Accessibility links

Тәжікстан ЕАЭО-ға кірсе, Ресей шырмауынан шыға алмай қалмай ма?


Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Емомали Рахмон. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Емомали Рахмон. (Көрнекі сурет)

«Кишлок овози» (Қышлақ әуезі) айдарымен жазылатын блогтың бүгінгі сарапшысы - Орталық Азияны зерттей бастаған Самюэль Рамани. Рамани Тәжікстанның Ресейдің қатты құшағына енгелі тұрғаны және бұл құшақтан шығудың өте қиын болатыны жайлы баяндайды.

Тәжікстан кеден қызметінің төрағасы Абдуфаттох Гоиб шілденің 19-ы күні Ресей жетекшілік ететін Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) құрамына кіруге өтініш беру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оған дейін Ресей мемлекеттік думасы мүшесі, еуразиялық интеграцияны үйлестіретін Леонид Слуцкий 2017 жылы Тәжікстанның ЕАЭО-ға кіруге өтініш беруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Егер Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылса, бұл мемлекетке Ресейдің ықпалы бұрынғыдан да күшеймек. Таза экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда Тәжікстан Ресейде тұратын гастербайтерлердің табысына тәуелді, демек, ЕАЭО-ға қосылуы - заңды құбылыс. Дегенмен Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болу Тәжікстанда дау тудырғаны таңғаларлық жайт.

Тәжікстан экономикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді болса да, тәжіктердің бірқатары ЕАЭО-ға қосылуға ынталы емес. Оған қоса, кейбір тәжік әскерилері Ресейдің маңызды әскери базаларды қолдануда тәжік офицерлерімен кеңеспегеніне және Мәскеудің тәжік базасында ресейлік солдаттар жасаған қылмыстарға ызалы.

ҚАРСЫЛАР УӘЖІ

Тәжікстан 1991 жылы тәуелсіздік алғалы Ресеймен одақтас болса да, көптеген тәжіктер Мәскеумен терең экономикалық ынтымақтастық орнату Тәжікстанның ұзақ мерзімді экономикалық дамуына екі түрлі себеппен кері әсер етеді деп санайды.

Біріншіден, тәжікстандық бизнес элитаның кейбір өкілдері Душанбенің ЕАЭО-ға қосылуы бұл одаққа мүше емес елдермен экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіреді деп қауіптенеді. Атап айтқанда, Қытай, Катар және Иран тәрізді маңызды сауда әріптестер Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылған жағдайда оны «Ресей клиенті» санауы мүмкін. Солайша аса маңызды шетелдік инвесторлар Тәжікстан экономикасына ақша салуды доғаруы ықтимал.

Content сараптама орталығы директоры Зафар Абдуллаев 2015 жылдың шілдесінде Ресей халықаралық істер жөніндегі кеңесі (РИАЦ) өткізген жиында «Кремльдің Тәжікстан экономикасы мен саяси жүйесін шектен тыс бақылауы Вашингтон-Душанбе қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін» деді.

Тәжікстан президенті Емомали Рахмон мен АҚШ генералы Жозеф Вотел. Душанбе, 15 маусым 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Емомали Рахмон мен АҚШ генералы Жозеф Вотел. Душанбе, 15 маусым 2016 жыл.

АҚШ Тәжікстанның ішкі саясатына тереңдеу араласа бастаса Ресей де Тәжікстанға ықпалын күшейтуге тырыса түседі. Бұндай сценарий Тәжікстанның егемендігіне қауіп төндіреді және Тәжікстанның экономикалық болашағын Ресей экономикасының аумағынан шығармайды.

Екіншіден, ЕАЭО-дағы екі ірі мемлекеті – Ресей мен Қазақстандағы экономикалық дағдарыс Тәжікстан халықтың бұл одақты қолдауын азайтты. Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуға деген ынтасын Ресейдегі тәжік еңбек мигранттары санының азаюы да төмендетті.

Тәжікстанның Еңбек, миграция және жұмыспен қамту министрі Сумангул Тагойзоданың шілденің 21-і күні жариялаған дерегіне қарағанда, 2016 жылдың алғашқы жартысында Тәжікстаннан кеткен мигрант жұмысшылар саны 8 пайызға азайған. Бұған Ресейдегі миграцияға қарсы көңіл-күй, тәжік валютасы құнының төмендеуі және ЕАЭО-дан тыс елдерден келетін мигранттар үшін виза шектеуін қатайту әсер еткен.

Дегенмен Карнегидің Халықаралық бейбітшілік қоры өкілі Пол Стронскидің айтуынша, Ресейдегі тәжік мигранттарының азаюына еліне өздігінен оралған тәжіктердің көбеюі де ықпал еткен. Ресейде тәжік жұмысшылары үшін экономикалық мүмкіндік азайып, өмір сүруге қауіптер көбейген.

Биыл алғашқы алғашқы алты айда Тәжікстанның 436 азаматы Ресейде қаза тапты. Қайғылы оқиғаның көбі жазатайым жағдай мен нәсілшілдер шабуылы кесірінен болған. Азаттықтың Тәжік қызметі дерегі бойынша, әдетте Ресейге баратын алты мыңдай тәжік жұмысшысы Қазақстанға келген.

Тәжікстандағы бұл жағдайды ҚырғызстанныңЕАЭО-ға қосылуымен байланыстыруға болады. 2015 жылы Ресейде қырғыз жұмысшылар саны 5,4 пайызға артуын елдің одаққа мүше болуымен түсіндіреді. The Diplomat журналындағы мақаласында Кэтрин Путц айтқандай, Қырғызстанның Еуразияға қосылуы тәжіктерді шеттетуге ұласты, солайша Ресейде тәжік мигранттар азайды.

Санкт-Петербургте жүрген тәжік мигранттары. Ресей, 3 шілде 2015 жыл.
Санкт-Петербургте жүрген тәжік мигранттары. Ресей, 3 шілде 2015 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елде кедейлік жайылып, гастербайтерлердің оралуына байланысты туындаған бүліктің алдын алу үшін ЕАЭО-ға қосылуды қолдауы әбден мүмкін. ЕАЭО-ға қарсы тәжіктерді тыныштандыру үшін Рахмон Душанбенің аймақтан тыс экономикалық байланыстарын күшейтуге тырысады.

Тәжікстан Қазақстан сияқты табиғи қазбаларға бай емес және инвестициялық климаты Қырғызстаннан да нашар, сондықтан Рахмонның ЕАЭО мүшелігі мен сауданы әртараптандыруға ұмтылуы өте ауыр жұмыс болмақ.

РЕСЕЙДІҢ РӨЛІ

Ресей Тәжікстанда 1992-1997 жылдар аралығында болған азамат соғысынан кейін Тәжікстан қауіпсіздігінің негізгі кепілі болып келеді. Бірақ Мәскеу ақпанда Тәжікстандағы әскерін «бөлімшеден» «бригадаға» азайтатынын айтып, қауіпсіздікті сақтаудағы үлесінің төмендейтінін білдірді. Кейбір сарапшылар Рахмон мен Путин арасындағы шиеленісті қарым-қатынас Ресей саясатындағы осындай өзгеріске ықпал етті деп санайды.

Ресей мен Тәжікстан президенті арасындағы араздық туралы болжамдар кейіннен негізсіз болып шықты, ал Стратегиялық зерттеулер институтының Орталық Азия бойынша сарапшысы Дмитрий Попов Тәжікстандағы Ресей саясатының өзгеруін «Кремль ықпалының күшеюіне ренжіген тәжік билігін тыныштандыру үшін жасалған шара» деп сипаттады.

Ал кейбір тәжік шенеуніктері Ресейдің мұндағы әскерін Тәжікстан үкіметімен санаспай азайтып немесе көбейтетініне жиренішпен қарайды. Тәжік сыртқы істер министрі Сирожиддин Аслов Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында Ресейдің әскери саладағы мұндай «өзімбілермендік» саясатына наразылықтың ұлғайғанын айтқан.

Ресей солдаттары үстінен өтіп жатқан сот. Тәжікстан, Душанбе, 7 тамыз 2015 жыл.
Ресей солдаттары үстінен өтіп жатқан сот. Тәжікстан, Душанбе, 7 тамыз 2015 жыл.

Кремль әскери базасына қатысты жоспарын Тәжікстан үкіметіне ескертпеді деген реніш Ресей әскери базасындағы қылмысты оқиғадан соң тіпті өрши түсті. Eurasianet басылымының өкілі Джошуа Кучера 2015 жылдың шілдесінде ресейлік әскери қызметкерлердің Тәжікстандағы қылмыстық әрекетке қатысы болғаны жөнінде жазды. 2014 жылдың күзінде Ресей сарбаздары такси жүргізушісін өлтіріп, 2015 жылдың басында даяшыны зорлаған еді.

Ресей әскери базасының қызметкерлері қазір кінәсіз деп танылса да, ресейлік әскерилер мен Тәжікстан үкіметі арасында қырбайлық туды. Шілденің 28-і күні Тәжікстан үкіметі ресейлік солдаттың Шойра Жаббарова атты тәжік әйелін өлтіргеніне қарсы наразылық мәлімдемесін жариялап, Мәскеуді базадағы қылмыскер қызметкерді жазалауға шақырды.

2015 жылдың наурызында тәжік соты Тәжікстандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін ресей армиясында тәжіктердің қызмет етуіне тыйым салатын заңнан бас тартты. Бұл шешім орыс тілінде сөйлейтін және ресейлік әскери дайындықтан өткен тәжіктерге Тәжікстандағы әскери базада жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Ресейдің әскери базасының болуы тәжіктердің Ресей азаматтығын алып, Ресейде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіндіктен, ЕАЭО интеграциясы Тәжікстанның білікті әскери қызметкерлерінің Мәскеудегі әскери базаға қашуына себеп болуы мүмкін. Бұл Тәжікстан қауіпсіздігінің Ресейге тәуелділігін одан бетер арттырып, Душанбенің егемендігіне қауіп төндіреді.

Ресей әскери базасында тәжіктердің көбеюі Мәскеудің әскери әрекеттерінің тәжіктерге жария болуына көмектеспеді. 2015 жылдың желтоқсанында «Азия-Плюс» басылымы келтірген ақпарат бойынша, ресейлік дипломаттар Тәжікстанда тәжік үкіметіне ескертпей «Талибан» өкілдерімен дипломатиялық саммит өткізген.

Душанбе көшесінде жүрген Тәжікстан азаматтары.
Душанбе көшесінде жүрген Тәжікстан азаматтары.

Ресей Тәжікстанның егемендігіне қатер төндіріп тұрғандықтан, бұл елмен терең экономикалық байланыс орнату Тәжікстанның әскери қолбасшылығы тарапынан теріс реакция тудырып, өткен күздегі бүліктің қайталануына ықпал етуі де ғажап емес.

Бірақ ЕАЭО-ға бірігу нәтижесінде тәжіктердің көп бөлігі Ресей азаматы болуға ұмтылса, Рахмон тәжіктердің ресейлік армия құрамында қызмет етуіне қайтадан тыйым салуы мүмкін. Бұл қадам тәжік ұлтшылдарын тыныштандырады, бірақ елдегі кедейлікті одан әрі күшейтеді.

Тәжіктердің көбі Рахмонның ЕАЭО-ға қосылу бастамасын құптайды. Бірақ Ресеймен жақын болу тәжік саясаткерлері күткендей емес, қайшылықты болып шықты. Ел ішінде тұрақсыздық тудырмай, тәжік ұлтшылдарын тыныштандыру үшін Рахмон Ресеймен терең қарым-қатынас орнату Тәжікстанның егемендігіне және одаққа мүше емес мемлекеттермен сауда байланысын жасауға қатер төндірмейтінін дәлелдеуі керек.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG