Accessibility links

Тоқаев Рахмонды Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады

Тәжікстан және Қазақстан басшылары Эмомали Рахмон және Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Астана, 7 қараша 2026 жыл.
Тәжікстан және Қазақстан басшылары Эмомали Рахмон және Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Астана, 7 қараша 2026 жыл.

7 қарашада Астанада Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Ақорданың жазуынша, президент резиденциясы алдында Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік туларын желбіретіп ұшырды. Бұдан соң Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Екі жақ арасындағы келіссөз кезінде Тоқаев екі ел арасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артқанын жеткізді. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді деді.

"Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр" деді Қазақстан басшысы.

Тоқаев сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да кеңейгенін айтты. 7 қарашада екі ел басшылары Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатыспақ.

Өз кезегінде Тәжікстан басшысы Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіретінін атап өтті.

"Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш" деді Эмомали Рахмон.

Ақорданың жазуынша, Тоқаев тәжік әріптесін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады. Марапаттау кезінде Тоқаев Эмомали Рахмонның "Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сан қырлы байланыстарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына" назар аударды. Рахмон Тоқаевқа алғыс айтты.

Келіссөздің соңына қарай Тоқаев пен Рахмон Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындайтын бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ақорданың жазуынша, екі елдің ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты. Арасында Қазақстан мен Тәжікстан арасында "Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадр даярлау саласындағы келісім", электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, тау-кен өндіру және тау-кен металлургиясы салаларындағы жобаларды дамыту мақсатында ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы келісім бар.

БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында "қандай да бір шешілмеген немесе түйіні тарқамайтын мәселе жоқ" екенін айтты.

Ресми ақпаратқа қарағанда, былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі 11 пайызға өсіп, шамамен 600 миллион долларды құраған. Бұл – бүкіл тауар айналымының тең жартысы. Екі жақ тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалғаны айтылды. Авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады.

Қазақстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы соңғы жылдары стратегиялық әріптестіктен одақтастық деңгейіне көтерілді. Әсіресе 2024–2026 жылдары екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер жиілеп, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастыққа басымдық берілді. Қазақстан мен Тәжікстан Орталық Азиядағы бірнеше маңызды мәселе бойынша ортақ мүддеге ие. Мысалы, екі ел Еуропа, Кавказ және Оңтүстік Азия нарықтарына шығатын көлік дәліздерін дамытуға мүдделі.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG