Accessibility links

Каримовтің мүсінін одан жапа шеккен шебер сомдамақ


Өзбекстандық мүсінші Илхом Жаббаров.
Өзбекстандық мүсінші Илхом Жаббаров.

Өзбекстан билігі елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ескерткішін сомдауды кезінде оның қырына іліккен мүсінші Илхом Жаббаровқа тапсырып отыр.

КӘРІМОВТІҢ КӘРІНЕ ІЛІГУ

Ташкент облысының тумасы, 72 жастағы Илхом Жаббаров Өзбекстанға танымал мүсінші. Бұған дейін Ташкент пен Самарқандағы Әмір Темір ескерткіштерін, Ташкенттегі Тәуелсіздік монументіндегі "Бақытты ана" және екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған мәңгілік алау басындағы "Қасіретті ана" ескерткіштерін сомдаған өнерпаздың қабылеті мен шеберлігіне ел ішінде жоғары баға берілген.

Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар қалаларда Илхом Жаббаров сомдаған бірнеше ескерткіш жаңадан орнатылғанын ескерсек, елдің тұңғыш президенті де мүсіншінің өнерін жоғары бағалаған деуге болады. Бірақ Каримов кейінгі жылдары өнер туындыларына қатысты өзімен келіспей қалған Жаббаровты қырына алған еді. Тіпті соның кесірінен Ташкенттен жыраққа кетуге мәжбүр болған адамның қазір енді марқұм президенттің мүсінін жасауының өзі тағдыр тәлкегі тәрізді.

Ташкент қаласындағы Әмір Темір ескерткіші. Авторы – Илхом Жаббаров.
Ташкент қаласындағы Әмір Темір ескерткіші. Авторы – Илхом Жаббаров.

Каримов пен Жаббаров арасындағы келіспеушілікке де ескерткіштер себеп болған. Жаббаров 13-ғасырда өмір сүрген Хорезмнің соңғы билеушісі Жалал әд-Дин шахтың салт атты бейнесін сомдамақ болған. Бірақ Каримов 14-ғасырда Темуридтер империясының негізін қалаған Әмір Темір (Каримов оны "өзбек халқының атасы" деп атаған) ғана атқа отыруға лайық деп санаған. Ақыры президенттің сөзінен аса алмаған мүсінші Дин шахтың мүсінін Каримов қалағандай етіп сомдап, ескерткіш Үргеніш қаласында орнатылған.

Төрт жыл бұрын Ислам Каримов Өзбекстан қорғаушылары – сарбаздарға ескерткіш қоюды бұйырды және монументте Өзбекстанның түрлі-түсті туы болуын талап етті. Автократ президенттің бұл жарлығына көнбеген Жаббаровтың басына қара бұлт төнді. Шамалы уақыттың ішінде ол көлігінен, баспанасынан айрылды, бәз біреулер тіпті енді оны түрмеге қамайтын шығар деп жорамалдаған. Мүсіншінің елге жайылған атақ-даңқы ықпал етті ме, әйтеуір темір торға түсуден аман қалған. Бірақ ол Ташкенттен кетуге мәжбүр болды. Астанадан жырақ аймаққа, тауға кетіп, ара өсірумен айналысқан Илхом Жаббаров өткен жылдың қыркүйек айында Ислам Каримов қайтыс болғанша сонда болған.

КОНКУРС ЖЕҢІМПАЗЫ

Өзбекстанда тұңғыш президенттің мүсінін сомдауға жарияланған конкурсқа ұсынылған 58 мүсіншінің жұмыстары арасынан іріктеу комиссиясы Илхом Жаббаровтың жобасын жеңімпаз деп таныған. Конкурсқа Өзбекстанмен бірге Оңтүстік Корея, Украина, Түркіменстан, Германия, Италия мен Австралия мүсіншілері де қатысқан.

Ташкент қаласында Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовке орнатылатын ескерткішке іріктеу комиссиясы таңдап алған мүсін. Авторы – Илхом Жаббаров.
Ташкент қаласында Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовке орнатылатын ескерткішке іріктеу комиссиясы таңдап алған мүсін. Авторы – Илхом Жаббаров.

Іріктеу комиссиясы жөнінде ақпарат аз, тек оған бұрын вице-премьер болған, ал қазір үкімет басында отырған Абдулла Арипов жетекшілік еткені мәлім. Ол бұған дейін, 2002-2012 жылдары Өзбекстанның ақпараттық жүйелер және телекоммуникация саласын басқарған. Ислам Каримов үлкен қызы Гүлнара шетелдік телекоммуникациялық компанияларға қатысты дауға қалғанда Ариповты қызметінен алып тастаған.

Оқыңыз: Каримов қызының Еуропада қалған ақшасы

Бұрынғы президент Каримовтің ізбасары Шавкат Мирзияев Абдулла Ариповты қайтадан жоғары билікке әкеліп, елдің премьер-министрі етіп тағайындаған. Осылайша Өзбекстан тұңғыш президенті қызметтен қуған адам Ислам Каримовтің мүсінін сомдауды кезінде одан жапа шеккен Илхом Жаббаровқа жүктеуге ықпал етті.

XS
SM
MD
LG