Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азиядағы жанармай тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Алайда мәселе мұнай өңдеу қуатының жетіспеуінде ғана емес. Сарапшылардың айтуынша, өңірге ең алдымен толыққанды мұнай және мұнай өнімдері нарығы қажет. Оған тұрақты шикізат көзі, тасымал инфрақұрылымы, жанармайды ішкі нарыққа сатуды тиімді ететін экономикалық модель керек. Құр зауыттың өзі импортқа тәуелділікті азайта қоймас.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азияға тағы бір мұнай өңдеу зауыты қажет деп санайды. Ол мұны тамыздың басында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде мәлімдеді.
Рахмон негізінен өңірдің ішкі қажеттіліктеріне бағытталған ірі зауыт салуды ұсынды.
"Бүгінгі күннің жағдайын ескере отырып, осы аса маңызды мәселені бірге отырып байыппен ойластырайық" деді Тоқаев.
Бір қарағанда, бұл ұсыныс қисынды көрінеді: Қырғызстан мен Тәжікстан импорттық жанармайға, ең алдымен Ресейден келетін отынға қатты тәуелді. Алайда іс жүзінде Орталық Азиядағы мәселе мұнай өңдеу қуатының жетіспеуінде ғана емес.
Орталық Азиядағы ірі мұнай зауыттары
Қазірдің өзінде өңірде бірнеше ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр.
Әлеуеті тұрғысынан ең қуаттысы – Түркіменбашы мұнай өңдеу кешені. Ол Түрікменстанның батысында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан және теория жүзінде жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдей алады. Алайда іс жүзінде зауыттардың қуаты шамамен жартылай ғана пайдаланылады.
Түрікменстанның шығысындағы Сейдин зауыты өңірдегі көрші елдерге жақынырақ орналасқан. Оның жобалық қуаты – жылына 6 миллион тонна. Бірақ оның да нақты жүктемесі айтарлықтай төмен. Биылғы бірінші тоқсанда зауыт 100 мың тоннаға жетер-жетпес мұнай өңдеген.
Қазақстанның үш ірі зауыт Атырау, Шымкент және Павлодар қалаларында орналасқан. Ел билігі алдағы уақытта олардың қуатын айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр.
Атырау зауыты елдің батыс өңірлеріндегі мұнайды өңдейді. Ол жобалық қуатына жуықтап жұмыс істеп, жылына шамамен 5,5 миллион тонна мұнай өңдеп отыр. Оның қуатын тағы 1 миллион тоннадан астамға арттыру жоспарланған.
Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент зауыты Кенқияқ – Құмкөл мұнай құбыры арқылы елдің батысындағы мұнайды алады. Оның қуаты – жылына шамамен 6 миллион тонна. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарланған.
Елдің солтүстігіндегі Павлодар зауытының қуаты – жылына 6 миллион тонна. 1978 жылы пайдалануға берілген зауыт негізінен Батыс Сібір мұнайына бейімделіп салынған және бүгінге дейін Омбы – Павлодар мұнай құбыры арқылы келетін ресейлік шикізатты негізінен өңдейді. Оның қуатын 9 миллион тоннаға дейін арттыруға болады.
Өзбекстанда мұнай өңдейтін екі кешен бар. Ферғана зауыты мен Алтыарық өндірістік алаңының қуаты – жылына шамамен 6 миллион тонна мұнай болғанымен, іс жүзіндегі өңдеу көлемі әлдеқайда аз.
Жылына 2,5 миллион тонна мұнай өңдеуге шамасы келетін Бұхара зауыты мұнаймен бірге газ конденсатын да өңдейді.
Қырғызстан мен Тәжікстанда шағын зауыттар бар-ақ, бірақ олар аймақтағы сұранысты өтеуге әсер ете алмайды.
Жаңа мұнай зауыттары көмектесе ме?
Орталық Азия елдеріндегі кей зауыттардың толық жұмыс істемей тұрған себебі – оларға шикізат жетіспейді.
Тапшылық әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстанда байқалады. Бұл екі ел бензиннің едәуір бөлігін Ресейден импорттайды және оны әлемдік нарықтан төмен бағада алады. Бұл тұрғыда Бішкектің Мәскеуге тәуелділігі жоғары, себебі Қырғызстан өзіне керек бензиннің 90 пайызын Ресейден алдырады.
Бұл тәуелділік Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағалы қауіпті бола түсті. Ол қауіп Украина қарулы күштері Ресейдегі мұнай зауыттарына дронмен шабуылдай бастағалы қаттырақ байқалды.
Тәжікстанның Хатлон облысында Даңғара мұнай өңдеу зауыты салынып бітті. Оның құрылысына Қытай қатысқан. Зауыт жылына кемі 500 мың тонна мұнай өңдей алады.
Алайда ол бірнеше жыл бойы шикізатсыз бос тұрды: мұнайды қолайлы шарттармен тұрақты жеткізу жөнінде келісім жасалмаған. Қазақстаннан, Түрікменстаннан, Ираннан мұнай жеткізу жолдары қарастырылған еді, бірақ олардың ешқайсысы жүзеге асқан жоқ.
2025 жылы Даңғара зауыты сынақ тәртібінде жұмыс істей бастады. Бірақ тұрақты мұнай көзі табылмай табысқа шығу мүмкін емес дейді әлемдік энергетикалық нарық жөніндегі тәуелсіз сарапшы Борис Аронштейн.
"Бұл – басты мәселе. Жылына кемінде 1-2 миллион тонна көлемінде [шикізатпен] қамтамасыз ету қажет. Егер мұндай көлем болмаса және зауыт толық қуатында жұмыс істемесе, инвестицияның өтелуі күрт төмендейді. Өйткені зауыт жылына 1 миллион тоннадан аз мұнай өңдейтін болса, кеткен қаражатты ақтаумен шектеліп, одан кейін шығын басталады" дейді Аронштейн.
Мұнайды тұрақты түрде жеткізіп отыруға логистикалық тізбектің болмауы себеп. Орталық Азия елдерінің мұхитқа шығатын жолы жоқ. Сондықтан олар мұнайды танкерлермен тасымалдай алмайды. Бұған қоса, өңірдің мұнай инфрақұрылымының едәуір бөлігі бұрыннан Ресейдің жеткізу және өңдеу жүйесіне сүйенді.
Қазір енді бұрынғы логистикалық байланыстардың бұзылуы аймақ елдерін жаңа бағыттар құруға итермелеуі мүмкін дейді Глазго университетінің Еуразиялық зерттеулер профессоры, саясаттанушы Лука Анчески.
"Мәселе мынада: теңізге шыға алмайтын Орталық Азияның географиялық жағдайында ресурстарды игеру үшін инфрақұрылымға, яғни мұнай құбырлары мен газ қоймаларына ұзақ мерзімді инвестициялар қажет. Бұл мәселенің шешімін қысқа мерзімде жүзеге асыруды қиындатады. Егер іске асырса, олар толыққанды өңірлік нарық құра алар еді. Әсіресе Қазақстан мен Түрікменстанда бар артық ресурстар Орталық Азиядан тыс жерлерге экспортталмай, өңірді қамтамасыз етуге пайдаланылар еді" дейді Анчески.
Сондықтан, мәселе зауыт сала бергеннен шешіліп кетпейді. Аймақтағы жанармай нарығын барынша дербес қылу үшін логистикалық тізбек құру керек. Мәселен, Қазақстанның батысындағы шикі мұнай аймақтағы өзге елдердің зауыттарына жеткізуге болар еді. Ол үшін инфрақұрылымға инвестиция ғана емес, мемлекеттер арасындағы келісімдер де қажет.
Орталық Азияда Ресей мұнайын өңдеуге бола ма?
Қазақстан өз аумағындағы үш зауыттың қуатын арттырып қана қоймай, төртінші зауытты салуды қарастырып отыр. Жобалық қуаты бойынша, ол жылына 10 миллион тоннаға дейін өңдей алуы керек. Мамыр айында билік жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталғанын хабарлады.
"Қазақстанда қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жобасы практикалық іске асыру кезеңіне өтуде. Жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу басталды.
Қазақстанда болашақта мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы мүмкін ірі мұнай өңдеу кешенін салуға дайындық жүріп жатыр" деп хабарлады Қазақстан энергетика министрлігінің сайты.
Бірақ Қазақстан зауыттарына да мұнай жетіспеуі мүмкін. Сірә, бұл ел өзі өңдей алатын көлемнен әлдеқайда артық мұнай өндіреді. Алайда оның едәуір бөлігі шикізат күйінде сыртқа экспортталады. Қалыптасқан логистика және келісімшарттар талабы сол.
"Қазақстан жылына тағы 10 миллион тонна мұнайды қайдан алады? Егер дәл қазір Ресейге осындай тағы бір зауыт іске қосылса, Ресейдің өзі де оны игере алмас еді. Қазір оның қуаты шегіне жетіп жұмыс істеп тұр. Қазақстанның кен орындары да шегіне жетіп жұмыс істеп жатыр" дейді Борис Аронштейн.
Бірақ Украина күштері Ресейдегі өңдеу зауыттарына соққы жасауға көшкендіктен, Мәскеу шикізаттың бөлігін Қазақстанға жіберуге мүдделі болуы ықтимал. Шілденің аяғында Reuters Қазақстан энергетика министрлігіндегі дереккөзіне сілтеп, Астана мен Мәскеу ресейлік мұнайды Қазақстан зауыттарында өңдеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Мақсат — "алынған өнімді кейін Қазақстан ішінде сату және оның бір бөлігін Ресей Федерациясына экспорттау". Министрлік мұнай көлемін, өңдеу шарттарын немесе келіссөзге қатысқан нақты зауыттарды атамады.
Алайда сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның ресейлік шикізатты өңдеуге немесе Ресейге жанармай жеткізуге араласуы Астана үшін қосалқы санкция қаупін тудырады. Оның үстіне бұл Қазақстанның беделіне жақсы әсер ете қоймас.
Тағы бір мәселе — жанармай өндірісінің экономикасы. Орталық Азияның көптеген елдерінде бензин бағасы ұзақ уақыт бойы мемлекеттік реттеу, субсидиялар немесе Ресейден салыстырмалы түрде арзан тасымал арқылы нарықтан төмен деңгейде ұсталып келді. Сондықтан жаңа зауыттар жанармайды негізінен ішкі нарықта сататын болса, инвестицияның өзін ақтауы оңай болмайды.
Нәтижесінде өндірушілердің алдында дилемма туындайды: жанармайды аймақ ішінде арзан бағамен сата ма, әлде көбірек пайда табуға болатын сыртқы нарықтарға экспорттай ма?