Accessibility links

Тоқаев Польшада "тыңшылық" күдігіне ілінген қазақстандықты босатуға көмектесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Польшада “тыңшылық” күдігіне ілінген қазақстандықты босатуға көмектесті. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

“Польша Республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққаны белгілі. Мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді” деп жазды баспасөз хатшысы.

“Өзге елдің әскери барлау қызметіне тыңшылық жасады" деп күдікке ілінген қазақстандықтың босатылуына, Айбек Смадияровтың сөзінше, Беларусь және Ресей президентері де атсалысқан. Сол үшін Тоқаев оларға алғыс айтқан.

“Мемлекет басшысы таяуда Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды” деп жазды баспасөз хатшысы.

Тоқаев бұған қоса, Польша билігіне “орын алған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп” хат жолдамақ.

Бір күн бұрын қазақстандық саясаттанушы Арсен Сәрсеков дереккөзге сүйене отырып, өзінің телеграм-арнасында аталған қазақстандық Польша мен Беларусь арасында "беске бес" формуласы бойынша жүргізілген алмасу барысында босатылып, Қазақстанға оралғанын жазған. Оның сөзінше, оған тағылған айып толық алынған.

Дереккөзге сүйенген оның айтуынша, Қазақстанның арнайы қызметі бұл іске белсене кіріскен.

"Барлық жұмыс Қазақстан президентінің тапсырмасымен және оның жеке бақылауында жүргізілді" деді Сәрсеков.

Былтыр тамызда Польшада "тыңшылық жасады" деген күдікпен қазақстандық әскери атташенің көмекшісі ұсталғаны белгілі болды. Польша билігінің айтуынша, күдікті “Польша мен оған одақтас әскери құрылымдарына қатер төндіру мақсатында тыңшылықпен айналысқан”. Польша ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті Ресей мүддесіне орай "тыңшылық жасаған болуы мүмкін". Күдікті айыпты мойындамаған.

БАҚ-тың жазуынша, оның аты-жөні Әнуар Бәкібай. Шамамен 30-35 жаста. Екі баласы бар, бірі Киевте туған. Ресейдің әскери оқу орнын бітірген. "Бәсе" оппозициялық арнасы оның Павлодар тумасы екенін жазды.

Кейбір телеграм-арналар күдікті ұсталған орын – Быдгощ қаласында НАТО мен Украина бірігіп басқаратын алғашқы әскери-азаматтық ұйым – Украина мен НАТО-ның талдау, дайындық пен білім беру орталығы (JATEC) орналасқанына назар аударды. Орталық Украинаның әскери кезеңдегі тәжірибесін талдап, НАТО елдерімен майдандағы соңғы жаңалықтарды бөліседі, бұған қоса, жаңа технологиялар мен сабақтарды, жаңа оқыту мен дайындық жүйелерімен ақпараттандырып отырады.

Былтыр қазанда Қазақстан азаматтық қоғамының өкілдері Польшада тыңшылық күдігімен ұсталған қазақстандыққа қатысты Еуроодақ пен Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясына (ПАСЕ) үндеу жасаған. Үндеу авторлары Қазақстан арнайы қызметінің Кремльге "жүйелі тәуелділігі" туралы айтып, ұсталған қазақстандықтың кейсі соған дәлел екенін атап өткен. Олар Қазақстанның өз ішінде тәуелсіз ойлайтын, пікірін ашық айтатын азаматтарды қудалау жүріп жатқанын алға тартып, Еуроодақ пен ПАСЕ, ЕО үкіметтері "тыңшылық күдігіне ілінген офицерді Ақордаға құтқаруына көмектеспеуі керек деп санаймыз" деп жазды.

Айдар
XS
SM
MD
LG