Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

12:31 5.3.2026

Шри-Ланка: суға батқан Иран фрегатының 32 теңізшісі ауруханада жатыр, 60 адам хабарсыз кетті

АҚШ сүңгуір кемесі Үнді мұхтиында Иран фрегатына шабуылдаған сәт. 2026 жылғы 4 наурызда Пентагон жариялаған видеодан скриншот.
АҚШ сүңгуір кемесі Үнді мұхтиында Иран фрегатына шабуылдаған сәт. 2026 жылғы 4 наурызда Пентагон жариялаған видеодан скриншот.

Үнді мұхитында АҚШ сүңгуір қайығы шабуылынан суға батқан Иран әскери-теңіз флотының IRIS Dena фрегатынан құтқарылған 32 теңізші Галле қаласындағы ауруханада емделіп жатыр, деп мәлімдеді 5 наурыз күні Шри-Ланка билігі өкілдері хабарлады.

Дәрігерлер теңізшілер жеңіл жарақат алғанын, таяу уақытта ауруханадан шығуына болатынын айтты.

Шри-Ланканың теңіз және әуе күштері 4 наурыз күні таңғы сағат 5:08-де Галле жағалауы маңында SOS белгісін берген Иран әскери кемесінен 35 адамды құтқарып, опат болған 87 адамның сүйегін тапқан. Хабарсыз кеткен ирандық 60 теңізші әлі табылмай жатыр.

Бұған дейін АҚШ әскери министрі Пит Хегсет АҚШ сүңгуір кемесі Шри-Ланка жағалауында Иранның фрегатын суға батырғанын растаған.

"Америкалық сүңгуір кеме халықаралық суларда қауіпсіз жағдайдамыз деп ойлаған ирандық әскери кемені торпедамен шабуыл жасап, суға батырды", деді Хегсет брифингте.

Пентагон жариялаған видеода теңіздегі шабуыл сәті, артқы бөлігі жарылған Иран фрегатының суға батқаны көрінеді.

Fox News телеарнасы АҚШ сүңгуір кемесі түн мезгілінде жасаған шабуылға құны 4,2 миллион доллар тұратын Mark 48 Advanced Capability (ADCAP) торпедасын қолданған деп хабарлады. Шабуыл Парсы шығанағынан жүздеген километр қашықта жасалғандықтан, соғыстың географиялық ауқымы айтарлықтай кеңейді.

Таяу Шығыстағы операцияларды басқаратын АҚШ Орталық әскери қолбасшылығы (CENTCOM) бұған дейін өткен сенбіде Иранға қарсы операциялар басталған кезде Оман шығанағында 11 ирандық әскери кеме мен қайықтары жойылды деп хабарлаған. Кейіннен олардың саны 17 кеме деп айтқан.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әскери операциясы әлі жалғасып жатыр. АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып отыр. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылап жатыр. Таяу Шығыс аймағында қазір жағдай қатты шиеленісіп тұр.

09:31 9.3.2026

Иран Мұжтаба Хаменеиді жаңа жоғарғы көшбасшы деп жариялады

Тегерандағы үлкен экранда Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Мұжтаба Хаменеидің суреті көрсетілді. 9 наурыз, 2026 жыл.
Тегерандағы үлкен экранда Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Мұжтаба Хаменеидің суреті көрсетілді. 9 наурыз, 2026 жыл.

Иранның жоғарғы көшбасшысын таңдайтын Сарапшылар кеңесі 56 жастағы Мұжтаба Хосейни Хаменеиді марқұм әкесі аятолла Әли Хаменеидің орнына тағайындады. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ-тың мақұлдауынсыз таңдалған кез келген адам ұзаққа бармайды" деген ескертуіне қарамастан қабылданды.

Сарапшылар кеңесі 8 наурызда "Иран ислам республикасының қасиетті жүйесінің үшінші жоғарғы көшбасшысы ретінде аятолла сейед Мұжтаба Хосейни Хаменеиді таңдағанын жариялайды" деп мәлімдеді.

Енді Мұжтаба Хаменеи Иранның жоғарғы көшбасшысы ретінде мемлекеттегі барлық мәселелер бойынша соңғы шешімді өзі қабылдайды және іс жүзінде бүкіл билікті жеке дара уысында ұстайтын болады.

Мұжтаба Хаменеи – Иран ислам республикасы тарихындағы үшінші жоғарғы көшбасшы. 1979 жылғы ислам революциясы нәтижесінде шах билігін құлатып, теократиялық режим құрған бірінші көшбасшы Рухолла Хомейни өле-өлгенше ел биледі. Ол қайтыс болған соң, 1989 жылдан бастап Иранның жоғарғы көшбасшысы болған аятолла Әли Хаменеи биыл АҚШ пен Израиль Иранға әуе шабуылын бастаған күні – 28 ақпанда қаза тапты. Содан бері бұл соғыс бүкіл өңірге тарады: Иран қарымта ретінде Израильге қоса АҚШ-тың әскери базалары орналасқан аймақтағы елдерге зымыран мен дрон атқылаған.

Бұған дейін Тегеранды қарсыласуды тоқтатып, берілуге шақырған АҚШ президенті Трамп марқұм Әли Хаменеидің орнын ұлы Мұжтаба Хаменеи басқанын қаламайтынын айтқан. Израиль Иранның жаңа көшбасшысы болып жарияланған адам ажалына жолығатын болады деп мәлімдеген.

Трамп америкалық ABC телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың мақұлдауынсыз Иранның жаңа көшбасшысы болған адам "ұзақ уақыт билікте қала алмайтынын" айтқан.

Жаңа көшбасшы туралы шешімін жария еткен Иранның Сарапшылар кеңесі "аса күрделі соғыс жағдайына және дұшпандар төндірген қауіп-қатерге қарамастан" өз таңдауын жасағанын мәлімдеген.

17:09 8.3.2026

ВВС: Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы сайланды, бірақ оны әзірге жарияламай отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп, Иран, аятолла Әли Хаменеидің ұлы Мұжтаба Хаменеи суреттерінен коллаж.
АҚШ президенті Дональд Трамп, Иран, аятолла Әли Хаменеидің ұлы Мұжтаба Хаменеи суреттерінен коллаж.

ВBC-дің Парсы қызметі Ирандағы Сарапшылар кеңесінің мүшесі Ахмад Аламолходаның айтқанына сүйеніп, марқұм аятолла Әли Хаменеидің орнын басатын адам таңдалған деп хабарлады. Аламолхода Иранның жаңа көшбасшысы сайланды деп айтқан, бірақ оның есімін атамаған.

Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын Сарапшылар кеңесіне кіретін 88 дін қызметкері таңдаған. Иранның Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім туралы ресми мәлімдемені Сарапшылар кеңесі хатшылығының басшысы Хоссейни Бушехри жасауға тиіс. Әзірге ондай мәлімдеме жасалған жоқ.

Иранды 38 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің 28 ақпан күні Иранға жасаған әуе шабуылы кезінде қаза тапты. Осыған дейін ақпарат құралдары Хаменеидің орнын басуға үш адам: марқұмның ұлы 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи, 67 жастағы ықпалды дінбасы Әлиреза Арафи және Ислам республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейнидің немересі 56 жастағы Хассан Хомейни ұсынылды деп жазған.

"Сарапшылар кеңесі осылардың ішінен Мұжтаба Хаменеи лайық деген таңдау жасапты, алайда АҚШ пен Израиль жаңа көшбасшы болатын адамның көзін жояды деген қауіппен өз шешімін әзірге жария етпеуді жөн көрген" деп хабарлаған басылымдар.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа көшбасшысын таңдауға өзі қатысуға ниет білдіріп, билікке Мұжтаба Хаменеидің келгенін қаламайтыны айтқан еді.

16:25 8.3.2026

Axios: АҚШ пен Израиль Иранға арнайы жасақ жіберу жайын талқылаған

2026 жылғы 10 ақпанда спутниктен түсірілген суретте Иранның Исфахан қаласындағы ядролық кешенге апаратын тоннельдердің кіреберісінде топырақ үйіліп қалғаны көрінеді.
2026 жылғы 10 ақпанда спутниктен түсірілген суретте Иранның Исфахан қаласындағы ядролық кешенге апаратын тоннельдердің кіреберісінде топырақ үйіліп қалғаны көрінеді.

АҚШ пен Израиль жоғары деңгейде байытылған уран қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Иранға арнайы жасақ жіберу мүмкіндігін талқылаған. Axios басылымы дереккөздерге сүйеніп осылай деп хабарлады.

Басылымның жазуынша, мұндай операция соғыстың кейінгі кезеңінде, яғни, екі ел Иранның әскері енді елеулі қауіп төндірмейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана жүргізілуі мүмкін.

Axios мәліметінше, келесідей екі нұсқа қарастырылған:

  • Ираннан байытылған уранды түгелдей алып кету;
  • немесе ядролық энергетика саласы мамандарын тартып, уранды сол жерде сұйылту.

Былтыр маусым айында АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасағаннан кейін уран қорлары үйінділер астында қалған. АҚШ пен және Израильдің ресми өкілдерінің айтуынша, содан бері оларға ирандықтар да қол жеткізе алмай отыр. Басылым сөйлескен адамдардың дерегінше, ядролық отынның басым бөлігі Иранның Исфахан қаласындағы нысандардың біріндегі жер асты тоннельдерінде сақталған, ал қалған бөлігі Фордо мен Натанздағы бункерлерде.

Ал The New York Times басылымы барлау деректерінен хабардар дереккөздерге сүйеніп, Иран Исфахандағы байытылған уран қорына тар тоннель арқылы қол жеткізуі мүмкін деп жазды. Ақпан айында спутниктен түсірілген суреттерде бірнеше тоннельге кіреберіс маңда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны байқалған. Алайда, газеттің жазуынша, ол жерге үйілген топырақ нысаннан сыртқа шығарлды ма, әлде болашақ шабуылдардан жасырыну үшін тоннельдің кіреберісін бекітуге пайдаланылды ма – ол жағы анық емес. Сондай-ақ уранның газ түрінде сақталып, арнайы ыдыстарда тұрғанын ескерсек, Иран оны қаншалықты жылдам тасымалдай алатыны да белгісіз деп жазады басылым.

Америкалық шенеуніктердің дерегінше, Иранда шамамен 440 килограмм жоғары деңгейде байытылған уран бар. Оның негізгі бөлігі Исфаханда орналасқан. Қазіргі байыту деңгейі 60 пайыз, ал ядролық қару жасау үшін оны 90 пайызға дейін жеткізу қажет.

Axios мәліметінше, АҚШ сондай-ақ стратегиялық маңызы зор ирандық Харк аралын басып алу мүмкіндігін де талқылаған. Иранның шикі мұнай экспортының шамамен 90 пайызы осы арал арқылы елдің өтеді.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда бастаған. Сол күні жасалған әуе шабуылдары барысында елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапты, оған қоса Иранның әскери және ядролық нысандарына шабуылдар жасалды. Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Иравани әскери операция басталғалы бері Иранда 1300-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.

Иран қарымта ретінде Израильге және Таяу Шығыстағы АҚШ базалары орналасқан елдерге зымыран мен дрон атқылады. Олар БАӘ мен Кувейттегі нысандарға әуе шабуылын жасады. Кувейт, Иордания, Бахрейн және Сауд Арабиясы Иран ұшырған зымырандар мен дрондарды қағып түсіргенін хабарлады. Иран Израиль қалаларына да тұрақты түрде зымыран мен дрон атқылап жатыр.

15:32 8.3.2026

Соғыс басталғаннан бері Таяу Шығыстан Қазақстанға 6254 адам оралған

Алматының халықаралық әуежайындағы ұшақтар
Алматының халықаралық әуежайындағы ұшақтар

7 наурыздың кешінен бері Таяу Шығыс елдерінен 1,8 мыңға жуық қазақстандық оралды. Оларды Air Astana, SCAT, FlyDubai және Air Arabia әуе компаниялары ұшақтары 11 рейспен жеткізген. Мұндай ақпаратты 8 наурыз күні таңертең Қазақстанның көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті жариялап, жексенбі күні қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары тағы да бірнеше рейспен Таяу Шығыстан адамдарды елге жеткізбек деп хабарлады.

Алайда нақты неше адам, қай қалалардан келетінін айтқан жоқ.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуе шабуылын жасап, Иран қарымта ретінде Парсы шығанағындағы бірқатар елге дрон және зымыран атқылаған. Алғашқы кезде әуе қатынасы мүлде тоқтап қалып, соғыс өтінде қалған шетелдіктерді еліне қайтуға бірнеше күн өткенде мүмкіндік алған.

Ресми мәліметтер бойынша, 3 наурыздан бері Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға жиынтығы 6254 адам 37 рейспен оралған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, соғыс басталған сәтте Таяу Шығыс елдерінде 10 мыңнан астам қазақстандық болған деп жазды Vlast басылымы.

Тағы

XS
SM
MD
LG