Аятолла Әли Хаменеи дәуренінің аяқталуы
Иран ислам республикасын 40 жылға жуық басқарған, рухани көсем атанған аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған әуе шабуылынан 86 жасында қаза тапты.
Жақтастары "парасатты басшы" деп мақтаған, ал сын айтушылар "қатыгез диктатор" деп атаған Хаменеи дінбасылар билігіне сүйенген клерикал режимнің ірі өкілі ретінде есте қалмақ. 1979 жылғы ислам революциясы нәтижесінде Иран ислам республикасының негізін қалап, елді он жыл билеген аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болған соң, 1989 жылы Хаменеи тақуа әрі өз ісіне берілген деген атағы арқасында жоғары көсем лауазымын иеленген.
Хаменеидің өз халқына қатыгездікпен күш қолдануы, оппозиция өкілдерін түрмеге тоғытып, өлім жазасына кесуі, сыртқы күштерге, әсіресе, АҚШ пен Израильге қарсы өшпенділікті қоздыруы – оны қатал әрі ымырасыз авторитар басшы ретінде танытып, елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулай түсті.
Дубайдағы қазақстандықтар Оман мен Сауд Арабиясы арқылы елге жеткізілмек
3 наурызда Астанада өткен үкімет отырысынан кейін Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Дубайдан әуе қатынасы шектеулі болғандықтан, сондағы қазақстандықтарды көршілес Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар арқылы елге жеткізу көзделіп отыр деді.
Бақаев сейсенбіде қазақстандықтар мінген автобустардың алғашқы легі Дубайдан Оман сұлтанатына қарай шыққанын, күн аяғына дейін 467 азаматты Оманнан Қазақстанға жеткізу жоспарлап отырғанын айтқан.
Оның сөзінше, Қатардағы қазақстандықтар автобуспен Сауд Арабиясы астанасы Эр-Ридяқа, одан Жиддаға жеткізіліп, сондағы әуе компаниялары ұшағымен сәрсенбіде 343 адамнан тұратын алғашқы топ Қазақстанға оралмақ.
"Ал Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ол елдегі қазақстандықтар құрлық жолымен Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы ғана шығады", дейді вице-министр.
СІМ өкілінің айтуынша, 2 наурызда Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған оннан астам адам, Түркіменстан билігінің рұқсаты бойынша, Иран шекарасынан Түркіменстан аумағына өткен.
Бұған дейін Air Astana компаниясы егер Сауд Арабиясы мен Египеттің авиация саласын басқаратын ұйымдарынан тиісті рұқсат алған жағдайда 3 наурыз күні қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Мединаға екі рейс және Жиддаға екі рейс аттандыруды жоспарлап отырғанын айтқан.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар: шамамен 3,5 мыңы – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 3 мыңға жуығы – Сауд Арабиясында және 1,5 мыңға жуық адам – Қатарда.
Дубайдан шыққан екі жолаушы ұшағы Қазақстанға жетті
АҚШ пен Израиль Иранға әуеден шабуылдап, Таяу Шығыс аймағында жағдай күрт шиеленісіп кеткен өткен сенбіден бері алғаш рет Қазақстанға Дубайдан жолаушы ұшағы келді.
Әуе қозғалысын тікелей режимде бақылайтын flightradar24.com сайтының дерегінше, Дубайдан ұшып шыққан FlyDubai әуе компаниясының ұшағы 3 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8:30 шамасында Астананың халықаралық әуежайына қонған.
Ұшу бағыты картасына қарағанда Дубайдан Қазақстанды бетке алып шыққан ұшақ Пәкістан, Ауғанстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып жеткен. Сол күні Алматыға да Дубайдан жолаушы ұшағы келгені жайлы ақпаратты сол көлікпен жеткен адамдар әлеуметтік желіде жариялады.
Бұған дейін Қазақстанның көлік министрлігі 3 наурызға қараған түні Дубайдан Алматы (FZ1533) мен Астанаға (FZ1395) FlyDubai компаниясының екі ұшағы жолға шығады, әрқайсысында 170 орын бар деп хабарлаған.
3 наурызда Астанада өткен үкімет отырысынан кейін Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Дубайдан әуе қатынасы шектеулі болғандықтан, сондағы қазақстандықтарды көршілес Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар арқылы елге жеткізу көзделіп отырғанын айтты.
Хегсет Иранға қарсы операция "шексіз соғысқа" айналмайтынын айтты
АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы 2003 жылғы Иракқа басып кірген кездегідей "шексіз соғысқа" айналмайды деп мәлімдеді Пентагон басшысы Пит Хегсет "Эпикалық қаһар" операциясының үшінші күні Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында.
Хегсет АҚШ-тың Иранға құрлық әскерін кіргізу жоспары жоқ және Ирактағыдай елді оккупациялап, онда демократиялық институттар құруға тырыспайды деді. Ол Иранға қарсы операциясын аяқтау туралы шешімді президент Дональд Трамп қабылдайтынын айтты.
Хегсет сондай-ақ мұндай ауқымдағы әскери іс-қимылдар шығынсыз болмайды деді. Дүйсенбі күні АҚШ күштерінің Орталық қолбасшылығы Иранның шабуылдары салдарынан тағы бір америкалық әскери қызметкер қаза тапқанын растады . Осылайша қазірге дейін "Эпикалық қаһар" операциясы барысында төрт америкалық сарбаз қаза тапқан. CNN мәліметінше, жараланған жауынгер саны 18-ге жеткен.
2 наурыз күні кешке АҚШ президенті Трамп Иранға қарсы операция Тегерандағы режимнен туындайтын қауіптер толық жойылғанға дейін жалғасады деп мәлімдеді. Ол Иранда Еуропаға жете алатын баллистикалық зымырандар бар және Америкаға дейін жететін зымыран әзірлеумен айналысқан деді.
Трамп операция жоспардағыдан озық жүріп жатқанын, бірақ қажет болған жағдайда бұрын айтылған төрт аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол АҚШ операциясының мақсаттарын да атады – Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларын жою, сонымен бірге Тегеранды АҚШ-ты жау көретін шетелдік ұйымдарды қолдау мүмкіндігінен айыру.