Accessibility links

«Универсиада-2013»: жеңімпаз бен сынған медаль


Қазандағы универсиаданың жабылу салтанаты. 17 шілде 2013 жыл
Қазандағы универсиаданың жабылу салтанаты. 17 шілде 2013 жыл

Қазан қаласында өткен студенттердің жазғы универсиадасында Қазақстан спортшылары 30 медаль ұтты. Жарысты ұйымдастырушы Ресей жеңімпаз атанса да, медаль сапасы үшін сынға ілікті.

Татарстанның астанасы Қазанда спорттың 27 түрінен өткен универсиадада 162 елден 10 мыңнан астам жас спортшы сайысқа түсті.

Қазақстан 27 рет ұйымдастырылған бүкіләлемдік студенттер жарысына спорттың 14 түрінен 184 спортшы жіберген. 30 медаль (үш алтын, 11 күміс, 16 қола) алған қазақстандықтар жалпы командалық есепте 19-орынға жетті. Бұдан бұрынғы универсиадада, Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен жарыста Қазақстан 45-орын иеленген еді.

Стенд атудан универсиаданың қола жүлдегері Жәния Айдарханова Азаттыққа жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

- Қазандағы жарыс өте керемет өтті. Кішігірім олимпиада деуге болады. Ашылу салтанатына қатыстым. Ол да ұнады. Универсиада ауылында спортшыларға барлық жағдай жасалған. Жарыста жанкүйерлер де көп болды. Волонтерлар күндіз түні жұмыс жасады. Жаттығу залы да таңға дейін ашық, қай уақытта барып жаттығамын десең де өзің білесің. Мәдени шаралар да көп ұйымдастырылды, - деді спортшы.
Жәния Айдарханова, стенд атудан Қазанда өткен жазғы универсиаданың қола жүлдегері (Сурет жеке мұрағаттан алынды)
Жәния Айдарханова, стенд атудан Қазанда өткен жазғы универсиаданың қола жүлдегері (Сурет жеке мұрағаттан алынды)

Қазақстандықтардың Қазанда ұтқан медальдарының көбі (20) бокс, ауыр атлетика, әртүрлі күрес түрлеріне тиесілі. Универсиадада қазақстандық жеңіл атлеттер, мергендер, семсерлесушілер, байдарка мен каноэда жүзушілер де көзге түсті.

Бұл универсиадада ең көп медаль алған – жарысты ұйымдастырушы Ресей. Ресейліктер ұтқан 292 медальдің 155-і – алтын, 75-і – күміс, 62-сі – қола. Мұнша медельді бір елдің ұтуы – бүкіл универсиадалар тарихындағы рекорд.

Ақпарат құралдары медальдардың саны емес, сапасы жайлы да көп жазды.

68 килограмм салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен Азамат Лайпанов баспасөз мәслихатына бара жатқанда алтын медалін түсіріп алып еді, ол қақ бөлінді. Қытай спортшысы Тян Циннің қола медалы да осылай сынып қалды. Бұған спортшылар да, жанкүйерлер де наразы болды.
Қазандағы универсиадаға қатысушы самбошылар. 16 шілде 2013 жыл
Қазандағы универсиадаға қатысушы самбошылар. 16 шілде 2013 жыл

10 шілдеде Қазанға «Гознак» мекемесінің сарапшылары барып, 3014 медальдің сапасын тексеріп көрді. Медальді жасаған Санкт-Петербург ақша сарайы өкілдерінің айтуынша, гәп медальдің күрделі құрылысында – оның ішкі және сыртқы шеңберлерін жалғап тұрған тұсы үзіліп кеткен. Ресми дерек көздерінің айтуынша, мыс пен никельдің құймасынан жасалған медаль алты грамм алтын, күміс не қоламен қапталған, шеңберлері қолдан жасалған.

Келесі универсиада 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өтпекші. Кванджу қаласының мэрі Кан Ун-Тэ Татарстандағы универсиаданың жабылу салтанаты кезінде келесі жарыста Оңтүстік және Солтүстік Кореяның жас спортшылары бір құрама болып қатысатынын мәлім етті.
XS
SM
MD
LG