Accessibility links

Тоқаев Astana LRT жүйесін іске қосты

Алғаш іске қосылған Astana LRT жүйесі құрамында отырған президент Қасым-Жомарт Тоқаев және өзге шенеуніктер, жобаны салған қытайлық компания өкілдері. Астана, 16 мамыр 2026 жыл.
Алғаш іске қосылған Astana LRT жүйесі құрамында отырған президент Қасым-Жомарт Тоқаев және өзге шенеуніктер, жобаны салған қытайлық компания өкілдері. Астана, 16 мамыр 2026 жыл.

16 мамырда Astana LRT жүйесі іске қосылды. Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны іске қосқаны көрінетін видео жариялады. Бұған дейін Астана билігі бұл транспорт қаладағы көлік жүктемесін азайтып, әуежай мен негізгі бағыттар арасындағы қатынасты жеңілдететінін айтқан.

Ресми ақпаратқа қарағанда, LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдай алады. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді. Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған.

Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы – шамамен 40 минут. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді. Транспорт таңғы алтыдан түнгі 23:00-ге дейін жүреді, ал билет құны 200 теңге болмақ.

Astana LRT жүйесінің іске қосылған сәті. 16 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.
Astana LRT жүйесінің іске қосылған сәті. 16 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.

Ақорданың хабарлауынша, қазір LRT жобасының екінші кезегі де жүзеге асырылып жатыр.

"Атап айтқанда, «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы, Қосшы қаласы бағыты бойынша жаңа желінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 20 станциядан тұратын екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Astana LRT жүйесінің іске қосылуы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. 17 мамырда Тоқаев 73-ке келеді. Бұған дейін ол туған күнін тойламайтынын және өзінің туған күніне орай мерекелік іс-шаралар қажет емес екенін айтқан.

LRT – Қазақстандағы ең даулы жобалардың бірі. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, оны "даулы жоба" деп атаған. Бірақ кейін қосымша қаржы қарастырылып, LRT құрылысы аяқталатын болды.

2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.

Былтыр мамырда Талғат Ардан Түркияда ұсталғаны мәлім болды. Сол айда LRT-дағы ақша жымқыру ісі бойынша бір топ адамға үкім шықты.

Айдар
XS
SM
MD
LG