Accessibility links

Сабыр Рахимовтің ескерткішін орнына қайтармақ


Ташкенттегі генерал Сабыр Рахимовтің ескерткіші. (Ескерткіш алынғанға дейін түсірілген сурет.)
Ташкенттегі генерал Сабыр Рахимовтің ескерткіші. (Ескерткіш алынғанға дейін түсірілген сурет.)

Ташкент қаласында Совет одағының батыры генерал Сабыр Рахимовтің ескерткіші бұрынғы алынған орнына қайта қойылатын болды. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мәлімдеген.

Мамырдың 2-і күні Наманган облысына сапары кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Совет одағының батыры генерал Сабыр Рахимовтің ескерткіші Ташкент қаласының орталығындағы бұрынғы орнына қайтарылып, "тарихи әділет қалпына келтірілетіні" туралы мәлімдеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде "темір генерал" деген лақап атқа ие болған, майдандағы ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған Сабыр Рахимов 1945 жылы наурызда Еуропадағы соғыстың аяқталуына бірнеше апта қалғанда Данцигте (қазіргі Гданьск, Польша) қаза тапқан. Оның сүйегі Ташкент қаласында жерленген.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 20 жыл өткенде, 1965 жылы мамырда совет үкіметі марқұм генерал Сабыр Рахимовке Совет одағының батыры атағын берген.

Советтік Өзбекстанда Сабыр Рахимовтің есімі өзбектен шыққан батыр генерал деп дәріптелетін.

1981 жылы Ташкенттің орталығында биіктігі екі метр тұғырға Сабыр Рахимовтің төрт метрлік ескерткіші орнатылған. Сонымен бірге даңқты генералдың есімі Ташкент метросының станциясына, осы қаланың бір ауданына берілген болатын.

Генерал Сабыр Рахимовтің ескерткішін бұзып жатқан техника. Ташкент, қаңтар, 2011 жыл
Генерал Сабыр Рахимовтің ескерткішін бұзып жатқан техника. Ташкент, қаңтар, 2011 жыл

Совет Одағы тарағаннан кейін, Өзбекстанда тұңғыш президент Ислам Каримовтің тұсында коммунистік билік заманындағы мұралардан арылу науқаны жүргізілген.

2010 жылы Ташкенттегі Сабыр Рахимов атындағы метро бекетінің атауы "Олмазор" (өзбек тілінде – "Алма бағы"), Сабыр Рахимов ауданы "Олмазор" ауданы болып өзгертілген. 2011 жылғы қаңтарда Рахимовтің Ташкенттегі ескерткіші орнынан алынып, қаланың шеткірек жағына көшірілген еді.

Оқи отырыңыз: Ташкент метросы генерал Рахимовтің есімімен аталмайтын болды

Өзбекстанда Сабыр Рахимовтің есімі берілген бұдан басқа біраз нысанның, Ташкент, Самарқан мен Үргеніштегі көшелердің, Ұлттық университетке қарайтын академиялық лицейдің, Ташкенттегі мектептердің атауы өзгертілген. Өзбекстан үкіметі генерал Сабыр Рахимовтің аты тарих беттерінен неге өшіріліп жатқаны туралы түсіндірген емес. Кей сарапшылардың пікірінше, президент Ислам Каримов жүргізген антисоветтік саясаттың ықпалымен сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың барлығы "идеологиялық қуғынға" ұшыраған.

Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев бұрынғы билік тұсында алынған кей ескерткіштерді қайта қалпына келтіріп жатыр. Мысалы, өткен айда Мирзияев екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Өзбекстанға эвакуацияланған әртүрлі ұлттың 15 жетім баласын асырап алған өзбек ұстасы Шаахмед Шамахмудовтың отбасына совет заманында Ташкенттің орталығына қойылып, Каримов билігі кезінде қаланың шет жағына көшірілген ескерткішті бұрынғы орнына қайтаруға пәрмен берген.

Ташкентте "Халықтар достығы" ескерткіші бұрынғы орнына қайтарылды:

Ташкент тұрғындары "Халықтар достығы" ескерткішін қайта қойғызды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

Генерал Сабыр Рахимовтің есімі Қазақстанда құрметпен аталады. Ресми құжаттарда ұлты өзбек деп көрсетілгенімен, Қазақстанда оны этникалық қазақ деп білетіндер бар. Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатқа Сабыр Рахимовтің есімі берілген. 2004 жылы мектептің алдына оның биік ескерткіші орнатылған. Алматы, Шымкент пен Тараз қалаларында Сабыр Рахимов атындағы көшелер бар.

XS
SM
MD
LG