Accessibility links

«Эмомали Рахмонның кітаптары – бестселлер» дейді сатушылар


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қаламынан шыққан кітаптар мен оның өмірі және қызметі туралы шығармалар Душанбенің кітап дүкендерінде ең көп сатылатын кітаптарға айналған.

Кітап сатушылардың мәлімдеуінше, мектеп оқулықтарына сұраныс көбейетін тамыз және қыркүйектен өзге айлардың бәрінде де мемлекет басшысының шығармалары көп сатылады.

Ел астанасының тура ортасында орналасқан «Ошёни Дониш» кітап дүкенінің директоры Абуали Умарзода «күн сайын он шақты тарихи кітап сатамын, көбі – ел президентінің кітаптары» дейді.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 25 жыл бойы басқарып келеді. Осы уақыт ішінде оның авторлығымен тәжік халқының тарихы туралы және тәжік тілінде 20-дан көп кітап жарық көрді. Президенттің басылымдары сапалы әрі көп тиражбен шығады, ал бағасы – 40-80 сомони. Олардың ішіндегі бағасы ең қымбаты – тәжік халқының ежелгі дәуірден бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі тарихын қамтыған «Тәжіктер тарих айнасында» («Таджики в зеркале истории») кітабы.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары.

Умарзоданың сөзінше, президенттің кітаптарын сатып алушылардың дені – мұғалімдер, студенттер мен шенеуніктер.

– Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы кітаптарына сұраныс көп, – дейді ол.

Ол президент кітаптарының көп сатылу себебін «елдің жоғарғы оқу орындарының көбінде Ұлт көшбасшысы кітаптарының бұрышы ашылған, сондықтан оқытушылар мен студенттер басылымдарды әлгі бұрыш үшін сатып алатын сияқты» деп түсіндіреді.

Тағы бір кітап сатушы Анвар Джураев «шенеуніктер көбінесе мемлекет басшысының көп томдық басылымдарын және Ұлт көшбасшысы туралы шығармаларды сатып алады» дейді. Оның сөзінше, президент кітаптарын сатып алушылар ешқашан саудаласпайды, бірақ сатушылар да қымбат сатпайды.

– Қызметке енді ғана тағайындалған шенеуніктердің көбі президент кітаптарын өз кабинетіне қою үшін сатып алады. Жаңадан тағайындалған мектеп директорлары да осылай істейді. Кейбіреулер қызметке тағайындалған достарын құттықтаған кезде де мемлекет басшысы кітаптары мен оның портретін тарту етеді, – дейді ол.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітабының мұқабасы.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітабының мұқабасы.

Қазір Тәжікстанда кез-келген шенеуніктің жұмыс кабинетін президенттің кітаптары жиналған шкаф пен оның портретінсіз елестету мүмкін кемес. Таулы Бадахшан автономиялық облысы Рушан ауданы төрағасы Лутфулло Ходжаназар аудан басшысы қызметіне тағайындалғаннан кейін бірінші кезекте Эмомали Рахмонның кітаптарын сатып алғанын айтты.

Сіз телефон соққан кезде Ұлт көшбасшысының «Тәжіктер тарих айнасында. Арийлерден бастап саманидтерге дейін» деген кітабын ұстап отырғанмын. Бұл – үнемі үстелімнің үстінде жататын кітап.

– Тіпті қазір сіз телефон соққан кезде Ұлт көшбасшысының «Тарих айнасындағы тәжіктер. Арийлерден бастап саманидтерге дейін» («Таджики в зеркале истории. От арийцев до саманидов») деген кітабын ұстап отырғанмын. Бұл – үнемі үстелімнің үстінде жататын кітап. Ұлттық бірлік күні қарсаңында мемлекет басшысының кітаптарын оқып жатырмын. Мерекеге орай сөйлейтін сөзімде президентіміз жайлы жазылған өзге бір кітаптан үзінділер пайдаланғым келеді. Үгіт-насихат жүргізу үшін, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу үшін бұл кітаптардың маңызы зор, – дейді Рушан ауданы төрағасы.

Оның сөзінше, жұмыс кабинетінде Тәжікстан президентінің 20-дан астам шығармасы мен ол жайлы жазылған 50-ден аса кітап бар.

– Шенеуніктерге джаноби олидің (ұлы мәртебелінің – ред.) жолдаулары, оның сөйлеген сөздері және кітаптары аса қажет. Бақытымызға орай, президентіміздің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, – дейді Лутфулло Ходжаназар.

Сарапшылар «шенеуніктер Эмомали Рахмонға адалдығының белгісі ретінде жұмыс кабинеттерін президенттің кітаптарымен безендіріп қояды» деседі.

Тәжікстан сияқты қоғамдарда жағымпаздану мен дәріптеу мемлекеттік қызметшілердің қызмет сатысымен өрлеуіне көмектеседі.

– Тәжікстан сияқты қоғамдарда жағымпаздану мен дәріптеу мемлекеттік қызметшілердің қызмет сатысымен өрлеуіне көмектеседі, – дейді саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Хурсанд Хуррамов.

Оның сөзінше, президенттің кітаптары мен портреттерін сақтап қою, президенттің сөздерінен үзінділер келтіре сөйлеу – авторитарлы қоғамға тән құбылыс.

– Бұл мемлекеттің бірінші басшысына табыну бүкіл салада байқалатын авторитарлы қоғамның көрнекі белгісі. Қазір мұны мемлекет басшысы сөздерін келтіру көп тараған құбылысқа айналған ғылыми еңбектерден де байқап жүрміз. Ал әлгі ғылыми еңбектің математикадан немесе тарихтан жазылғаны маңызды емес, – дейді сарапшы.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG