материалдық көмек көрсеткен. Кейін әлгі содырлардан әрқайсысы 10-30 адамнан тұратын 20-дан аса қылмыстық топ құрып, жалпы саны 300-дей адам кіретін қылмыстық ұйым құрған және оған жалпы басшылықты өзі атқарған» деген ресми мәлімдеме таратқан.

Тәжікстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі Абдулхалим Назарзода.
Тәжікстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі Абдулхалим Назарзода.

Бас прокуратураның болжамынша, Назарзода Абдухалим Мирзо алдын ала сөз байласу арқылы 2015 жылы қыркүйектің 3-інен 4-іне қараған түні кешкі сағат 20:00 мен таңғы 4:40 аралығында қорғаныс министрлігіне қарасты әскери инспекция бастығы, полковник Умаров Джунайдулло Сатторович, құрлық әскерлері қолбасшысы орынбасары Сафаров Назармахмад Муродович, құрлық әскерлерінің әскери барлау бөлімі бастығы Юнусов Умар Кенджаевич және Муродов Сарабек Баротович, Абдуллоев Зиёруддин Кодирович сияқты 31001 әскери бөліміне қарасты 25-батальонның әрқайсысы жеке топты басқаратын өзге де тұлғаларымен бірлесіп, қылмыстық бірлестік мүшелерін қаруландыру, Душанбе, Вахдат және Рудаки сияқты аудан, қалалары территориясында күштік құрылым өкілдеріне қарсы қарулы шабуыл бастау жоспарын құрған.

Рамит шатқалында генерал Назарзода тобының көзін жою үшін жүргізілген арнайы операция кезінде полицияның 14 қызметкері қаза тапқан. Алдын ала тергеу амалдары кезінде Назарзода Абдухалим Мирзоға тиесілі 9 кәсіпорын, 9 үй, 56 көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына қамау салынған.

Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы лидері Мухиддин Кабиридің парламент сайлауында дауыс берген сәті. Душанбе, 28 ақпан 2010 жыл.
Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы лидері Мухиддин Кабиридің парламент сайлауында дауыс берген сәті. Душанбе, 28 ақпан 2010 жыл.

Бұдан бөлек Мухиддин Кабири мен оның туыстарының атына тіркелген үш үй – Душанбе қаласы Зебунисо көшесіндегі 27 бөлмелі екі қабатты ғимарат, Душанбе қаласы Айни көшесіндегі 20 бөлмелі екі үй, Айни көшесіндегі төрт қабатты әрі іргетасы құйылған екі ғимарат, 0,70 гектар жері бар «Бинокорсервис» құрылыс кәсіпорны, 20 жеңіл және жүк көлігі, төрт өндіріс цехы, Файзобод ауданындағы 25 гектар жері бар «Хусейнджон» бау-бақша шаруашылығы, 48 бас ірі қара малы бар мал фермасы тәркіленген. Қамау салынған дүние-мүліктің жалпы құны 120 миллион сомониға бағаланады.

Тәжікстанның жоғарғы соты қыркүйектің 29-ы күні, яғни Абдухалим Назарзода тобына қарсы арнайы операциядан кейін іле-шала Тәжікстан ислам өркендеу партиясын террористік ұйым деп жариялап, ел аумағындағы қызметіне тыйым салатын шешім шығарған. Жоғарғы сот әлгі шешімімен партияның «Наджот» апталық басылымы мен веб-сайты қызметіне де тыйым салған.

Тәжік жоғарғы соты мәлімдемесінде Тәжікстан ислам өркендеу партиясы мүшелері «террористік және радикалды сипаттағы қылмыстар жасады және арандатушы ақпарат таратты» деп айыпталатыны айтылған. Партия жетекшісі Мухиддин Кабири мен оның жақтастары «негізсіз және партияны жабуды көздейтін айыптар» деген уәж айтып, тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Партияның ұсталған мүшелері «2015 жылдың қыркүйегіндегі оқиғаларға мүлде қатысымыз жоқ» деп мәлімдейді.

Азаттықтың Тәжік қызметінің Тәжікстан бас прокуратурасындағы аты-жөнін көрсетпеуді сұраған дереккөзі партия белсенділерін тұтқындау әлі жалғасып жатқанын айтты. Жуырда Тәжікстан ислам өркендеу партиясының Пенджикенттегі бөлімшесінің жетекшісі Сино Хасанзода ұсталған. Оны Худжанд қаласындағы тергеу абақтысына жөнелткен. Сино Хасанзода шілде айында Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында «жергілікті шенеуніктердің қысымымен Тәжікстан ислам өркендеу партиясынан шығуға мәжбүр болдым» деп мәлімдеген. Туыстарының хабарлауынша, екі апта бұрын Тәжікстан ислам өркендеу партиясының Таулы Матч қаласындағы бөлімшесінің жетекшісі Мирзоолим Холов тұтқындалған. Ал ертеректе партияның Кулябтағы белсенділері Махмадали Исломов, Мухаммади Тешаев, Рустам Имомов және Умаршо Давлатовтың ұсталғаны хабарланған.

Қазанның 3-і күні билік «Тәжікстан ислам өркендеу партиясы қатарынан өз еркімен шыққан және тыйым салынғаннан кейін онымен ынтымақтасудан бас тартқан тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды» деп хабарлады. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде «партияға мүше екенін куәландыратын құжаты бар тұлғалар әділет министрлігінің жергілікті органдарына келіп, Тәжікстан ислам өркендеу партиясы қатарынан шығатыны туралы арыз жазуы тиіс» деп жазылған.

Бірақ Тәжікстан ішкі істер министрлігі Тәжікстан ислам өркендеу партиясы мүшелеріне «партиядағы қызметін жалғастырса яки оған мүшелікке қайта өтсе немесе партияның жаңа бөлімшелерін құру ниеті болса, Тәжікстан заңдарына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылатындарын» ескерткен.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG