Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

07:49 5.3.2026

Трамп Иранның жаңа көшбасшылары да "қаза табады" деді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның көзі жойылған басшыларын алмастыруға тырысатын жоғары лауазымды шенеуніктері де "қаза табады" деп мәлімдеп, АҚШ пен Израиль Таяу Шығыстағы әскери операцияны "жалғастыра беретінін" айтты.

"Қазір жағдайымыз мықты, ал олардың басшылығы тез ыдырап жатыр. Көшбасшы болғысы келетін әрбір адам қаза табады", деді Трамп 4 наурызда Ақ үйде технология саласы жетекшілерімен кездесуде.

"Майдандағы жағдайымыз, жұмсартып айтқанда, жақсы. Біреу 10 балдық шкала бойынша қандай баға бересіз деп сұрады, шамамен 15 дедім", деді Трамп Иранға қарсы әскери операцияның бесінші күні.

Тегеранның баллистикалық зымыран қоры "жылдам түгесіліп" жатқанын айтқан Трамп АҚШ Израильмен бірлесіп Иранға қарсы әуе шабуылын жалғастыратынын мәлімдеді.

28 ақпаннан бері АҚШ пен Израильдің үйлестірілген шабуылы нәтижесінде Иранның бірқатар жоғарғы билік өкілдері мен әскербасылары қаза тапты. Олардың арасында Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи, оның кеңесшісі Әли Шамхани, Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммед Пакпур, елдің қорғаныс министрі Әзиз Насирзаде, Иран қарулы күштері бас штабы бастығы Абдолрахим Мусави және басқалар бар.

07:33 5.3.2026

Пентагон Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуылды тексеріп жатыр

АҚШ әскери министрі Пит Хегсет Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында 28 ақпанда қыздар мектебіне әуеден шабуыл жасалғаны туралы хабарлардан кейін тергеу басталғанын мәлімдеді. Иран ақпарат құралдары шабуыл салдарынан 160-тан астам адам қаза тапқан деп хабарлаған.

"Әзірге айтарым – біз бұл жағдайды тексеріп жатырмыз, – деді Хегсет 4 наурызда Пентагонда өткен баспасөз мәслихатында журналистерге. – Әрине, біз ешқашан азаматтық нысандарды нысанаға алмаймыз, бірақ бұл оқиғаны қарап, тексеріп жатырмыз".

Хегсет шабуылға нақты кім жауапты болуы мүмкін екені немесе қандай қару қолданылғаны туралы қосымша мәлімет берген жоқ.

Минабтағы қыздар мектебі Ислам революциясы сақшылары корпусының (IRGC) базасына жақын орналасқан.

07:18 5.3.2026

Израиль Тегерандағы әскери кешенге шабуыл жасағанын мәлімдеді

Әуе шабуылына ұшыраған жаққа алыстан көз тігіп тұрған адам. Тегеран, Иран, 2026 жылғы 4 наурыз.
Әуе шабуылына ұшыраған жаққа алыстан көз тігіп тұрған адам. Тегеран, Иран, 2026 жылғы 4 наурыз.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Тегерандағы Иранның "барлық күштік құрылымдарының" штаб-пәтерлері орналасқан әскери кешенге жаппай шабуыл жасағанын хабарлады.

Израиль мәліметінше, нысанаға алынған жеті күштік құрылымның басқару орталықтары қатарында Ислам революциясы сақшылары корпусының (IRGC) штаб-пәтері, "Басидж" жасағы штабы, барлау басқармасы және "наразылық акцияларын басуға жауапты" ішкі қауіпсіздік бөлімшесі бар.

Қаза тапқандар саны туралы мәлімет берілген жоқ.

Axios басылымы Израиль барлауы АҚШ пен Иран арасында атысты тоқтату жөнінде келіссөздер болуы мүмкін деген ақпарат алған деп жазды. Алайда америкалық шенеунік басылымға берген түсініктемесінде Вашингтон Тегеранмен ешқандай келіссөз жүргізбегенін айтқан.

Axios дереккөздерінің сөзінше, кейінгі күндері Иран Парсы шығанағындағы елдер мен аймақтағы басқа мемлекеттер арқылы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне бірнеше хабарлама жолдаған, бірақ жауап алмаған.

Трамп бұған дейін АҚШ-тың "мәңгілік соғыс жүргізуге" жеткілікті ресурсы барын айтып, Иранмен келіссөз жүргізуге "енді тым кеш" деп мәлімдеген. Ал Иранның жоғарғы жетекшісінің кеңесшісі Мохаммад Мохбер Тегеран АҚШ пен Израильге қарсы соғысты "қалағанынша ұзақ уақыт" жалғастыруға дайын екенін айтқан.

АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастады. Тегеран бұған қарымта ретінде Израильге және Парсы шығанағындағы америкалық әскери базаларға, сонымен бірге аймақтағы өзге елдерге зымыран мен дрон атқылады.

28 ақпаннан бері АҚШ пен Израильдің үйлестірілген шабуылы нәтижесінде Иранның бірқатар жоғарғы билік өкілдері мен әскербасылары қаза тапты. Олардың арасында Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи, оның кеңесшісі Әли Шамхани, Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммед Пакпур, елдің қорғаныс министрі Әзиз Насирзаде, Иран қарулы күштері бас штабы бастығы Абдолрахим Мусави және басқалар бар.

06:57 5.3.2026

БАҚ: Ормуз бұғазымен өтетін кемелерді сақтандыру құны 12 есе қымбаттады

Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласы маңындағы теңізде жүзген танкерлер. Иран Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеген кезде түсірілген сурет. 3 наурыз, 2026 жыл.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласы маңындағы теңізде жүзген танкерлер. Иран Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеген кезде түсірілген сурет. 3 наурыз, 2026 жыл.

Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты арасындағы негізгі теңіз дәлізі саналатын Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін сақтандыру бағасы күрт өсті: сақтандыру құны шамамен 12 есе артқан. Financial Times басылымы сақтандыру брокерлерінің дерегіне сүйеніп осылай деп жазды.

Әдетте сақтандыру мөлшері кеме құнының шамамен 0,25% шамасында болса, қазір ол шамамен 3% дейін жетіп отыр.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне тыйым салды. Салдарынан Maersk, MSC және Hapag-Lloyd сияқты бірқатар ірі кеме қатынасы компаниялары бұл бағытты пайдалануды тоқтатуға немесе шектеуге мәжбүр болды.

АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ әскери-теңіз флоты мұнай танкерлерін бұғаз арқылы алып өтуге дайын екенін, сондай-ақ кемелерге тиімді шартпен сақтандыру және кепілдіктер ұсынатыны туралы мәлімдемесіне қарамастан сақтандыру қымбаттап жатыр.

Бұған қоса, нарық қатысушылары әзірге Трамп ұсынған тетік нақты қалай жұмыс істейтінін түсінбей отыр.

"Truth Social желісіндегі мәлімдемеден өзге ештеңе естіген жоқпыз. Бұл, мысалы, еуропалық танкермен қытай мұнайын тасымалдауға да қатысты бола ма, оны білмейміз", деген Financial Times басылымына берген сұхбатында McGill брокерлік компаниясының серіктесі.

28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға қарсы операция бастағаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы танкер қозғалысы іс жүзінде тоқтаған. Шабуылға қарымта ретінде Иран Израильге ғана емес, өңірдегі басқа елдерге де зымыран мен дрон атқылай бастады. QatarEnergy терминалынан бөлек, Иран Сауд Арабиясындағы Saudi Aramco мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Сондай-ақ Ормуз бұғазындағы танкерлердің біріне оқ атылғаны туралы да хабар түскен.

Тағы

XS
SM
MD
LG