Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

17:51 4.3.2026

Тегерандағы Азади мұнарасы маңындағы түтін мен жалын

2026 жылғы 3 наурызда түсірілген видеодан Тегеранның символына айналған Азади (Азаттық) мұнарасының маңында түтін мен өрт байқалды. Жергілікті тұрғындар жараланған адамдарға көмектесіп, қою түтін арасымен жол табуға тырысып жатқаны көрінеді.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен шабуыл бастағалы бері әуе шабуылдарынан ел бойынша түрлі нысандар қирап, жүздеген адам қаза тапқаны айтылады.

Иран астанасындағы басты сәулет ескерткіштерінің бірі саналатаны Азади мұнарасы (Azadi Tower) 1971 жылы Парсы империясының құрылғанына 2500 жыл толуына орай салынған. Иранның ежелгі тарихы мен мәдениетін бейнелейтін символ ретінде танылған ескерткіш бастапқыда Шах мұнарасы деп аталған, бірақ 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Азади деп өзгертілген. Мұнара тұрған Азади алаңы демонстрациялар, мерекелер мен тарихи оқиғалар өтетін орталық ретінде де белгілі.

17:02 4.3.2026

Испания премьер-министрі: ел ұстанымы – "соғысқа жол жоқ"

Испания премьер-министрі Педро Санчес
Испания премьер-министрі Педро Санчес

Испания премьер-министрі Педро Санчес 4 наурыз күні телеарнадан жасаған үндеуінде өз үкіметі АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын қолдамайтынын мәлімдеп, Мадридтің ұстанымын "соғысқа жол жоқ" деп сипаттады және қарулы қақтығыстың одан әрі ушығуынан сақтандырды.

Санчес бұл сөзін АҚШ президенті Дональд Трамп Американың Иранға қарсы әскери операциясын қолдаудан бас тартқан Испанияны сынға алғаннан кейін Вашингтон мен Мадрид арасында келіспеушілік туындаған шақта айтты.

Бұған дейін Испания үкіметі АҚШ пен Израильдің Иранды бомбалауын "ойланбай жасалған әрі заңсыз" әрекет деп атап, кейін АҚШ ұшақтарына операция аясында Испанияның оңтүстігіндегі теңіз және әуе базаларын пайдалануға тыйым салған.

3 наурызда Трамп Мадридтің ұстанымына байланысты АҚШ Қаржы министріне Испаниямен арада барлық сауданы тоқтата тұруды тапсырғанын мәлімдеген.

Санчес сөзінде әлем проблемаларын "қақтығыстар мен бомбалар арқылы" шешу мүмкін емес екенін, өз үкіметінің ұстанымы "соғысқа жол жоқ" деген үш сөзбен түйінделетінін айтты.

Ол сондай-ақ мұндай қақтығыстардың ауыр салдары болатынын ескертіп, "адамзаттың ірі апаттары осылай басталады" деді.

"Миллиондаған адамның тағдырымен орыс рулеткасын ойнауға болмайды", – деді Санчес.

Бұған дейін болған Ирак соғысының салдарын – исламшыл терроризмнің күшейгені мен энергия бағасының шарықтағанын – еске салған Санчес Иранға шабуыл жасаудың салдары да белгісіз екенін және оның әділ әлемдік тәртіпке алып келуі екіталай екенін айтты.

Трамп 3 наурызда Ұлыбританияға да көңілі толмайтынын мәлімдеген еді. Біріккен Корольдік бастапқыда АҚШ-қа Иранға қарсы алғашқы шабуылдарға өз базаларын, соның ішінде Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия аралын пайдалануға рұқсат беруден бас тартқан.

Алайда Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер 1 наурызда ұстанымын сәл жұмсартып, ел базаларын шектеулі түрде пайдалануға рұқсат берді.

16:46 4.3.2026

Израиль Иранға шабуылдың жаңа легін бастағанын айтты

Әуе шабуылынан кейін аспанға көтерілген түтін. Тегеран, Иран, 3 наурыз, 2026 жыл.
Әуе шабуылынан кейін аспанға көтерілген түтін. Тегеран, Иран, 3 наурыз, 2026 жыл.

4 наурыз күні Израиль қорғаныс армиясы Иран астанасындағы нысаналарға жаңа шабуылдар легін бастағанын мәлімдеді.

Ирандық бірнеше жаңалық арналары Тегеранның әр тұсында, соның ішінде қаланың шығыс және солтүстік-шығыс аудандарында бірнеше жарылыс болғанын хабарлады.

Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары бұл шабуылдар туралы әзірге ақпарат таратқан жоқ.

Сонымен қатар, интернет байланысының үзілуі шабуыл жасалған жерлер туралы жедел ақпарат алуды шектеп отыр.

16:37 4.3.2026

Иранға жасалған шабуылдар көрші Ауғанстанда бағаның өсуіне әсер етті

Ауғанстан астанасы Кабулдағы азық-түлік базарындағы адамдар (көрнекі сурет)
Ауғанстан астанасы Кабулдағы азық-түлік базарындағы адамдар (көрнекі сурет)

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары көрші ел – "Талибан" қозғалысы басқаратын Ауғанстанда бағаның көтерілуіне себеп болды, дейді тұрғындар мен саудагерлер.

Иранмен шектесетін Ауғанстанның батысындағы Герат уәлаятындағы тұтынушылар азық-түлік пен жанармай бағасы күрт өскенін айтады. Қауіпсіздік мақсатында толық аты-жөнін жарияламауды сұраған Герат тұрғыны Ахмади ханым Азаттықтың Ауған қызметіне (Radio Azadi) берген сұхбатында шабуылдардың экономикалық салдары тез байқалғанын айтты.

"Ирандағы бұл жағдай Ауғанстанға да өте жаман әсер етті. Сұйылтылған газдың, қызанақтың және басқа да тұрмысқа қажет заттардың бағасы қатты өсті", – деді ол.

Ел астанасы Кабулда да абыржу байқалады.

Кітап сатушы Ахмад Файзи бағаның өсуі өз отбасына күнделікті қажет заттарды сатып алуды қиындатқанын айтты.

"Бұрын тосаптың құтысы 80 афгани (1,30 доллар) тұратын, қазір 150. Газдың бір килограмы 60 афгани еді, қазір 75 болды. Адамдар аш қалуы мүмкін деп алаңдаймын", – дейді ол.

Ауғанстан нарықтары негізінен Ираннан, Пәкістаннан және Орталық Азия елдерінен келетін импортқа тәуелді. "Талибан" билігінің мәліметінше, биыл Иранмен сауда көлемі 1,6 миллиард доллардан асқан.

Дүкен иесі Хиял Мохаммад кейінгі күндері қант, шай, өсімдік майы және жұмыртқа бағасы өскенін айтты.

Ирандық БАҚ Тегеран азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Ауғанстанның Сауда және инвестициялар палатасының өкілі Азарахш Хафези ұзаққа созылған үзілістер тек инфляцияға ғана емес, тауар тапшылығына да әкелуі мүмкін деп ескертті.

"Мәселе тек бағаның өсуінде емес, мені ашаршылық болуы мүмкін деген қауіп алаңдатады", – дейді Хафези.

Тағы

XS
SM
MD
LG