БАҚ: ирандық күрд жасақтары АҚШ өкілдерімен Тегерандағы билікке қарсылық жайын талқылаған
Reuters және CNN басылымдары Ирактың Күрдістан аймағында орналасқан ирандық күрд қарулы топтары кейінгі күндері АҚШ өкілдерімен Иранның батысындағы қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасау мүмкіндігін талқылаған деп жазды. Басылымдар мұндай ақпаратты осы мәселеден хабардар дереккөздерге сүйеніп жариялаған.
Мәліметтерге сәйкес, Иран-Ирак шекарасы бойындағы күрд топтары коалициясы АҚШ пен Израиль күштері Иран нысандарына шабуыл жасап жатқан тұста Иран әскерін әлсіретуге бағытталған іс-әрекеттерге дайындалып жатыр.
Екі дереккөздің айтуынша, мақсат – Тегерандағы режимге қарсы кең ауқымды қарсылыққа жағдай жасау.
Топтар АҚШ-тың әскери қолдауына үміт артып, Орталық барлау басқармасы (CIA) арқылы қару-жарақ жеткізу мүмкіндігін де талқылаған деп хабарланды.
Алайда операция бастау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Кейбір болжам бойынша, ирандық күрд фракциялары қазіргі таңда үкіметті тайдыруға қажет ресурстар мен бірлікке ие емес болуы мүмкін.
Канада премьері Таяу Шығыстағы шиеленісті тез басуға үндеді
Иран және АҚШ-Израиль күштері арасындағы қарулы қақтығыс күшейіп жатқан шақта Канада премьер-министрі Марк Карни Таяу Шығыстағы шиеленісті тез арада бәсеңдетуге үндеді. Ол қарулы жанжалға қатысушы тараптардың бәрін халықаралық ережелерді сыйлауға шақырды.
Карни АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операция бастағанда БҰҰ-мен және өз одақтастарымен, соның ішінде Канадамен кеңеспегеніне өкініш білдірді. Ол АҚШ-тың Иранға қарсы әскери іс-қимылына "қынжыла" отырып қолдау танытатынын мәлімдеді деп жазды Bloomberg. Өйткені бұл қақтығыс "халықаралық тәртіп күйрегенінің" тағы бір мысалы болды деген Карни.
"Біз тараптардың бәрін, соның ішінде АҚШ пен Израильді де, халықаралық өзара іс-қимыл ережелерін сақтауға шақырамыз. Канада әскери әрекеттерді мүмкіндігінше тез тоқтатуға үндейді және осы мақсатқа жетуге көмектесуге дайын", – деп мәлімдеген Канада премьер-министрі 4 наурызда Сиднейде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге ол Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу және Тегеранның терроризмді қолдауынан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу мақсатына келісетінін айтқан. Алайда мұның "АҚШ пен Израиль үшін шектеусіз рұқсат емес" екенін де атап өткен.
Карни Иранға жасалған шабуылдар "бір қарағанда халықаралық құқыққа сай келмейтіндей көрінеді" деген, әйткенмен бұл әрекеттердің заңдылығын түсіндіру АҚШ пен Израильдің міндеті екенін, ал өзі халықаралық құқық саласы маманы емесін айтқан. Премьер-министр "халықаралық тәртіптің кезекті рет күйреуіне" тоқталып, Давоста сөйлеген сөзін еске салды, онда да ол "халықаралық тәртіп үзілді" деген болатын.
Карни сонымен қатар өз үкіметі "Иран халқының еркі құрметтелетін және билікке сол ерікке сай үкімет келетін" шешімді көргісі келетінін, алайда оның қалай жүзеге асуы мүмкін екенін нақты айта алмайтынын жеткізді.
2 наурыз күні Канада сыртқы істер министрі Анита Ананд Оттава әскери операцияларға қатысуды жоспарламайтынын мәлімдеген.
CPJ Иранда түрмеде отырған журналистердің тағдырына алаңдайды
Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Таяу Шығыс аймағындағы жағдай қатты шиеленісіп тұрған шақта Иранда түрмеде отырған журналистердің қауіпсіздігіне қатты алаңдап отырғанын білдірді. Ұйым Иран билігін қамаудағы журналистерді дереу және ешқандай шарт қоймай босатуға үндеді.
CPJ мәліметінше, Иранда кемінде 15 журналист түрмеде отыр, олардың арасында ирандық-америкалық Реза Вализаде, жапон журналисі Шинносукэ Кавашима және Мохаммад Заре-Фумани бар. Олар Тегерандағы Эвин түрмесінде отыр.
Израиль әскери күштері бұл түрме орналасқан аймақтағы тұрғындарға ол маңнан көшуді ескерткеніне байланысты түрмеде отырғандардың қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызған.
CPJ сондай-ақ, Иранда интернет толық дерлік өшіріп, байланыс үзіліп қалғаны тұтқындарды отбасы мен сыртқы әлемнен оқшаулап тастағанын айтты.
Құқық қорғау ұйымдары мен қамаудағы журналистердің туыстары Эвин түрмесіндегі жағдай нашарлағанын, соның ішінде азық-түлік жетіспейтінін, түрме басшылығы тарапынан бақылау азайғанын, бұл жайттар тұтқындардың тағдырына алаңдаушылықты күшейткенін айтып отыр.
Қатарда "Иран пайдасына тыңшылық еткен" 10 күдікті ұсталды
Қатар Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы мүддесіне тыңшылық жасаған деген күдікке ілінген 10 адамды тұтқындады.
Qatar News Agency хабарлауынша, Қатар билігі Иранның сақшылар корпусымен байланысы бар болуы мүмкін деген сезікпен екі жасырын топты анықтап, әлгі он адамды ұстаған. Олар тыңшылықпен айналысып, маңызды инфрақұрылымдарға қарсы саботаж әрекеттерін жасаған деген күдікке ілінген.
Ресми деректерге сәйкес, "жеті күдіктіге елдегі әскери және өзге маңызды нысандар бойынша барлау жүргізу туралы тапсырма" берілген, қалған үш адам "саботаж миссияларын орындау және дрон қолдану бойынша дайындықтан өткен".
Тергеушілердің айтуынша, күдіктілерден негізгі нысандардың координаттары көрсетілген карталар, байланыс құралдары мен технологиялық жабдықтар тәркіленген.
Билік күдіктілер тергеу барысында Иранның сақшылар корпусымен байланысы бар екенін, тыңшылық пен деструктивтік операцияларға тартылғанын мойындады деп хабарлады.
Иран үкіметі әзірге бұл хабарламаға байланысты еш пікір білдірген жоқ.