Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

11:24 5.3.2026

"Үйінді астында қалған аятолла" суреті: шын ба, жалған ба?

Иранды 40 жылға жуық билеген, азаматтық еркіндікті шектеп, адам құқықтарын өрескел бұзатын қатал режимнің символына айналған аятолла Әли Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен операциясы барысында әуе шабуылынан қаза тапты.

Оның қазасы туралы хабардан кейін әлеуметтік желіде және қазақстандық кейбір пабликтерде "үйінді астынан табылған Хаменеи" деп сипатталған сурет тараған еді. Желі қолданушылар бір-біріне жиі жолдаған осы суреттегі адам расымен Хаменеи ме, жоқ әлдекімдер қолдан жасап таратқан жалған сурет пе?

Осыған көз жеткізу үшін Азаттық тілшісі әлгі суретті Hive Moderation AI детекторы арқылы тексеріп көрді.

10:39 5.3.2026

Пентагон Кувейтте қаза тапқан бесінші жауынгерінің аты-жөнін атады

АҚШ армиясының майоры Джеффри О’Брайен 2026 жылғы 1 наурызда Кувейттегі Шуайба портына дрон шабуылы кезінде қаза тапқан.
АҚШ армиясының майоры Джеффри О’Брайен 2026 жылғы 1 наурызда Кувейттегі Шуайба портына дрон шабуылы кезінде қаза тапқан.

Пентагон АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы кезінде қаза тапқан бесінші америкалық әскери қызметкердің жеке деректерін жариялады.

Айова штатының тұрғыны, 45 жастағы майор Джеффри Р. О’Брайен 1 наурызда Кувейттегі Шуайба портына жасалған дрон шабуылы кезінде қаза тапты, деп хабарлады Пентагон.

АҚШ пен Израиль күштері 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Иранның қарымта шабуылынан америкалық алты жауынгер мерт болған. Олардың төртеуінің аты-жөнін АҚШ әскери министрлігі бұған дейін жария еткен.

Бесеуі де Айова штатында орналасқан 103-материалдық-техникалық қамтамасыз ету басшылығына қарасты бөлімде қызмет атқарған.

Ал қаза тапқан алтыншы америкалық сарбаз туралы дерек әлі жарияланған жоқ. Пентагон Шуайба портында болған оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқанын мәлімдеді.

АҚШ Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын жариялағаннан кейін президент Дональд Трамп бұл қақтығыста АҚШ тарапынан шығын болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

"Өкінішке қарай, соғыс аяқталғанға дейін тағы шығындар болуы мүмкін", деп мәлімдеген Трамп америкалық сарбаздар арасында алғашқы қаза болғандар жайлы хабар жеткеннен кейін.

08:35 5.3.2026

Қатар АҚШ елшілігі маңынан тұрғындарды эвакуациялады

Қатар астанасы Доха қаласы. 1 наурыз, 2026 жыл.
Қатар астанасы Доха қаласы. 1 наурыз, 2026 жыл.

5 наурызда Қатар билігі осы елдегі АҚШ елшілігі маңында тұратын адамдарды эвакуациялағанын хабарлады. Билік мұны Иранның АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе шабуылына қарымта ретінде дрон мен зымыран атқылауды жалғастырып жатқанына байланысты жасалған қауіпсіздік шарасы деп түсіндірген.

Қатар ішкі істер министрлігінің мәліметінше, АҚШ елшілігіне жақын маңдағы ғимараттарда тұратын адамдар уақытша қауіпсіз жерге көшірілген және уақытша баспанамен қамтамасыз етілген.

АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастаған. Иран қарымта ретінде Израильге және АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылай бастаған, онысын әлі жалғастырып жатыр. Таяу Шығыс аймағындағы жағдай қазір қатты шиеленісіп тұр.

08:15 5.3.2026

АҚШ Сенаты Трамптың әскери өкілеттігін шектеуге қарсы болды

АҚШ Сенаты отырысы (көрнекі сурет)
АҚШ Сенаты отырысы (көрнекі сурет)

4 наурызда АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың әскери өкілеттігін шектеуді қарастыратын қарарды қолдамады. Демократтар ұсынған қарар жобасын 47 сенатор жақтап, 52 сенатор қарсы дауыс берді. Құжат президенттің Конгрессті айналып өтіп, Иранға қатысты әскери іс-қимылдарды ары қарай жалғастыруды бұйыру мүмкіндігін шектеуді көздейді.

Бұл қарар қабылданған жағдайда, Иранға қарсы кез келген келесі әскери шабуылды іске асыру үшін Конгресстің арнайы рұқсаты қажет болар еді. Алайда республикашыл сенаторлардың басым бөлігі президенттің бас қолбасшы ретінде әскери операциялар жүргізу құқығы барын айтып, қарар жобасын қолдамады. Нәтижесінде Ақ үй Иранға қарсы әскери науқанды жалғастыру үшін кең өкілеттік сақтап қалды, ал Конгрессте президенттің соғыс жүргізу құқығы туралы пікірталас әлі де жалғасып жатыр.

АҚШ Конгрессінің қос палатасында қазір республикалық партия басым дауысқа ие.

Ақ үй әкімшілігі Иранға қарсы шабуыл бастауына байланысты демократтар мен кейбір республикалықтар тарапынан сынға қалған еді. Кейбір саясаткерлер соғысты бастау заңдылығын дауысқа салуды ұсынған.

Трамп Иранға қарсы шабуылды жалғастыра беретінін, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы берік ұстанымда екенін мәлімдеген. Ол Иранға қарсы әскери операция бастауға негізгі себептердің бірі ретінде Тегеранның ядролық қару жасау мүмкіндігін жою екенін тағы айтты.

"Есуастың қолында ядролық қару болса, түбі жаман болады", деді Трамп.

Трамп, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху және Батыстың басқа өкілдері Иранды ядролық қару жасауға тырысты деп айыптайды. Ал Тегеран ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Тағы

XS
SM
MD
LG