Accessibility links

Ходжагалтонда тағы 20 оқушы уланып қалған


Уланған баланы ауруханаға әкетіп барады. Тәжікстан, 2 маусым 2016 жыл.
Уланған баланы ауруханаға әкетіп барады. Тәжікстан, 2 маусым 2016 жыл.

Хатлон облысы Шамсиддин Шохин ауданына қарасты Ходжагалтон қышлағындағы орта мектептің 20 шақты оқушысы екінші мәрте уланып қалды.

Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, Ходжагалтон қышлағындағы 3-мектептің 50-ден аса оқушысы шыбынға қарсы қолданылатын құралдан (Нурел Д) уланған.

Аудандағы жергілікті шенеуніктер сөзіне сілтеме жасаған Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісінің хабарлауынша, мектеп оқушылары екінші мәрте жайсыз сезінгеннен кейін 1 маусым күні түсте мектепте үш күндік каникул жарияланып, зардап шеккен оқушыларды аудандық ауруханаға әкеткен.

- Кеше түстен кейін басым мен көзім ауыра бастады да, есімнен танып, сыныптың ішінде құлап қалдым. 10 баламен бірге ауруханаға жіберді. Кешегідей емес, қазір жағдайым жақсарып қалды, бірақ әлі әлсізбін, - дейді осы мектептің 2-сынып оқушысы Шырын Зарифова.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, улану оқиғасын тексеру үшін арнайы комиссия құрылып, Ходжагалтон қышлағындағы медициналық пункте зардап шеккен оқушыларға көмек көрсететін штаб құрылған. Жағдайы ауыр оқушылардың бірі Куляб қаласындағы ауруханаға әкеткені туралы хабар тарады.

Ал 2 маусым күні таңертең Ходжагалтон қышлағының тұрғыны Муртазо Сараев «өткен аптада уланған, кейін тағы есінен танып қалған 36 оқушыны тексеруден өткізу үшін кешеден бері медициналық пунктке әкеліп жатыр, ал кейбірін аудандық ауруханаға жатқызды» деді.

Ходжагалтон қышлағы тұрғындарының сөзінше, зардап шекккен балалардан қанын тексеруге алғанымен, олардың улану себебі әлі нақты анықталмаған. Бірақ тұрғын Муртазо Сараевтың айтуынша, бұл оқиға 26 мамырда – аудандық санэпидстанция қызметкерлері мектепке химикаттар шашқаннан кейін болған.

– Дәрігерлердің айтуынша, оқушылар мектептің іші мен мен оның төңірегіне санэпидстанция қызметкерлері шашқан, жәндіктерге қарсы химикаттардан уланып қалған. Бірақ біздің қышлақта да, климаты салқын бүкіл ауданда да ондай шыбындар жоқ. Соған қарағанда оқушылар химикаттардың өзге түрінен уланған сияқты, – дейді ол.

Муртазо Сараев бұған қоса 2 маусым күні таңнан бастап қышлақтың ондаған тұрғыны мектептің бастауыш сыныптарында оқитын балаларын ертіп медпункт алдына жиналып, қан өткізіп жатқанын айтады.

– Халі жақсы балаларды үйіне, ал жайсыз сезінгендерді аудандық ауруханаға жіберіп жатыр, – дейді ол.

Муртазо Сараевтың айтуынша, улану оқиғасынан кейін мектепте каникул жарияланған.

Бірақ Шамсиддин Шохин аудандық білім беру бөлімі басшысы Розик Содиков мектептің тағы 40 оқушысы ауруханаға жатқызылды деген хабарды «өтірік әрі арандату» деп атайды. Ол «Ховар» агенттігіне мектепте каникул жарияланған жоқ, сабақ мектеп жанындағы алаңда өтіп жатыр деп мәлімдеген. Оның хабарлауынша, бірнеше күннен бері мектептің оқу кабинеттерін жуып-шайып тазартып жатыр, ал оқушылардың денсаулығы қанағаттанарлық.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG