Accessibility links

Әуе шабуылынан кейін көкке көтерілген түтінге алыстан қарап тұрған адам. Иран, Тегеран, 3 наурыз, 2026 жыл.
Әуе шабуылынан кейін көкке көтерілген түтінге алыстан қарап тұрған адам. Иран, Тегеран, 3 наурыз, 2026 жыл.

live Таяу Шығыс: АҚШ пен Израильдің шабуылы, Иранның қарымтасы

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әуе шабуылы жалғасып жатыр. Иран қарымта ретінде Парсы шығанағындағы бірнеше елге зымыран мен дрон атқылады. Аймақтағы жағдай қатты шиеленісіп тұр.

16:00 3.3.2026

Уиткофф: ирандықтар 11 ядролық бомбаға жеткілікті уран бар деп бөскен

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзге қатысуға келген АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф. Женева, Швейцария, 26 ақпан, 2026 жыл.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзге қатысуға келген АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф. Женева, Швейцария, 26 ақпан, 2026 жыл.

2026 жылдың басында АҚШ-пен келіссөздің алғашқы кезеңі барысында Иран өкілдері Тегеранның 11 ядролық бомба жасауға жеткілікті байытылған уран қоры барын мәлімдеген. Мұны сол келіссөзге АҚШ атынан қатысқан, президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News арнасына сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, ирандықтар Тегеранда 60 пайызға дейін байытылған 460 килограмм уран барын, олардың есебі бойынша, бұл 11 ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті екенін "еш қымсынбастан" мәлімдеген. Иран өкілдері мұнысын "мақтан тұтып", түрлі бақылау хаттамаларын айналып өте алғанын да айтты деген АҚШ президентінің арнайы өкілі.

Уиткофф келіссөздердегі Иранның ұстанымы оның ядролық бағдарламасы бойынша "әділ келісім" жасауға мүмкіндік қалдырмағанын айтты. "Оның мүмкін еместігі – шамасы, екінші кездесудің аяғына қарай – сол кезден-ақ айқын болды", деді ол. АҚШ пен Иран Оманның араағайындығымен жанама келіссөздің үш кезеңін өткізді, соңғысы 26 ақпанда Женевада, Израиль мен АҚШ Иранға шабуыл жасардан екі күн бұрын өтті. "Біз үшінші кездесуге оларға соңғы мүмкіндік беру үшін оралдық", деді Уиткофф, алайда үшінші кездесу де нәтижесіз аяқталды.

АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып келеді. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Былтыр жазда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасап, оларға елеулі залал келтіргенін мәлімдеген еді. Алайда Тегеранның байытылған уран қорының тағдыры белгісіз болып қалды. Уиткоффтың сөзінен (Иран өкілдері әзірге бұған түсініктеме берген жоқ) ол қор жойылмағаны және Иран билігінің бақылауында қалғаны аңғарылады.

15:20 3.3.2026

АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігіне екі дрон шабуылдады

АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігі. 2026 жылғы 3 наурызда дрон шабуылынан кейін түсірілген фото.
АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігі. 2026 жылғы 3 наурызда дрон шабуылынан кейін түсірілген фото.

3 наурызға қараған түні АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігіне белгісіз екі дрон шабуыл жасаған. Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі X әлеуметтік желісіндегі парағына шабуыл салдарынан "шағын өрт" шығып, ғимаратқа "елеусіз материалдық залал" келген деп жазды. Оқиға кезінде ғимаратта адам болмаған.

Бұл дрондар Ирандыкі болуы мүмкін деген болжам айтылды.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операция бастағанын бүгін төртінші күн. Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылап жатыр.

Сейсенбі күні таңертең АҚШ-тың Кувейттегі елшілігі уақытша жабылатынын жариялады, ал АҚШ мемлекеттік департаменті сейсенбі күні Бахрейн, Ирак пен Иордания елдерінен кейбір қызметкерлерін эвакуациялайтынын хабарлады. Мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарын Таяу Шығыстағы бірқатар елден мүмкіндігінше тезірек кетуге шақырды.

14:47 3.3.2026

Аятолла Әли Хаменеи дәуренінің аяқталуы

Израиль мен АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің көшедегі суреті маңынан өтіп бара жатқан жігіт. Тегеран, 2 наурыз, 2026 жыл.
Израиль мен АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің көшедегі суреті маңынан өтіп бара жатқан жігіт. Тегеран, 2 наурыз, 2026 жыл.

Иран ислам республикасын 40 жылға жуық басқарған, рухани көсем атанған аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған әуе шабуылынан 86 жасында қаза тапты.

Жақтастары "парасатты басшы" деп мақтаған, ал сын айтушылар "қатыгез диктатор" деп атаған Хаменеи дінбасылар билігіне сүйенген клерикал режимнің ірі өкілі ретінде есте қалмақ. 1979 жылғы ислам революциясы нәтижесінде Иран ислам республикасының негізін қалап, елді он жыл билеген аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болған соң, 1989 жылы Хаменеи тақуа әрі өз ісіне берілген деген атағы арқасында жоғары көсем лауазымын иеленген.

Хаменеидің өз халқына қатыгездікпен күш қолдануы, оппозиция өкілдерін түрмеге тоғытып, өлім жазасына кесуі, сыртқы күштерге, әсіресе, АҚШ пен Израильге қарсы өшпенділікті қоздыруы – оны қатал әрі ымырасыз авторитар басшы ретінде танытып, елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулай түсті.

14:27 3.3.2026

Дубайдағы қазақстандықтар Оман мен Сауд Арабиясы арқылы елге жеткізілмек

Дубай халықаралық әуежайында тұрған ұшақтар. 2 наурыз, 2026 жыл.
Дубай халықаралық әуежайында тұрған ұшақтар. 2 наурыз, 2026 жыл.

3 наурызда Астанада өткен үкімет отырысынан кейін Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Дубайдан әуе қатынасы шектеулі болғандықтан, сондағы қазақстандықтарды көршілес Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар арқылы елге жеткізу көзделіп отыр деді.

Бақаев сейсенбіде қазақстандықтар мінген автобустардың алғашқы легі Дубайдан Оман сұлтанатына қарай шыққанын, күн аяғына дейін 467 азаматты Оманнан Қазақстанға жеткізу жоспарлап отырғанын айтқан.

Оның сөзінше, Қатардағы қазақстандықтар автобуспен Сауд Арабиясы астанасы Эр-Ридяқа, одан Жиддаға жеткізіліп, сондағы әуе компаниялары ұшағымен сәрсенбіде 343 адамнан тұратын алғашқы топ Қазақстанға оралмақ.

"Ал Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ол елдегі қазақстандықтар құрлық жолымен Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы ғана шығады", дейді вице-министр.

СІМ өкілінің айтуынша, 2 наурызда Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған оннан астам адам, Түркіменстан билігінің рұқсаты бойынша, Иран шекарасынан Түркіменстан аумағына өткен.

Бұған дейін Air Astana компаниясы егер Сауд Арабиясы мен Египеттің авиация саласын басқаратын ұйымдарынан тиісті рұқсат алған жағдайда 3 наурыз күні қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Мединаға екі рейс және Жиддаға екі рейс аттандыруды жоспарлап отырғанын айтқан.

Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар: шамамен 3,5 мыңы – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 3 мыңға жуығы – Сауд Арабиясында және 1,5 мыңға жуық адам – Қатарда.

Тағы

XS
SM
MD
LG