АҚШ Таяу Шығыстағы "қорғаныс операцияларына" британ әуе базаларын пайдалана бастады
АҚШ пен Израильдің Иранға әуе шабуылдары екінші аптаға аяқ басқан шақта Ұлыбритания АҚШ-қа Таяу Шығыстағы әскери операцияларға британ базаларын пайдалана бастады.
Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі АҚШ күштері британ базаларын "Иранның аймаққа зымыран атуына жол бермеу мақсатын көздейтін арнайы қорғаныс операцияларына" пайдаланады деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерді АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылдауына көмектесуден бас тартқаны үшін сөккен.
Стармер АҚШ пен Израиль Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әуе шабуылдарына өз елі қосылмайтыны жайлы алғашқы шешімін Ұлыбританияның кез келген әрекеті "әрқашан заңды негізге және өміршең, ойластырылған жоспарға сүйенуі керек" деп түсіндірген.
Кейінірек Лондон Англияның оңтүстік-батысындағы Фэрфорд пен Үнді мұхитындағы Ұлыбритания-АҚШ бірлескен Диего Гарсия базасын АҚШ-тың "ерекше және шектеулі қорғаныс мақсатында" пайдалануына келіскен. Ұлыбритания қарулы күштері қорғаныс штабының бастығы, авиация бас маршалы Ричард Найтон Ұлыбритания болашақта белсенді рөл атқара алатынын айтып, "уақыт өте келе қақтығыстар өршиді" деді.
Уиткофф Ресейге барлау деректерін Иранға бермеуді "қатаң" ескерткенін айтты
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф шабуылды нысанаға бағыттауға көмектесетін барлау деректерін Иранға бермеу жөнінде Мәскеуге ескерту жасалғанын мәлімдеді. Ол мұны АҚШ пен Израильдің Иранға әуе шабуылдары екінші аптаға жалғасқан шақта айтты.
7 наурызда АҚШ президентінің Air Force One ұшағында Уиткофф Мәскеуге Тегеранға ақпарат бермеуді ескертілді ме деген журналистер сұрағына: "Мен мұны өте қатаң түрде айттым", деп жауап қатқан, бірақ одан өзге ештеңе айтпаған.
Дональд Трамп Ақ үйде билікке келгелі бері оның арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен бірнеше рет кездескен және Украинадағы соғысты тоқтату мақсатындағы Мәскеу, Киев және Вашингтон арасындағы үшжақты келіссөзде АҚШ делегациясын басқарады.
6 наурыз күні АҚШ шенеуніктері Азат Еуропа/Азаттық радиосына Ресей Иранға Таяу Шығыстағы америкалық әскер мен әскери нысандарға шабуылдаған кезде нысананы дәл көздеуге көмектесетін барлау ақпаратын беріп отыр хабарлаған. Бұл Washington Post газетінің Мәскеу аймақта ауқымы кеңейіп жатқан қарулы қақтығыста елеулі, бірақ жанама рөл атқарып отыр деген мәліметін растаған.
АҚШ барлау агенттіктері бұл хабарламаларға қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруден бас тартты.
Президент Трамп Ресейдің Иранды қолдап отырғаны жөнінде қолында еш дерек жоғын айтты.
"Егер олар шынымен қолдап жатса, онда оны аса жақсы істеп жатқан жоқ, өйткені Иранның жағдайы онша жақсы емес", деді Трамп.
Ресей мен Иран ұзақ уақыттан бері одақтас. Мәскеу Украинаға қарсы басқыншылық соғыста Тегеран берген камикадзе дрондарды қолданады.
Әлиев Тоқаевқа Әзербайжанға қолдау танытқаны үшін ризашылық білдірді
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әзербайжан эксклавы Нахчыванға жасалған әуе шабуылын айыптағаны үшін ризашылығын білдірді.
"Мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иран мемлекетінің Нахчыванға жасаған шабуылдарын айыптағаны және Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырмал және одақтас қатынастар рухына сай қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін", деп жазды Әлиев Х әлеуметтік платформасында 7 наурызда жариялаған постында.
5 наурызда Әзербайжан өз эксклавы Нахчывандағы әуежайға Иран жағынан дрон шабуылы жасалғанын, кемінде екі адам зардап шеккенін хабарлады. Президент Әлиев оқиғаны "террор актісі" деп атап, Ираннан түсініктеме беріп, кешірім сұрауды талап еткен.
Қазақстан президенті Тоқаев Нахчыванға жасалған шабуылды "бауырлас, одақтас Әзербайжан еліне қарсы жасалған әрекет" деп атап, оны "қатаң айыптайтынын" мәлімдеген. Тоқаев "аймақтағы ахуалды ушықтырмау үшін мәселе дипломатиялық тәсілдермен реттеледі" деп үмітттенетінін айтқан.
Иранның қарулы күштері Әзербайжан аумағына дронмен шабуыл жасағанын жоққа шығарған.
Тегеранға жасалған түнгі шабуылдан мұнай өңдейтін зауыт маңында ірі өрт шықты
Жексенбіге қараған түні әлеуметтік желілерде Иран астанасында шыққан ірі өрттің видео-фотолары тарады. Ақпарат агенттіктері бұл өрт Тегерандағы "Шахран" мұнай қоймасы мен мұнай өңдейтін зауыты маңында болған деп жазды.
Иранның ресми басылымдары мұнай қоймасына Израиль мен АҚШ күштері шабуыл жасаған, бірақ үлкен залал келмеген деп хабарлады. Алайда кейбір дереккөздер өрт ауқымына қарап, мұнай өңдеуші кәсіпорын аумағы да өртенген болуы мүмкін деп топшылайды.
Былтыр маусымда Израиль Иранмен арадағы 12 күндік соғыс кезінде Тегерандағы осы мұнай өңдеу зауытына әуе шабуылын жасаған. Зауыт содан кейін де жұмысын жалғастырған.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы бастаған әуе шабуылдары екінші аптаға жалғасты. Иран қарымта ретінде Израильге қоса, АҚШ әскери базалары орналасқан Таяу Шығыстағы бірнеше елге зымыран мен дрон атқылап, осы аймақтан әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеді. Соғыс басталғалы бері әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт көтерілді.