Сауд Арабиясынан қазақстандықтарды алып қайтқан ұшақ Атырауға қонды
4 наурыз түнде Атырау қаласына Сауд Арабиясының Медина қаласынан бір топ қазақстандық ұшақпен жетті. Олар елге Air Astana компаниясының чартерлік рейсімен оралды деп хабарлады ҚазАқпарат.
Сауд Арабиясына кіші қажылыққа (ұмра) барған қазақстандықтар 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, Таяу Шығыста жағдай күрт шиеленісіп кеткен соң елге қайта алмай қалған, олар мінген ұшақта барлығы 200 адам болған деп жазды Atyrau.Today басылымы.
Осыдан кейін оларды Атырау арқылы елге қайтару туралы шешім қабылданды. 3 наурыз күні қазақстандықтарды алып келу үшін төрт ұшақ Сауд Арабиясына аттанған: олардың үшеуі Атырауға, тағы бірі – Ақтауға оралады деп жоспарланған. Алдын ала ақпарат бойынша, Сауд Арабиясынан Атырауға 3 чартерлік рейспен 600-ге жуық адам жеткізілуге тиіс.
Атырауға алғашқы ұшақпен жеткендер арасында Алматы, Шымкент, Астана мен басқа өңірлердің тұрғындары бар, олардың айтуынша, Мекке, Жидда және Медина қалаларында жағдай тыныш болған, адамдар арасында дүрбелең байқалмаған, деп жазды атыраулық басылым.
Сейсенбі күні FlyDubai әуе компаниясының екі ұшағы 306 Қазақстан азаматын Дубайдан Алматы мен Астанаға жеткізген.
Бұған дейін Air Astana компаниясы егер Сауд Арабиясы мен Египеттің авиация саласын басқаратын ұйымдарынан тиісті рұқсат алған жағдайда 3 наурыз күні қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Мединаға екі рейс және Жиддаға екі рейс аттандыруды жоспарлап отырғанын айтқан.
Сыртқы істер министрлігінің осыған дейін жариялаған дерегінше, Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар: шамамен 3,5 мыңы – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 3 мыңға жуығы – Сауд Арабиясында және 1,5 мыңға жуық адам – Қатарда.
БАҚ: өлген Әли Хаменеидің орнын оның ұлы басады
АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің орнын оның ұлы 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи баспақ. "Неміс толқыны" медиасы дереккөздерге сүйеніп осылай деп хабарлады. Дереккөздің айтуынша, мұндай шешім Ислам революциясы сақшылар корпусының қысымымен қабылданған және шешімді қабылдауға жоғары шииттік басқарманың 88 өкілі қатысқан.
Иранның келесі жоғарғы басшысын сайлауға жауапты Сарапшылар кеңесінің сейсенбіде онлайн форматта өткен отырысында марқұм аятолланың ұлы айқын фаворитке айналды, деп жазды New York Times басылымы талқылау барысымен таныс үш ирандық шенеуніктің сөзіне сүйеніп. Олардың айтуынша, әуелгіде Мұжтаба Хаменеиді әкесінің мұрагері деп жариялау сәрсенбі таңертеңге жоспарланған. Бірақ кейін бұл оны АҚШ пен Израильдің нысанасына айналдыруы мүмкін деген қауіп айтылған.
New York Times мәліметінше, жаңа көшбасшы таңдаудың шешуші кезеңіне өткен өзге кандидаттар арасында аятолла Хаменей өлтірілгеннен кейін құрылған үш адамнан тұратын уақытша кеңестің мүшесі, ықпалды шиит дінтанушысы әрі заңгер Әлиреза Арафи және Иран ислам республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейнидің немересі Хассан Хомейни бар. Арафи мен Хомейни байсалды саясаткерлер саналады, Хомейни саяси және әлеуметтік шектеулерді жұмсартуды жақтайтын реформаторлық қанатқа жақын адам деп жазады газет.
Ал Мұжтаба Хаменеи Ислам революциясы сақшылары корпусымен тығыз байланыстағы тұлға саналады. Сақшылар корпусы оны әкесінің орнын басуға лайық деп, қазіргі дағдарыс кезеңінде Иранды басқаруға қажет біліктілікке ие екенін алға тартқан. Кей сарапшылар егер ақпарат рас болса, онда бұл жаңа көшбасшы таңдауда қатал ұстанымды жақтайтындардың дегені болғанын білдіреді дейді.
Әзірге Мұжтаба Хаменеи өлген әкесінің орнын басатынын растайтын ресми хабар болған жоқ.
Әли Хаменеидің қазасынан кейін Иранды үш адам: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің жетекшісі Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және конституция сақшылары кеңесінің мүшесі Әлиреза Арафи кіретін кеңес уақытша басқарып отыр.
Бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы міндетін уақытша атқару ықпалды шиит дінтанушысы Әлиреза Арафиге жүктелген еді.
Аятолла Әли Хаменеи Иранды 1989 жылдан бері билеп келген. Ол 28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың Тегеранға жасаған әуе шабуылы кезінде қаза тапты. Елде жоғары көшбасшыны ислам құқығы саласының маманы саналатын 88 өкілден тұратын Сарапшылар кеңесі сайлайды. Сарапшылар кеңесінің құрамы 8 жыл сайын ауысып отырады. Кеңестің қазіргі құрамы 2024 жылы сайланған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы өткен сенбіде бастаған әскери операциясы әлі жалғасып жатыр. АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып отыр. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылап жатыр. Таяу Шығыс аймағындағы жағдай қатты шиеленісіп тұр.
HRANA құқық қорғау тобы: Иранда 1000 аса бейбіт тұрғын қаза тапқан
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) құқық қорғау тобының 3 наурызда жариялаған мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған 28 ақпаннан бері Иранда 1097 бейбіт тұрғын қаза тапқан, соның 181-і – 10 жасқа дейінгі балалар.
Бұдан бөлек, осы кезеңде құрбан болған 880 адам жайлы деректер қазір тексеріліп жатыр деп хабарлады құқық қорғаушылар.
HRANA дерегінше, бейбіт халық арасында жараланғандар саны 5 402 адамға жеткен, оның арасында 100 бала бар.
Құқық қорғаушы ұйым 3 наурызда жариялаған жаңа деректерге сәйкес, кейінгі 24 сағат ішінде Иранның 19 провинциясында кемінде 104 шабуыл тіркеліп, 31 адам зардап шеккен.
HRANA әскери базаларға қоса медицина мекемелері мен тұрғын аудандар шабуылға ұшырағанын хабарлаған.
Пентагон Иранмен соғыста қаза тапқан алғашқы сарбаздарының аты-жөнін жариялады
3 наурыз күні АҚШ әскери министрлігі Кувейттегі Шуайба портына жасалған дрон шабуылы кезінде қаза тапқан төрт америкалық жауынгердің есім-сойын жариялады.
Мәлімдемеде айтылғандай, 2026 жылғы 1 наурызда Шуайба порты аймағында дрон шабуылынан қаза тапқан төртеуі де Айова штатының Де-Мойн қаласында орналасқан 103-материалдық-техникалық қамтамасыз ету басшылығына қарасты бөлімде қызмет атқарған.
"Оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр", делінген хабарламада.
Қаза тапқан төрт жауынгердің аты-жөні белгілі болды:
- Флорида штатының тұрғыны, капитан Коди А. Хорк, 35 жаста;
- Небраска штатының тұрғыны, бірінші дәрежелі сержант Ноа Л. Титженс, 42 жаста;
- Миннесота штатының тұрғыны, бірінші дәрежелі сержант Николь М. Амор, 39 жаста;
- Айова штатының тұрғыны, сержант Деклан Дж. Коуди, 20 жаста.
Иранның алғашқы қарымта шабуылы кезінде тағы екі америкалық әскери қызметкер қаза тапқан, алайда олардың аты-жөні әзірге жарияланған жоқ. Бірнеше адам ауыр жараланған.
АҚШ Иранға қарсы ауқымды әскери операциялар бастағанын жариялағаннан кейін президент Дональд Трамп бұл қақтығыста АҚШ тарапынан шығын болуы мүмкін екенін ескерткен еді.