Accessibility links

Туризмді дамытуды мақсат еткен Өзбекстан ЮНЕСКО тізіміне енген ортағасырлық Шахрисабз қаласының тарихи орталығын бүлдіріп тастаған. Енді ЮНЕСКО шаһарды тізімнен шығарып тастау жайын қарастырып жатыр.

Тарихи шаһарды көруге келетін туристерді көбейтуді көздеген Өзбекстан табыс әкеледі деген қаланы бүлдіріп тастаған.

Мемлекеттің туризмді дамыту бағдарламасы бойынша Шахрисабз қаласының 70 гектар жері тегістелген. Екі километрге созылатын бұл телім ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы тізіміне енген, өйткені бұл аумақта ортағасырлық тұрғын үйлер болған.

Ол үйлерді күреп тастағаннан кейін бұл тарихи қала өзінің айрықша мәртебесінен айрылып қалуы мүмкін. Өзбекстан үкіметі Шахрисабздегі "абаттандыру" жұмыстарын марқұм президент Ислам Каримовтің тұсында, 2014 жылы бастады.

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізімінде тұрған екі тарихи «махалла» орнына үлкен бульвар, көлік тұрағы мен кең алаң салынды. БҰҰ агенттігі оны сынап, «туристерге арналған дүңгіршегі бар заманауи тақырыптық саябақ» деп атады. 1991 жылы тәуелсіздігін алған Өзбекстан бай тарихына сүйене отырып, ұлттық болмысын жарнамалауға ұмтылып жатыр.

Каримов үкіметі 1996 жылы аумаққа 14-ғасырдағы билеуші, Темір династиясының негізін салушы Әмір Темірдің үлкен ескерткішін тұрғызды. ЮНЕСКО Өзбекстанның бұл әрекетін де сынаған еді.

ШАХРИСАБЗДІҢ ТАРИХИ ОРТАЛЫҒЫ

Әмір Темір осы Шахрисабз шаһарының маңында дүниеге келген. Мұнда сақталып қалған ең көне жәдігерлер – Ақсарай қақпасының мұнаралары мен «Дорус-Соадат» (Күш пен қуат) кесенесін тұрғызған. Бұл кесенеге Әмір Темірдің үлкен ұлы Жаһангер жерленген. Әлемдік мұра саналатын осы екі ескерткіш қазір әлгі «заманауи саябақтың» ішінде тұр.

Шахрисабз қаласының бір бөлігі.
Шахрисабз қаласының бір бөлігі.

Шахрисабздегі ЮНЕСКО тізіміндегі ортағасырлық үйлер Темірдің жаңадан салынған алып мүсінін туристер бір километр қашықтықтан көру үшін күреліп тасталса керек. Шахрисабз аумағына туристік қонақүйлер салу жоспары да бар.

ЮНЕСКО 2016 жылдың шілдесінде Ташкенттен бұл жұмысты тоқтатуды сұрады. Бірақ билік ежелгі мұраға зақым келтіріп үлгерген еді. Туризмді дамыту жоспары бойынша ортағасырлық үйлер орналасқан ежелгі көшелер күреліп кеткен. ЮНЕСКО қорғауға алған көне кәріз жүйесі мен алаңдар да тегістеліп тасталған.

Қаланың әлемдік мәдениетке қосатын үлесі «жойылу алдында тұрғанын» ескерген ЮНЕСКО Шахрисабздің дүниежүзілік мұра мәртебесін алып тастау мәселесін қарастырып жатыр. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра орталығының Азия-Тынық мұхит бөлімінің басшысы Фэн Цзин «Өзбекстан үкіметінің қазіргі абаттандыру жұмыстары Шахрисабздің тарихи құндылығын жойды ма?» деген мәселеге алаңдайтынын айтады.

ЮНЕСКО бақылаушылары бұған дейін қаланың тарихи орталығындағы «шынайылық пен тұтастықтың» жұрнағы да қалмағанын мәлімдеген еді. Цзин Азаттық тілшісіне «Туризмді дамыту жоспарын жасағанда мәдени мұраға келуі мүмкін зардаптар ескерілмеген. Соның кесірінен шаһардың орта ғасырлардағы қалпы өзгеріп кетті» дейді.

Цзиннің айтуынша, Шахрисабз қаласының тарихи орталығы 2000 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне «қалалық өмір сүру салты бар ортағасырлық шаһар» ретінде кірген. ЮНЕСКО сарапшылары 2000 жылы қаланың орталық бөлігін «Самарқан пен Бұқараға ұқсас» деп сипаттаған болатын.

Шахрисабз қаласындағы Көк күмбез мешіті.
Шахрисабз қаласындағы Көк күмбез мешіті.

Олар Шахризабздегі ескерткіштер мен «дәстүрлі үйлерді» Темір империясының астаналары – Самарқан пен Гераттағы мұралармен салыстырады. Цзин «Бұл жерде нағыз ортағасырлық қала ландшафты сақталған еді, қаланың тарихи орталығында махаллалар тұрған болатын» деп күйінеді. Оның айтуынша, «жеті махалланың екеуі толық жойылған».

ЮНЕСКО өкілдері «туризмді дамыту бағдарламасын» тоқтатудан, басқа махаллаларды сақтап қалу үшін келіссөз жүргізуден үміттенеді. 2016 жылдың наурыз және желтоқсан айларында ЮНЕСКО бақылаушылары Шахрисабзге келіп, қаланың қазіргі қалпын көріп қайтты.

Енді осы топ өкілдері мамырдың 19-ы күні ЮНЕСКО комитетінде баяндама жасайды. Мұнда айтылған пікірлер шілдеде Краков қаласында өтетін комитеттің жыл сайынғы отырысы кезінде дауыс беруге ықпал етпек. Комитет мүшелері «Шахрисабздің дүниежүзілік мұра мәртебесін алып тастасақ, қалған мәдени құндылықтар да жойылып кетпей ме?» деген сұраққа жауап іздейді.

«БҮЛДІРІП ТАСТАҒАН»

Цзин «Дүниежүзілік мұра нысаны болғандықтан, тиісті конвенция аясында ерекше талаптар қойылады. Тарихи орынның құндылығын сақтап қалу үшін жауапты мекемелер және мемлекеттік органдармен байланыс жасап отырамыз, солар арқылы келген ақпаратты тексеріп, залал мөлшерін анықтаймыз» дейді.

Дүниежүзілік мұра комитеті үкіметтің ЮНЕСКО-ның шұғыл талаптарын орындауға деген ынтасын да есепке алады. Мысалы, үкімет дүниежүзілік мұра ескерткіштерін қорғау туралы заң шығарып, Шахрисабздегі туризмді дамыту бағдарламасының кемшіліктерін қайталамау шараларын да жасауы керек.

Шахрисабздегі Ақсарай қақпасының мұнаралары және оның алдында жаңадан салынған Әмір Темір ескерткіші.
Шахрисабздегі Ақсарай қақпасының мұнаралары және оның алдында жаңадан салынған Әмір Темір ескерткіші.

Осы мақсатта Шахрисабздің дүниежүзілік мұрасын күзету және басқару үшін арнайы агенттік пен мемлекеттік ғылыми орталық құру қажет. БҰҰ агенттігінің пікірінше, «махаллалардың бәрін сақтау және қалпына келтіру үшін дәстүрлі білім мен басқарудың барлық әдістерін қолдану керек».

Өзбекстанның мәдениет және спорт министрлігіндегі бір тарихшы Шахрисабздің әлемдік мұра тізімінде қалу мүмкіндігі аз екенін айтады. Аты-жөнін көрсетуді қаламаған шенеунік Азаттыққа бақылаушылар келіп кеткен соң Өзбекстан ЮНЕСКО-дан «екі ескерту» алғанын баяндады.

Оның айтуынша, ЮНЕСКО сарапшылары үкіметтің туризмді дамыту бағдарламасының тарихи қалаға 2014-2016 жылдары «түбегейлі зардаптар» тигізгенін ескерткен. Үкімет Шахрисабздің ортағасырлық махаллаларын жоюмен шектелмепті.

14 және 15-ғасыр ескерткіштері «асығыс қалпына келтірілген», бірақ «қалпына келтіру» кезінде «жарамсыз материалдар қолданылған және табиғатты қорғаудың халықаралық әдістері сақталмаған». Жұмысты тездету үшін тегістеу құралдарын қолданған құрылысшылар орта ғасырлардағы кірпіш қалау үлгілерін көрсететін үйлерді бүлдіріп тастаған.

14-ғасырда салынған «Дорус-соадат», ортағасырлық моншалар мен 15-ғасырда тұрғызылған Көк күмбез мешіті және 18-ғасырдағы Чорсу базарын жөндеу кезінде ауыр техникалар қолданылған.

ЮНЕСКО бақылаушылары Көк күмбез мешіті мен басқа да ғимараттарға жаңадан күмбез қосылғанын, бірақ олардың түпнұсқаға сай келетін не келмейтіні тексерілмегенін айтады.

Шахрисабз қаласындағы құрылыс жұмыстары.
Шахрисабз қаласындағы құрылыс жұмыстары.

Ташкенттегі саяси сарапшы Акмал Ризаев «Шахрисабздің қорғауға алынған нысандары қазір Диснейдің «Аладдин» мультфильміндегі жасанды ескерткіштерге ұқсап қалды» дейді. Ал Өзбекстан үкіметі Шахрисабздің қорғаныс дуалдарын қалпына келтіру кезінде тарихи және археологиялық зерттеулерді қоса жүргізгенін айтады. Бірақ ЮНЕСКО қанша талап етсе де, шенеуніктер археологиялық зерттеулер жүргізгенін растайтын дәлелдер келтіре алмаған. Өзбекстан архитекторлар одағы мүшесі Азаттық тілшісіне «Шахрисабздің тарихи орталығы жойылғанын» хабарлап, «себебі олардың бәрі Каримов үкіметіне қарайтын бизнесмендер мен мердігерлердің қолына өтті» деді.

Аты-жөнін атауды қаламаған бір архитектор «Бұл елде құрылыс жұмыстарына қарағанда ғимаратты бұзу жұмыстары қымбат тұрады. Өзбекстанның тарихи қалаларында жүргізіліп жатқан барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарын тоқтату керек» деді.

Бірақ олай болуы екіталай сияқты. Каримов дүние салған соң билікке келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев «туризмді дамытуға тың серпін беретінін» мәлімдеді.

Орталық Азиядағы Жібек жолы мұраларын қорғау және тұрақты туризм жөніндегі тәуелсіз сарапшы Исса Торрес Азаттыққа «Шахрисабздің тағдыры туризмді дамытушыларға сабақ болуы керек. Өзбекстанның дамуын жоспарлаушылар тұтас картинаны сақтауға ұмтылуы тиіс еді. Турист бір орынға келгенде, оқшау тұрған ескерткіш немесе тарихи ғимаратты көргісі келмейді» дейді. Оның сөзіне қарағанда, «туризмді дамытқанда тарихи орынға келу, тарихи көшелерде серуендеу, орта ғасырлар атмосферасын сезіну, жергілікті тұрғындармен араласу, олардың мәдениетін түсіну, тағамдарын жеп көру немесе жергілікті азық-түлікті сатып алу мәселелері тұтас қамтылуы керек».

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG