Accessibility links

Тәжікстанда да «жақсы патшаны бұзған жағымпаз орта» туралы ертегі бар


Тәжікстан президентінің суретінің алдында тұрған астана тұрғындары. Душанбе, 26 қазан 2006 жыл
Тәжікстан президентінің суретінің алдында тұрған астана тұрғындары. Душанбе, 26 қазан 2006 жыл

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елдің түрлі аймақтарына сапар шеккенде халықтың мұң-мұқтажын өз құлағымен естіп, емін-еркін араласып жүргендей әсер қалдырады. Бірақ, "бұл - өтірік" деп шағынады ел тұрғындары.


Жұртшылықтың айтуынша, оған ел өмірінің жалған бейнесі көрсетіледі, ал президентке мұң-зарын айтқысы келген қарапайым азаматтар оның маңайына жолай да алмайды.

«ПАТША-ПРЕЗИДЕНТ»

Эмомали Рахмон жақында аймақтарды аралап шықты. Біз көрген бейнекөріністерге қарасақ, ол бүкіл ел аумағындағы шағын қалалардағы мерекелерге қатысып жүргендей әсер қалдырды.

Көшелер едел-жедел тазаланып, көрнекі тұстары президенттің алып суреттерімен көмкерілді. Жол жиектеріне жайқалған гүлдер егілді.

Соңғы айда президент табан тіреген әр қалада оны ұлттық көйлек киген бүлдіршін қыздар мен крахмалданған ақ жейде киген ұл балалар қол бұлғап қарсы алды. Олар ел басшысын 10-ғасырда өмір сүрген тәжік патшасына немесе аңыздағы баһадүрлерге теңейтін тақпақтар айтып берді.
Эмомали Рахмонның көлігі өтетін кездегі Душанбе көшесі. 16 қазан 2007 жыл

Алдын-ала таңдалып, Рахмонмен кездесуге арнайы шақырылған бірен-саран адамдар «президенттің елге сіңірген ерен еңбегін» жарыса айтып жатты.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ ЖАЙЫ

Алайда, қазбалай қалсаң, ел аузынан «президенттің аймақтарды аралау кезінде көргендері тек елес қана, бұл көріністердің сіңірі шыққан, жұмыссыздық пен елдің ертеңіне деген үмітсіздіктен титықтаған халықтың шынайы өміріне еш қатысы жоқ» деген сарындағы зар-мұңды естисіз.

Ал президентпен тұрмыс жайын талқылағысы келгендер шеттетіліп қалады.

- Бір топ интеллигенция өкілі президентпен кездесу сәтін айлар бойы күтумен келеді, олардың ел басшысымен талқылайтын нақты мәселелері бар. Алайда оларды Эмомали Рахмон жүрген жерлерге мүлде жолатпай қойды,- дейді елдің солтүстік-батысындағы Пянджкент қаласында тұратын журналист Шохин Равшан, - Жергілікті әкім-қаралар бұл адамдар өздерінің үстінен арыз айтады не ыңғайсыз сұрақтар қойып, оған жауап беруді талап ете ме деп қорқады. Жақында аймақ басшысы Қохир Расулзода Пянджкентке сапармен келген. Сонда осы топ оны өткір сұрақтың астына алған. Дәл осы жағдай қайталана ма деп қаланың зиялы қауым өкілдері Рахмонмен жүздесуге жіберілмеді.

ХАЛЫҚТАН ОҚШАУЛАНУ

Аймақ басшылары «гүлденген елдің» жалған көрінісін қалыптастыру арқылы президентке халықтың шынайы тұрмысы жайлы мәлімет бермей отыр деген де пікір бар.

Президент жаңа мектеп, қонақ үй, базар не мәдени орталықтың ашылуына қатысып, лентасын қиюға келетін жолға қызыл кілем төселіп, оған келетін жолдардың барлығы жабылып, қатаң күзет қойылады.

Біреулер үшін бұл кәнігі қауіпсіздік шарасы болып көрінер, бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрекеттерінен бөлек президентті халықтан толық оқшаулау амалдары да жүріп жатады.
Тәжік президенті саяси серіктерімен БҰҰ ғимаратына кіріп келе жатыр. Нью-Йорк, 23 қыркүйек 2009 жыл

Оңтүстіктегі Қорған-Төбе қаласының тұрғыны Мутабар есімді жас қыз президент келген тұста онымен тілдесіп қалғысы келіп жергілікті атқамінерлерден жалбарына өтініпті.

Өзінің айтуынша, оның әке-шешесі елдің түстігіндегі Вахш ауданында тұратын кедей шаруа, ал өзін осыдан екі жыл бұрын әлдебір жоғары лауазымды қызметкер зорлаған. «Полиция да, сот та арызыма құлақ аспай отыр» деген Мутабар бізге толық аты-жөнін атаудан бас тартты. «Менің сөзіме президенттен басқа құлақ асатын ешкім жоқ» дейді шарасыз бойжеткен.

Президент жаңа базардың ашылу салтанатына қатысып, мақтау мен мадаққа толы әңгіме мен өлеңге ұйып тұрған тұста Мутабарды полиция қызметкерлері бұл орыннан аулаққа сүйреп апарып тастаған.

ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН РАХМОН АШҚАН ЗАУЫТ ӘЛІ ІСТЕМЕЙ ТҰР

Президент Рахмон Ходжанд қаласындағы баспасөз орталығының, Қорған-Төбе қаласындағы балабақша мен кітапхананың және бес жұлдызды қонақ үйдің, оңтүстіктегі Бохтар ауданында бой көтерген мәдениет сарайының және басқа да ғимараттар мен сауда орталықтарының ашылу салтанатына қатысып қайтты.

Президенттің аймақтарды аралау кезінде лента қию салтанатына қатысуы үйреншікті дәстүрге айналған. Алайда жергілікті халық әлгі ғимараттар мен сауда орталықтарының жартысы әлі аяқталмағанын айтады.
Тәжік президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) Бадахшанда. 19 шілде 2008 жыл

Мәселен, осыдан екі жыл бұрын президент Рахмон солтүстіктегі Соғды ауданында «салынған» жаңа цемент зауытының тұсаукесеріне қатысқан еді, сол зауыт әлі күнге дейін аяқталмай қалқайып тұр.

Жергілікті журналистердің айтуынша, президент жақында барып салтанатты түрде ашып қайтқан Ходжандтағы баспасөз орталығы мен Қорған-Төбедегі балабақшаның тек сыртқы қабырғалары әрленіп, кейбір бөлмелері ғана толық аяқталған.


БІР МИЛЛИОН ТӘЖІК РЕСЕЙДЕ ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫСТА ЖҮР

7 миллиондай тұрғыны бар ел жаппай кедейлік пен жемқорлықтан, жұмыссыздықтан жапа шегіп отыр. Соның айқын дәлелі – Тәжікстанның бір миллионға жуық азаматы Ресейде жалдамалы жұмыста жүр. Президент қарапайым халықты толғандырған осы мәселелерді көре бермейді дейді жұрт.

Сөз бостандығы мен еркін баспасөзге шектеу қойылған, үкіметтің саясатына қатысты қандай да бір сын айтыла қалса, билік өкілдері тіксіне қарайды. Батылы жетіп, шындықты айтқан журналистер түрмеге қамалған, мұның өзі талай ауызға қақпақ салды.

Ал жиырма жылдай ел басқарып келе жатқан Рахмон сыни пікір атаулыдан жоғары тұр.
Шетте күн көріп жүрген тәжік еңбек мигранттарының бірі. Мәскеу, 23 қыркүйек 2009 жыл

Жақында Рахмон Ходжандқа барғанда, кездесулерге журналистер шақырылған, алайда оларға президентке сұрақ қоюға мүмкіндік берілмепті.

- Бұрындары біз әйтеуір сұрағымызды дауыстап қоя алатынбыз, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген ходжандтық журналист. - Бұл жолы бәрі жергілікті әкім-қаралардың қырағы бақылауы астында, тез өте шықты.

«АСА МӘРТЕБЕЛІ, ҰЛЫ ПРЕЗИДЕНТ»

Көп кедергіге қарамастан, тәжіктің бір топ зиялысы ресми тұлғалар мен мемлекеттік ақпарат құралдарын президенттің елдің нақты жағдайын білуіне кедергі жасамауға шақырып, үндеу тастады.

Тәжіктің әйгілі ақыны Мумин Қаноат президентті шексіз мадақтай беретіндерден қауіп ететінін айтты.

Тіпті қатардағы сұқбат, не есеп беру барысында ресми ақпарат құралдары мен лауазымды тұлғалар Рахмонды «аса мәртебелі», «ұлы президент» деп атайды. Бұрындары президент өзіне тым көркем атақ беріп, өзінің портреттерін көшелерге ілгізуге тыйым салып жүретін.
Егер біреу өзін мадақтағанды ұнатпайтын болса, онда ол мадақты тоқтату қиын емес.

- Президентке жағымпаздану арқылы оның айналасындағылар президентті Тәжікстанда және әлемде болып жатқан шынайы жағдайдан тым алшақтатып барады, - дейді ақын Қаноат.

Душанбеде орналасқан президент жанындағы Стратегиялық зерттеу орталығының басшысы Шуроб Шарифовтың айтуынша, президенттің атына мадақ айту, оған алғыс білдіру тәжік элитасындағы мәдени дәстүрге айналған.

- Саяси элитаның президент мырзаға құрмет көрсету әдісі осындай. Оған деген құрметінің бір белгісі ретінде аймақтарға сапары кезінде олар президенттің көңілін көтеруге тырысып бағады, - дейді Шарифов.

Бірақ жұрттың бәрі бар кінәні шенеуніктерге арта бермейді.

- Егер біреу өзін мадақтағанды ұнатпайтын болса, онда ол мадақты тоқтату қиын емес. Жағымпаздар президенттің жүрегін жаулап алған сияқты, - дейді тәуелсіз журналист Мухтор Боқизода.

(Мақаланы ағылшын тілінен қазақ тіліне тәржімелеген - Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG