Accessibility links

Жол апаты Рахмонға наразылықты күшейтті


Жол апатын жасаған бозбаланың тапанша ұстап түскен суреті.
Жол апатын жасаған бозбаланың тапанша ұстап түскен суреті.

Тәжікстанда жас жігіт жоғары жылдамдықпен басқа бір көлікті соғып, үш адам опат болды. Бозбала тәжік президенті Рахмонның туысы әрі ықпалды шенеуніктің баласы болғандықтан, оқиға халықтың үкіметке наразылығын күшейтті.

Билік басында «көкелері» бар жастардың ел астанасы Душанбе қаласында қымбат көліктерімен құйғытып жүруі үйреншікті жайтқа айналған.

«ЖЫЛДАМДЫҚ АСЫРҒАН - ШЕНЕУНІКТІҢ БАЛАСЫ»

Бірақ бұл жолы кісі қаны төгілді, әрі кінәлі адам президент отбасына жақын адамның баласы болып шықты. Президент сайлауының қарсаңында болған бұл оқиға көпшілік назарын аударды. Тәжікстандағы президент сайлауы қарашаның 6-сы күні өтеді. Оған қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмон қатысады.

Қазанның 9-ы күні, түн ішінде су жаңа BMW көлігіне мінген 16 жастағы бозбала қатты жылдамдықпен келіп, бір көлікті соққан. Соғылған машинаның жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапты. Одан бөлек, үш адам ауыр жарақат алды.

Тәжік теміржолы агенттігінің басшысы Амонулло Хукумов. Душанбе, 14 қаңтар 2009 жыл.
Тәжік теміржолы агенттігінің басшысы Амонулло Хукумов. Душанбе, 14 қаңтар 2009 жыл.
Тәжікстанның ішкі істер министрлігіндегі (ІІМ) сенімді дереккөз Азаттыққа «жылдамдық асырған автокөліктің рөлінде жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкердің баласы отырған» деген ақпаратты растады.

Жол апатын жасаған адам кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Азаттық оның аты-жөнін жариялай алмайды. Ол – Тәжік теміржолы агенттігінің басшысы, әрі ел президенті Эмомали Рахмонның жақын туысы саналатын, шағын билеуші топтың құрамына кіретін Амонулло Хукумовтың ұлы.

Үш жас жігіттің қазасы жұртты қатты ашуландырып, бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жол апатын жасаған адамның кім екені хабарланбады. Бұл жағдай халықтың ашу-ызасын күшейтіп, жұрт әділдік орнатуды президенттің өзінен талап ете басады.

Басында жол апатына қатысы бар адамдардың аты-жөндерін жариялаған полиция артынан істің әлі тергеліп жатқанын айтып, оқиғаның жай-жапсарын бүркемелеуге көшті.

«ЭЛИТАҒА АРНАЛҒАН ЖЕКЕ ЗАҢДАР БОЛМАСЫН»

Ел арасына «жол апатына кінәлі бозбала шетелге қашып кетіпті» деген сөз тарап жатқанда кейбір жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде оқиғаны егжей-тегжейлі баяндайтын мағлұматтар, соның ішінде қаза тапқан адамдардың өмірбаяндары жарияланды.

Көлік апатын жасаған бозбаланың әлеуметтік желіге жарияланған суреті.
Көлік апатын жасаған бозбаланың әлеуметтік желіге жарияланған суреті.
Осы ақпараттардың ішінде жол көлік апатын жасаған баланың еркетотай екенін көрсететін фотосуреттер де жарияланды. Бір суретінде ол көлігінің жанында тапаншасын кезеніп тұрса, енді бірінде қаруын столға қойып, қорқор тартып отыр.

Бұл суреттер Facebook және «Одноклассники» әлеуметтік желілері арқылы тарап кетті. Әлеуметтік желілердегі жазбалардан жұрттың кінәліні қатаң жазалауды талап етіп отырғанын және бұл мәселені жіті назарға алғанын байқауға болады.

Мәселен, Гүлнор есімді интернет қолданушы «Одноклассники» желісінде «Тәжікстан элитасына арналған жеке заңдар болмауы керек! Біз бұл істі полицияның қалай тергейтінін бақылаймыз!» деп жазады.

Осы желіге Diplomat TJK деген атпен тіркелген қолданушы «Тәжік заңдары тек қарапайым адамдарға арналған. Бізде әр адамға әртүрлі заң бар. Үкіметтегілерге «талтаңдасаң талтаңда» деген принциппен қарайды» дейді.

Назир Нусрат есімді қолданушы Facebook желісіне Тәжікстанның қылмыстық кодексінің тиісті бабынан үзінді жариялады. Онда «көлік апаты кезінде екі не одан да көп адамның өліміне себепкер болған азамат белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін» деп көрсетілген.

РАХМОНҒА ЖАЙСЫЗ ТИГЕН ЖАҢАЛЫҚ

Сайлауға қайта түсіп жатқан президент үшін бұл жайсыз жаңалық болды. Эмомали Рахмон бойында еш міні жоқ дара көшбасшы екенін насихаттап жатқанда, мұндай оқиғаның болуы оның имиджіне нұқсан келтірді.

Тәжікстандағы президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 14 қазан 2013 жыл.
Тәжікстандағы президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 14 қазан 2013 жыл.
Президенттік сайлауға түсіп жатқан оппозициялық кандидат Саиджафар Исмонов бұл оқиғаны «Рахмон мен тәжік үкіметіне осындай шешуші кезеңде жасалған жағымсыз сыйлық» деп сипаттады.

Жергілікті журналистер мен қарапайым халық Исмонов пен басқа да оппозициялық кандидаттарды «осы іске қатысты ойларын батыл айтуға» шақырды. Қоғамдық пікірді ескерген кейбір үкімет өкілдері оқиғаға қатысты комментарий беріп жатыр.

Мәселен, білім министрлігінің ресми өкілі Абдужаббор Әлиев «Тәжік заңдары бойынша кәмелет жасқа толмаған балаға жүргізуші куәлігі берілмейді, яғни оның көлік жүргізуге қақысы жоқ» деді. Оның айтуынша, «жауапкершілік баланың ата-анасына артылуы керек».

Әзірге Тәжікстан президенті Рахмонға тікелей кінә артып жатқандар аз, дегенмен әлеуметтік желіде президенттің айналасына деген өшпенділік өршіп барады.

«Одноклассники» сайтының Imperator есімді қолданушысы «Хукумов сияқты адамдар әлем тек солар үшін жаралғандай, өздерінен басқа адам жоқтай өмір сүреді» деп жазды. Кейбіреулер осы сайлауда Рахмонды қолдап дауыс бермеуге үндеп жатыр. Жалпы болжам бойынша, қазіргі президент сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетуі тиіс.

«Одноклассники» сайтының қолданушысы Салим Рустам «Егер олар осы жолғы сайлауда да жеңіске жетсе, онда Тәжікстанның біткені дей беріңіз» деп жазды.

Тәжікстанның оппозициялық социал-демократиялық партиясы жетекшісі Рахматилло Зоиров. Тәжікстан, 22 қыркүйек 2012 жыл.
Тәжікстанның оппозициялық социал-демократиялық партиясы жетекшісі Рахматилло Зоиров. Тәжікстан, 22 қыркүйек 2012 жыл.
Оппозиция да бұл оқиғаны өз мақсаттарына пайдаланып, элитаны сынап қалуға тырысып жатыр. «Группа 24» қозғалысы мақалалар мен фотосуреттер жариялау арқылы көлік апатын қайта-қайта елдің есіне салып отыр.

Оппозициялық социал-демократиялық партия жетекшісі Рахматилло Зоиров «Тәжікстанның тоталитарлық режимінде билік басында тамыр-танысы бар адам қылмыс жасаса да жазадан құтылып кетеді» деп мәлімдеді.

Көлік апатына деген қоғам реакциясының саяси реңк алуына қарағанда, кінәлі адамның бұдан оңай құтылмасы белгілі болып тұр.

Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG