Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

08:38 8.3.2026

БАҚ: Үндістан Иран әскери кемесін "гуманитарлық себеппен" паналатқан

Иранның IRIS Lavan әскери кемесі Кочин портында тұр. Үндістан, 7 наурыз, 2026 жыл.
Иранның IRIS Lavan әскери кемесі Кочин портында тұр. Үндістан, 7 наурыз, 2026 жыл.

Үндістан өзінің Кочин портына Иранның IRIS Lavan әскери кемесі тоқтауына "гуманитарлық себеппен" рұқсат берген. Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар мен үнді шенеуніктернің сөзіне сүйеніп, Reuters және Bloomberg агенттіктері осылай деп хабарлады.

Иран техникалық ақауларға байланысты 28 ақпанда кемені портқа кіргізуге шұғыл рұқсат сұраған. 1 наурызда Үндістан жағы өтінішті қабыл алған. 4 наурыздан бастап Lavan Кочин портында тұр. Кемедегі 183 экипаж мүшесі Үндістанның әскери-теңіз базаларына орналастырылған.

"Бұл мәселеге қандай да бір құқықтық тұрғыдан емес, гуманистік көзқараспен қарадық. Біз дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын", деген Джайшанкар.

Оның айтуынша, Lavan ирандық басқа кемелермен бірге жаттығуға қатысқан. Олардың арасында 4 наурызда Шри-Ланка жағалауында америкалық сүңгуір кеме суға батырған IRIS Dena фрегаты да болған. Иран кемесі Үндістан ұйымдастырған әскери жаттығуға қатысқаннан кейін Иранға қайтып бара жатқан.

Шри-Ланка армиясының мәліметінше, суға батқан Иран кемесінің 87 теңізшісі өлі табылған, тағы 32 адам құтқарылған. Фрегатта шамамен 180 экипаж мүшесі болған.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде фрегатта қару болмаған деп мәлімдеген. Алайда The Independent басылымы фрегат ауыр артиллерия, кемеге қарсы зымырандар мен торпедалар, сондай-ақ тікұшақ алып жүруі мүмкін болған деп жазды.

5 наурызда Шри-Ланка аумағына жататын теңізде Иранның тағы бір әскери кемесі – IRIS Busher кіргені белгілі болды. Әуелгіде Шри-Ланка билігі кеменің тоқтауына рұқсат бермеген, бірақ кейін оны бақылауға алған. Шри-Ланканың әскери-теңіз күштері кемеден 200-ден астам экипаж мүшесін жағалауға эвакуациялаған.

08:04 8.3.2026

Трамп Минабтағы қыздар мектебіне жасалған шабуылға Иран жауапты деп санайды

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 наурыз күні Air Force One ұшағында БАҚ өкілдерінің осыдан бір апта бұрын Ирандағы мектепке кім шабуыл жасағаны жайлы сұрағына:

"Өзім көрген деректерге сүйенсек, бұл ирандықтардың жасағаны", деп жауап қатқан.

Ал Пентагон басшысы Пит Хегсет "Тергеу жүргізіп жатырмыз, бірақ бейбіт халыққа шабуылды тек жалғыз тарап – Иран жасайды", деген.

Иран билігі 28 ақпанда – АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған күні – елдің оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан қыздар мектебіне жасалған әуе шабуылынан 150-ден астам адам қаза тапқан деп мәлімдеген. Бұл санды растайтын тәуелсіз дереккөздер табылмай отыр.

Мектепке жасалған шабуылға жауапкершілікті АҚШ та, Израиль де, Иран да әзірге мойнына алған жоқ.

Бұған дейін Reuters агенттігі аты-жөні жарияланбаған екі дереккөзінің мәліметіне сүйеніп, АҚШ әскери тергеушілері Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуыл салдарынан ондаған оқушы қаза тапқан оқиғаға америкалық сарбаздар жауапты болуы ықтимал деп есептейтінін хабарлаған. The New York Times басылымы әлеуметтік желілердегі жазбалар мен спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, мектеп ғимараты дәлдеп нысанаға алған шабуыл салдарынан қатты зақымданған деп жазды. Бұған қоса газет қыздар мектебіне шабуыл оған жақын маңда орналасқан, Ислам революциясы сақшылары корпусы пайдаланатын базаға шабуылдармен бір мезгілде жасалған дейді.

16:21 7.3.2026

АҚШ Ресей мұнайына салынған санкцияны алу мүмкіндігін қарастырып жатыр


Скотт Бессент
Скотт Бессент

Вашингтон Ресей мұнайына қатысты санкцияны әлсіретуі мүмкін. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Fox Business эфирі кезінде осылай деп мәлімдеді.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қимылына қатысты Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау үзілген шақта шенеунік осындай мәлімдеме жасады. Халықаралық нарықтағы мұнайдың 20 пайызы осы бағыт арқылы өтеді. Бессенттің сөзінше, АҚШ бұл мәселені шешіп жатыр.

Жұма, 6 наурызда АҚШ қаржы министрлігі Үндістанның мұнай өңдеу зауыттарына Ресейдің әлі сатып алынбаған теңіздегі мұнайын сатып алуға 30 күн берді. Бессенттің айтуынша, бұл Ресейге Украинаға қарсы соғысын қаржыландыруына аса қатты әсер ете қоймайды. Министрдің сөзінше, мұндай шара Иранның халықаралық отын нарығына жасаған қысымын әлсіретуге мүмкіндік береді.

Кремль Таяу Шығыстағы ахуал ушыққан шақта Ресей мұнайына сұраныс айтарлықтай ұлғайғанын айтты.

6 наурызда кешке Ақ үйдегі шара кезінде Fox News тілшісі Питер Дуси АҚШ президентінен Ресей Иранға АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандарына соққы жасауға қажет деректерді беріп жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме беруін сұрады. Дональд Трамп журналистің сұрағын "ақымақ сауал" деп атап, жауаптан жалтарды.

10:44 7.3.2026

"Қойма қаңырап, тауар кідірді". Ирандағы соғыстың салдары Орталық Азияда сезіле бастады

Ирандағы соғыс Орталық Азия экономикасына соққы болып тиді. Әсіресе Ираннан келетін тауарларға, соның ішінде азық-түлік пен тұрмыс заттарына тәуелді Түркіменстанда мұның зардабы қатты сезіліп отыр.

Түркіменстанның батысында, Иранмен шекара бойында орналасқан Балқан уәлаяты көрші елмен саудадағы кез келген кілтипанды тез сезінеді. Аймақ тұрғындары күнделікті жақын маңдағы шекара бекеттерінен өтіп келетін импорт тауарларға қатты тәуелді, сондықтан иран өнімдері сәл кідірсе я бағасы өзгерсе жергілікті нарықта бірден байқалады.

"Біз азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың түгелге дерлігін Ираннан алып отырмыз. Ол болмаса базарларымыз қаңырап қалар еді", – дейді жеке басының қауіпсіздігін ойлап аты-жөнін атамауды өтінген аймақ тұрғыны.

"Бес литр ирандық өсімдік майы бұрын 150 манат (29 доллар) тұратын, ал қазір 200 манат. Тұрмыста пайдаланылатын химия заттары бәр жерде 5 манатқа қымбаттады. Әдетте ирандық азық-түлік өнімдерін қалағаныңша өлшеп сатып алуға болатын, қазір оларды мөлшерлеп қана сатып жатыр".

Толығырақ оқыңыз

Тағы

XS
SM
MD
LG