Accessibility links

Таяу Шығыстағы ахуал күрделі кезде Израиль президенті Астанаға келді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль президенті Ицхак Герцог. Астана, 27 сәуір, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль президенті Ицхак Герцог. Астана, 27 сәуір, 2026 жыл.

27 сәуірде Израиль президенті Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Израиль басшысын салтанатты түрде қарсы алды. Содан кейін екі ел өкілдері арасында келіссөз өтті.

Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылғанын атап өтіп, Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне "үлес қосуға дайын екенін" айтты.

Ицхак Герцог Израиль делегациясы құрамында "жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар" бірге келгенін айтып, Астанамен өзара ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Соңғы кездері, әсіресе Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылған 2025 жылғы қарашадан бері екі елдің қарым-қатынасы жақсара түскен.

2026 жылғы қаңтарда Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар 16 жыл ішінде алғаш рет Қазақстанға сапармен келген. Сол жолы екі ел арасында визасыз барыс-келіс туралы меморандумға қол қойылған.

Израиль басшысы Қазақстанға Таяу Шығыстағы ахуал ушығып тұрған тұста келді. АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуеден шабуыл жасап, қарымта ретінде Иран Израильді және АҚШ-тың аймақтағы базаларын нысанаға алып, мұнай тасымалданатын маңызды өткел Ормуз бұғазын жапқан. Иран мен АҚШ арасындағы Исламадта өтеді деген кезекті келіссөз болмай қалды. Тегеран Американың қойған шарттарын қабылдамайтынын мәлімдеді. Трамп болса Иран келісімге келсе өзі хабарлассын деген.

Таяу Шығыстағы дағдарыс бойынша көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Астана Иран соққыларынан зардап шеккен Парсы шығанағы елдеріне қолдау білдірген және Иранның араб елдеріне, Әзербайжанның Нахчыван аймағына шабуылын айыптаған. Наурыз айында журналист сауалына жауап берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Месуд Пезешкианның араб елдеріне шабуыл жасамаймын деген сөзін "құптағанын", бірақ, кейін ол сөзі "іс жүзінде жоққа шығарылғанын" еске салды. Оның айтуынша, Иран президентінің қолында толық билік жоқ, ол "формалды түрде мемлекет басшысы болғанымен, басты тұлға емес".

Астана 2025 жылғы желтоқсанда Иран президенті Месуд Пезешкианды қабылдаған. Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Иранды Қазақстанның Таяу Шығыстағы "сенімді серіктесі" деп атаған.

XS
SM
MD
LG