Accessibility links

Тәліптер үкімет құрамын жариялады. Онда кім бар?


"Талибан" делегациясы ауған үкіметімен келіссөзге қатысып отыр. Доха, Катар, 12 қыркүйек 2020 жыл.
"Талибан" делегациясы ауған үкіметімен келіссөзге қатысып отыр. Доха, Катар, 12 қыркүйек 2020 жыл.

Ауғанстанда заңды үкіметті орнынан тайдырып, осыдан үш апта бұрын билікке келген "Талибан" қозғалысы жаңадан құрған үкіметінің құрамын жариялады. Ондағы негізгі адамдар кім?

Биыл 15 тамызда Ауғанстанның көп бөлігін бақылауға алған "Талибан" (Қазақстанда және басқа да елдерде террористік деп танылған) қозғалысы шетел әскері елден кеткеннен кейін Ауғанстанда жаңа теократиялық үкімет құрды.

Тәліптердің лидері, бұрынғы бас судья және әсіредіншіл молла Хибатулла Ахунзада жоғары басшы болып тағайындалды. Ол елдегі саяси, діни және әскери мәселелер жөнінде шешім қабылдайды. Бұл көрші Ирандағы қазіргі жүйені еске салатындай.

1996-2001 жылдары тәліптер режимі кезінде сыртқы істер министрі және премьер-министр орынбасары болған, "Талибанның" негізін қалағандардың бірі молла Мұхаммад Хасан Ахунд үкімет жетешісі атанды. Ол күнделікті істерді бақылайды.

Ахунзаданың үш орынбасарының бірі, "Талибанды" құруға атсалысқан молла Абдул Ғани Барадар премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

"Талибанның" жоғары шенді қайраткері, Қатардағы бейбіт келіссөз жүргізу тобына кірген Мавлави Ханафи үкімет жетекшісінің екінші орынбасары болды.

"Талибанның" рухани көсемі болған (марқұм) молла Мұхаммад Омардың ұлы молла Мұхаммад Якуб қорғаныс министрі, "Хаккани желісінің" лидері Сиражуддин Хаккани ішкі істер министрі қызметін атқарады.

Тәліптердің негізгі саяси лидерлерінің бірі, бас дипломатиялық өкіл болып жұмыс істеген Шер Мұхаммад Аббас Станекзай сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

"Талибан" үкіметі дипломатиялық және экономикалық каналдар ашуға тырысып, шетел үкіметтеріне өзін мойындатуға талпынып көреді. Бұған дейін Батыста кей елдер ашық айтпаса да, тәліптермен "қарым-қатынас" орнату ниеті барын білдіргендей болған.

Тәліптер жаңадан құрған үкіметтің құрамына енгендердің бәрі "міндетін атқарушы" деп көрсетілген.

МОЛЛА ХАСАН АХУНД

Молла Хасан Ахунд – тәліптердің ең жоғары шенді тұлғаларының бірі. 1990 жылдары қозғалыстың негізін қалағандардың қатарында болды, 1996-2001 жылдары Ауғанстанды билеген "Талибан" режимі кезінде премьер-министрдің орынбасары, сыртқы істер министрі және уәлаят губернаторы қызметтерін атқарған.

Тәліптердің "отаны" саналатын Қандағарда туған Ахунд "Талибанның" рухани лидері болған марқұм молла Мұхаммад Омардың жақын серігі болған.

Тәліптер көтерілісі кезінде Ахунд бас әскери командир болған. Тәліптердің басшылық кеңесін, тәліптердің жоғары органын (Пәкістанның оңтүстік батысындағы Кветта қаласында орналасқан) басқарған.

2001 жылы АҚШ тәліптер режимін құлатқан соң Ахунд Біріккен Ұлттар Ұйымының террористер тізіміне енген. БҰҰ оны "тәліптердің ең мықты командирлерінің бірі" деп сипаттайды. Оның қай жылы туғаны жөнінде нақты дерек жоқ, шамамен 1955-1958 жылдар аралығында дүниеге келгені айтылады.

Ауғанстандық тәуелсіз сарапшы Ибрахим Бахисстің сөзінше, Ахундтың тәжірибесі мен беделін ескерсек, оның үкімет басшысы болып тағайындалуы "тың жаңалық" болмаған.

МОЛЛА БАРАДАР

"Талибан" ардагері, исламистік топ атынан сөйлеп жүрген Абдул Ғани Барадар – қозғалыстың ең танымал мүшесі.

Молла Абдул Ғани Барадар (алдыңғы қатарда) бейбітшілік жөніндегі келіссөздерден шығып келеді. Мәскеу, 30 мамыр 2019 жыл.
Молла Абдул Ғани Барадар (алдыңғы қатарда) бейбітшілік жөніндегі келіссөздерден шығып келеді. Мәскеу, 30 мамыр 2019 жыл.

53 жастағы Барадар молла Омардың кезінде тәліптер командирінің орынбасары болып, 2010 жылы Пәкістанда қамауға алынғанға дейін Ауғанстандағы әскери операцияларды басқарған.

Барадар тәліптер мен ауған үкіметі арасында келіссөз жүргізуге жәрдемдескен, мұны жасауға Пәкістанның мақұлдауын алмаған. "Талибанның" негізгі демеушісі Пәкістан оны осы үшін қамаған.

Барадар Пәкістан түрмесінде сегіз жыл отырды. 2001 жылы Ауғанстанға шетел әскері кірген соң, "Талибан" мүшелерінің көбі сол жаққа қашқан.

Ол 2018 жылы тәліптер мен Вашингтон келіссөз жүргізе бастағанда АҚШ-тың сұрауы бойынша түрмеден шығып, тәліптердің Қатардағы бас кеңсесінің басшысы және негізгі келіссөз жүргізушісі болды.

2020 жылғы ақпанда Барадар АҚШ-тың Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі Залмай Халилзадпен Доха келісіміне қол қойды.

"Барадар "Талибан" басшылығы мен дипломатиясындағы негізгі адам болды" дейді Ауғанстанға арналған зерттеулер авторы, Брюссельдегі International Crisis Group (ICG) талдау орталығының кеңесшісі Грэм Смит.

Сарапшы "Талибанның" белгілі бір лидеріне жеке назар аудару қате болады дейді.

– "Талибан" басшылығы кез келген басқа ұйымдағы вертикалды иерархияға қарағанда анағұрлым бірлескен. Жетекшілер ғана емес, топ ішіндегі кеңестер де өзара ақылдасып отырады, – дейді Смит.

Ауғанстанның оңтүстігіндегі Урузган уәлаятында дүниеге келген Барадар пуштун халқының попалзай руынан шыққан. "Талибан" жетекшілерінің көбі – осы оңтүстік пуштундары. Молла Омармен жақын байланысынан кейін оны жұрт "Барадар" немесе "аға" деп атап кеткен.

МОЛЛА ЯКУБ

Молла Мұхаммад Якубты 2015 жылы тәліптер содан екі жыл бұрын Пәкістанда қаза тапқан молла Омардың өлімін мойындағанға дейін ешкім танымайтын.

Содан бері Якуб тәліптер арасында тез көтерілді. Әке орнын басу ниеті жүзеге аспаған соң ол лидер орынбасары және әскери қолбасшы болып, билігін нығайтты.

Осы суреттегі кісі тәліптердің лидері молла Мохаммад Омар саналады.
Осы суреттегі кісі тәліптердің лидері молла Мохаммад Омар саналады.

30 жас шамасындағы Мұхаммад Якуб әскери тәжірибесінің жоғына қарамастан, 13 оңтүстік және батыстағы 13 уәлаятта әскери операцияларды басқарды. Ол Пәкістандағы бірнеше исламистік семинарияны бітірген.

Сарапшылардың пікірінше, молла Омардың тұңғышы деген мәртебесі оның дала командирлері мен содырлар арасындағы беделін өсіре түскен.

"Молла Омар харизмасы бар лидер болды. Тәліптер оны ғана емес, оның отбасын, жақындарын, серіктерін де құрметтейді. Олардың көбі лауазымды орынға тағайындалған" дейді Кабулдағы Afghanistan Analysts Network тәуелсіз талдау орталығы сарапшысы Обейд Әли.

СИРАЖУДДИН ХАККАНИ

"Талибан" лидерінің орынбасары Сиражуддин Хаккани солтүстік пен шығыстағы 21 уәлаяттағы операцияларды басқарады. Ол – "Талибанның" ең қуатты бөлімі саналатын "Хаккани желісінің" басшысы. Террористік ұйым деп танылған бұл топ АҚШ-тың қара тізіміне енген.

Сарапшылар осы топ "Әл-Қаидамен" және Пәкістанның әскери билігімен тығыз байланыс орнатқанын айтады. Көп ел Пәкістанды тәліптерге материалдық көмек көрсетіп, жасыратыны үшін айыптап келеді.

Пәкістанның солтүстік-батысындағы топты бейбіт тұрғындарға, ауғандар мен шетел әскеріне жойқын шабуыл жасады деп айыптайды. Қалалардағы шабуылда жанкешті лаңкестерді пайдаланған.

Хаккани – 1980 жылдары совет әскеріне қарсы соғыста негізгі қолбасшылардың бірі болған радикал исламистік лидер Жалалуддин Хакканидің ұлы.

АҚШ билігі кіші Хакканидің басына 10 миллион доллар тіккен.

ШЕР МҰХАММАД АББАС СТАНЕКЗАЙ

Станекзай тәліптердің Қатардағы саяси кеңсесінде Барадардың орынбасары болған.

Шер Мохаммад Аббас Станекзай Мәскеудегі келіссөзден кейін журналистермен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 2019 жылдың мамыры.
Шер Мохаммад Аббас Станекзай Мәскеудегі келіссөзден кейін журналистермен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 2019 жылдың мамыры.

Станекзай 1980 жылдары Үнідстанда әскери мектеп бітіріп, АҚШ қолдау көрсеткен мұжахедтер тобына қосылған. Бұл топ Ауғанстандағы он жылдық оккупация кезінде совет әскерімен соғысқан.

1996 жылы тәліптер төрт жылға созылған азамат соғысынан кейін Ауғанстанның көп бөлігін бақылауға алғанда Станекзай сыртқы істер министрінің орынбасары болған.

Ағылшынша еркін сөйлейтін ол "Талибанның "саяси қанатының негізгі лидері әрі шетел дипломаттары және бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлесетін өкілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG