Accessibility links

ШЫҰ көлік қатынасын жақсартуға мүдделі


ШЫҰ-на мүше елдердің басшылары. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл
ШЫҰ-на мүше елдердің басшылары. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл

Душанбеде өткен ШЫҰ-ның кезекті саммитінде Украинадағы дағдарыс, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық интеграция мәселелері талқыланды.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қыркүйектің 12-сі күні Душанбеде аяқталған ШЫҰ елдері саммитінің қатысушылары Украина президенті Петр Порошенко мен Ресей президенті Владимир Путиннің шығыс Украинадағы дағдарысты реттеу туралы бейбіт бастамасын қолдады. Путин Украинадағы дағдарысты реттеу үшін Киев Донецк мен Луганскідегі сепаратистермен келіссөз жүргізуі керек деп санайды. Алайда бұл пікірді ШЫҰ елдерінің кейбір басшылары қолдап шықпайды. Өзбекстан президенті Ислам Каримов Украинаға қатысты келіссөздер тек Киев пен Мәскеудің арасында өтуі керектігін айтты.

Жиын кезінде Ауғанстандағы қазіргі ахуал да талқыланды. Өзбекстан президенті Ислам Каримов бұл елдің ШЫҰ мүшелеріне теріс әсер тигізетін «екінші Иракқа» айналу қаупі бар екенін айтты. Ресей президенті Владимир Путин «ауған мәселесін» ШЫҰ аясында талқылауға шақырса, Қазақстан президенті Ауғанстаннан халықаралық коалиция әскері шығатын тұста президенттік сайлау қорытындылары әлі анықталмағанына алаң білдірді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен кездесіп тұр. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен кездесіп тұр. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл

Ауғанстанның қызметтен кетіп бара жатқан президенті Хамид Карзай сайлау нәтижелеріне қатысты саяси дағдарыс жуырда шешіледі деп үміттенетінін жеткізіп, Кабулдың көрші елдердің көмегіне зәру екенін ескертті.

ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті сөз болған кезде Владимир Путин ортақ көлік жүйесін, Транссиб пен БАМ-ның әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынды. Путин ШЫҰ мүшелерін Кеден Одағымен тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Жиын кезінде ұсынылған халықаралық автотасымалға қолайлы жағдай тудыру туралы келісімге сәйкес Ресей де, Қытай да «Еуропа – Батыс Қытай» транспорт дәлізін дамытуға мүдделі екендерін танытты.

Қытай төрағасы Си Цзяньпинь ШЫҰ-ны кеңейту арқылы «энергетикалық клуб» құруды ұсынды. Пекин ШЫҰ аясында бірлескен экономикалық жобаларға 5 млрд юань (700 млн АҚШ долларын) бөлуге даяр екенін мәлімдеді.

ШЫҰ саммитінде талқыланған мәселелер бойынша Душанбе декларациясы қабылданды. Келесі саммит 2015 жылы Ресейдің Уфа қаласында өтетін болып келісілді. Душанбедегі саммитке ШЫҰ елдері басшыларымен бірге Иран президенті Хасан Роухани мен Ауғанстан президенті Хамид Карзай, Үндістан мен Пәкістанның, БҰҰ-ның өкілдері қатысты.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы - 2001 жылы Шанхай қаласында Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері құрған аймақтық қауіпсіздік ұйымы. Кейбір ШЫҰ мүшелері әскери салада өзара сенімді күшейтіп, шекара маңындағы әскер санын азайту туралы келісімдерге қол қойған.

XS
SM
MD
LG