Accessibility links

Назарбаеваның Ясауи басындағы тіл жайлы ескертуі ескерілмек


"Әзірет Сұлтан" қорық-музейіндегі жазу. Түркістан.
"Әзірет Сұлтан" қорық-музейіндегі жазу. Түркістан.

Вице-премьер Дариға Назарбаеваның музейдегі мәтіндерді орыс тілінде де жазу туралы ұсынысы әлеуметтік желіде дау тудырды. Ол барып қайтқан "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі бұл жайлы ресми нұсқау алмағандарын айтады.

Қазақстан вице-премьері, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның тамыздың 23-інде Түркістан қаласында айтқан сөзі әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Ондағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ел премьері Кәрім Мәсімов бастаған үкімет мүшелері қатарында жергілікті жұртпен кездескен Назарбаева Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне барғанын айта келе:

"Әзірет Сұлтан" музейіндегі жазулардың бірі. Түркістан.
"Әзірет Сұлтан" музейіндегі жазулардың бірі. Түркістан.

– Түркістан қаласы Қазақстанның туризм жағынан нағыз жүрегі деп айтуға болады. Бұл жерге барлық жақтан, жақын, алыс мемлекеттерден туристер келеді. Кесенелердің тарихы барлық жерде қазақ тілінде ғана жазылған. Сонда орыстар келмесін дейсіздер ме? Алыс шетелдерден қонақтар келмесін дейсіздер ме? Дұрыс емес оларыңыз. Қазір туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар, – деген.

Елдегі бірқатар ақпарат құралдары Дариға Назарбаеваның қазақ тілінде айтқан бұл сөзіндегі «Сонда орыстар келмесін дейсіздер ме?» деген сөйлемді орысшаға «Вы что, не признаете русских?» деп аударып, әлеуметтік желілердегі кейбір қолданушылар вице-премьерге наразы болған. Кейбір желі қолданушылары «жергілікті шенеуніктер Қожа Ахмет Ясауи қорық-мұражайындағы жазуларды қазірдің өзінде орыс тілінде де жазуға тапсырма берген болар» деген болжам айтқан.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00
Жүктеп алу

«РЕСМИ НҰСҚАУ КЕЛГЕН ЖОҚ»

Вице-премьер сөз еткен кесенеге жауапты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директорының орынбасары Ғалымжан Садықов ондағы түсініктеме мәтіндердің орысша нұсқасын да жазу туралы ресми тапсырма түспегенін, бірақ бұл пікірді ескеретіндерін айтады.

– Орыс тілінде де жазу үшін қаражат қарастырып, содан соң тендер өткізуге тиіспіз. Оған дейін жеңіл-желпі материалдардың орысша нұсқасын өз күшімізбен әзірлей береміз, – дейді ол.

"Әзірет Сұлтан" музейінде ілініп тұрған президент Назарбаевтың суреті. Түркістан. 8 шілде, 2016 жыл.
"Әзірет Сұлтан" музейінде ілініп тұрған президент Назарбаевтың суреті. Түркістан. 8 шілде, 2016 жыл.

Ғалымжан Садықовтың сөзінше, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі түсініктеме мәтіндер мен көрсеткіштер негізінен қазақ және ағылшын тілінде жазылған.

– ЮНЕСКО талабы бойынша халықаралық тіл ретінде ағылшын тілі музейдегі түсініктеме мәтіндерге пайдаланылған. Музейге Еуропадан келетіндердің көбі ағылшынша біледі. Ресейден, басқа ТМД елдеріне келушілер де бар. Қазақ, ағылшын, орыс, қытай және түрік тілдерінде қызмет көрсететін гидтеріміз оларға да қызмет көрсете алады. Сондықтан әзірге келушілер тіл мәселесінен қиындық көрген жоқ, – дейді ол.

«ҚАНША ТІЛДЕ ЖАЗЫЛАТЫНЫ ЗАҢДА КӨРСЕТІЛМЕГЕН»

Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті этнология, археология және музей кафедрасының қызметкері Тәттігүл Қартаева Қожа Ахмет Яcауи кесенесіндегі түсініктеме мәтіндерді қазақ және ағылшын тілінде жазуы заңға қайшы емес деп біледі.

– Өйткені мәдениет туралы заңда ондай талап жоқ. Дегенмен сырт жерден келушілері көп болғандықтан ол музейде де үш тілде жазса артық етпейді. Бұл мәселені жергілікті басшылық өзі шешеді немесе мәдениет және спорт министрлігі бекіткен нұсқаулық бойынша реттеледі, – дейді ол.

Оның айтуынша, республиканың ірі қалаларындағы музейлердің көбі ақпаратты үш тілде – қазақ пен орыс және ағылшын тілдерінде жазады.

"Әзірет Сұлтан" музейіндегі жазу. Түркістан.
"Әзірет Сұлтан" музейіндегі жазу. Түркістан.

Алматыдағы Орталық музей қызметкері Бабақұмар Қинаятұлы да «музей ақпаратты көбірек тарату үшін түсініктеме мәтіндер мен көрсеткіштер үш тілде жазса да болады» деген пікірді қоштайды. Бірақ ол музейге арналған нұсқаулықта бұл мәселе анық көрсетілмегенін айтады.

– Бұл мәселе мемлекеттің мәдени саясатына, қазіргі қазақ қоғамындағы тілдік жағдайға байланысты. Қазақша білмейтіндер әлі де көп. Жергілікті тұрғындар қазақ болғанымен, қонақтар қазақша білмейді. Мысалы, Еуропа музейлері қай елден туристер көп келсе, сол елдің тілінде мағлұмат жазып қоюға тырысады, – дейді ол.

Азаттық тілшісі бұл мәселе бойынша мәдениет және спорт министрлігінің мұражай және кітапхана басқармасынан да сұрап көрді. Басқарманың аты-жөнін атамауды өтінген қызметкерлерінің бірі: «Музейдің түсініктеме мәтіндері қанша тілде жазылуы тиістігі туралы ешқандай нормативтік актілерде немесе бұйрықтарда жазылмаған – мұны музейлердің өздері шешеді» деп жауап берді.

XS
SM
MD
LG