Accessibility links

LRT Астанадағы қоғамдық көлік мәселесін шеше ала ма?

Астана LRT жобасы.
Астана LRT жобасы.

Астанада LRT құрылысы 20 жылдан кейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Пойыздар былтыр қыркүйектен бері сынақ ретінде жүре бастаған. Астана билігі бұл транспорт қаладағы көлік жүктемесін азайтып, әуежай мен негізгі бағыттар арасындағы қатынасты жеңілдетеді дейді.

LRT ресми түрде 17 шілдеде ашылмақ. Ашылатын уақыт Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді.

20 жылдай уақыт алған жоба 22,4 шақырымды құрайды және 18 стансадан тұрады. Транспорт таңғы алтыдан түнгі 23:00-ге дейін жүреді, ал билет құны 200 теңге болмақ.

"ЖЕМҚОРЛЫҚ ЕСКЕРТКІШІ", АҚША ЖЫМҚЫРУ, ҚЫТАЙДАН НЕСИЕ

2005 жылы жобасы пайда болған LTR құрылысы 2011 жылы басталғанымен, жемқорлық дауларына байланысты тоқтап қалған.

2022 жылы президент Тоқаев Астанадағы жеңіл рельсті транспорт жүйесін жемқорлық исі мүңкіген жоба деп атап, оны қайтсе де аяқтау керегін айтқан.

LRT жобасы Қазақстанды отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев тұсында басталған. Жобаға жауапты ретінде "Астана LRT" компаниясы құрылып, Талғат Арын басшы болып тағайындалды. Ал Назарбаевтың өзі 2011 жылы құрылысын ресми бастап берген еді. Бірақ 2013 жылы билік жоба қымбатқа шығады деп құрылыстан бас тартқан. Бірақ 2015 жылы Қытай компанияларымен LRT салу бойынша келісім жасалып, Қытай мемлекеттік даму банкі 1,8 млрд доллар несие беруге келіскен еді.

Ақпаратқа қарағанда, 267 млн доллар, яғни 90 млрд теңгеден астам қаржы "Астана LRT" компаниясынан "Астана банкіне" салым ретінде түскен. Кейін банк банкротқа ұшырап, қаржы ұшты-күйлі жоғалды. Кім, қалай, қайда әкетті – белгісіз. Ал Қытай банкі алдындағы қарызды мемлекет өтеді. Аяқталатын мерзімі бірнеше рет шегерілген LRT құрылысы 2019 жылы тоқтап қалды. Бұдан кейін басталған тергеу, сот істерінің Қытайдан аударылған ақшаға тікелей қатысы жоқ.

2019 жылға дейін тұрғызылған LRT бағаналары елде "Жемқорлық ескерткіші" деп те аталып кетті.

LRT бағаналары.
LRT бағаналары.

2020 жылы сот басталып, үш жылдан соң тоғыз адамға үкім шықты. Сот құрылысқа жауапты лауазымды шенеуніктер мен бизнес өкілдерін 5,7 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстық схеманың негізгі ұйымдастырушылары — шетелге қашып кеткен бұрынғы әкім орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан сырттай жеті жылға сотталды. Басқа төрт адам 7-8 жылға түрмеге кесілсе, тағы үш адамға шартты жаза алды.

Былтыр мамырда Түркияның Анталья қаласында Талғат Ардан ұсталған. Қазақстанның Бас прокуратурасы Арданды қылмыскер ретінде қайтару үшін экстрадициялауға сұрау салған. Бірақ Түркия тарабы бұл сұрау бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Оған 2024 жылы қызмет өкілетін асыра пайдалану бабымен тағы бір үкім шығып, 7 жыл жазасы 9 жылға ұлғайған.

Ал Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та жүр. Қазақстан Бас прокуратурасы оны экстрадициялау бойынша жұмыс жүріп жатқанын хабарлаған, бірақ екі ел арасында ұстап беру туралы екіжақты келісімнің жоқтығы бұл процесті қиындатып отыр деп мәлімдеген.

"LRT МӘСЕЛЕСІН ТЫМ САЯСИЛАНДЫРЫП ЖІБЕРДІК"

Архитектор Айдар Ерғали LRT жобасы төңірегіндегі ақпарат тым саясиланып кетті дейді. Оның сөзінше, осындай жобалардың іске асуы қалыпты жағдай болуы керек. Азаттық архитектормен LRT жобасының экономикалық шығыны мен пайдасы жайлы сұхбаттасты. ЛРТ-ның экономикалық шығыны мен пайдасы туралы да пікірін айтты.

Азаттық: Астанада көптен күткен жеңіл релсті қоғамдық көлік жүйесі, яғни LRT іске қосылғалы жатыр. Бұл Астанадағы қоғамдық көлік мәселесін шеше ала ма? Яғни, қаладағы қазіргі қоғамдық көліктердің жүгін жеңілдете ме?

Архитектор Айдар Ерғали.
Архитектор Айдар Ерғали.

Айдар Ерғали: LRT қоғамдық көліктердің жүгін белгілі бір мөлшерде азайтары анық. Бірақ LRT Астанадағы жолаушылар қозғалысында айтарлықтай әсер етеді деп айтуға әл ерте. Өйткені Астанада 1,5 млн адам тұрады, қала кішкентай емес. Салынған жол қала халқының көбін қамтиды дегенде күмәнім бар, әрі кетсе 10-15 пайызын қамтитын сияқты.

LRT – қазіргі заманауи талапқа сай келетін көлік жүйесі, оның ешқандай бір ерекшелігі жоқ. Біз LRT мәселесін тым саясиландырып жібергендейміз, әңгіме тым көп. Бұл осы қаладағы көліктің бір түрі ғана. Біз LRT әлемдегі басқа елде жоқ сияқты көрсетіп жатырмыз. Жаңалық ашып, салған жоқпыз.

Азаттық: LRT құрылысының 20 жылға созылғанын білесіз. Билік бірде керек деді, бірде шығыны көп, өзін ақтамайды деді. Бірде тоқтап, бірде қайта жалғасып, енді ашылғалы жатыр. Ортасында жемқорлық мәселесі де көп кедергі болды. Қалай ойлайсыз, бұл жоба өзін өзі ақтай ма?

Айдар Ерғали: LRT жүйесі басқа да көлік жүйелері сияқты шығындары екіге бөлінеді. Бірі – құрылысқа кеткен шығын. Ол бір рет шығындалатын, бір рет бөлінетін ақша және ол қайтпайды. Екіншісі – күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін, күнделікті шығындарының жиынтығы. Сондықтан екінші шығын ақылға сыйымды, тиімді болуы болуы керек. Себебі бұл қаланың бюджетіне ілініп тұрған үлкен жүк.

Астана LRT жобасы.
Астана LRT жобасы.

Азаттық: Әлеуметтану тұрғысынан қарағанда, қалада қоғамдық көлік ыңғайлы, жайлы болса, уақытында жүрсе, кешікпесе әрі жолаушылар көлік ішінде өздерін жайлы сезінсе, олардың жұмыстағы белсенділігі, өнімділігі күшті болады деген де пікір бар. Яғни, таңертең жұмысына келгенше жолда ешкіммен ұрысып-керіспесе, көңіл-күйі жақсы болып жетсе жұмысты да сол деңгейде жалғастырады дегендей ғой. Қазақстан билігі үлкен қалалардың қоғамдық көлік жүйесін жоспарлағанда осындай пікірді ескереді деп ойлайсыз ба?

Айдар Ерғали: Қоғамдық көліктің ең маңыздысы – адамдардың уақытын үнемдеу. Екі сағатта жететін жерге бір сағатта барса, бұл экономикаға да тиімді. Біздегі қалалардағы қоғамдық көлік жүйелері жол кептелістерін азайту үшін емес, ең алдымен, экономиканың қарқынды дамуына үлес қосу мақсатында жасалады. Жол кептелісі – екінші мәселе. Мұндай жобалар қысқа мерзімде экономикалық пайда әкелмесе де, ұзақ мерзімде ел үшін, экономика үшін өте маңызды.

Айдар
XS
SM
MD
LG