Accessibility links

Тоқаев сыртқы саясатта Қазақстан мүддесін қаншалық қорғай алды? Досым Сәтпаевпен сұхбат


Владимир Путин Қазақстанға сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. 9 қараша 2023 жыл.
Владимир Путин Қазақстанға сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. 9 қараша 2023 жыл.

Белгілі қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев 2023 жылы Қазақстан Ресейдің экономикалық сателлиті, яғни көршілеріміздің көлеңкелі ойынының бір бөлшегі деген статусты қалай алғаны жайында сөз етті. Азаттыққа берген сұхбатында ол биыл, Украинада соғыс жүріп жатқан уақытта, Ресей мен Қазақстаның экономикалық және саяси қарым-қатынасы қалай өрбігеніне кеңінен тоқталады.

САНКЦИЯНЫ АЙНАЛЫП ӨТУГЕ КӨМЕК

Тексерістер мен қосарлы қолданыс тауарларының импорт-экпортының статистикасына қатысты жанама дәлелдер болғанына қарамастан Астана Мәскеуге санкцияны айналып өтуге көмектесетінін ресми мойындаған жоқ. Қазақстан неге белгілі жайтты мойындамайды? Тоқаев пен оның қол астындағылардың бұл месседжі қай аудиторияға арналған?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Екі аудитория да бар. Біріншісі – халықаралық қауымдастық. Қасым-Жомарт Тоқаев ол жерде де екі орындыққа қатар отырғысы келеді. Бір жағы Батыспен ара-қатынаста Александр Лукашенконың деңгейіне түскісі келмейді. Оның үстіне Батыс былтырдан бері Қазақстан және жалпы Орталық Азия Ресейдің санкцияларды айналып өтетін дәлізі болып бара ма деп қайта-қайта алаңдаушылық білдірді. Оған дәл осы мәселені талқылау үшін батыстық шенеуніктер мен саясаткерлердің Қазақстанға ғана емес, осы аймақтағы басқа елдерге де іс-сапармен келуі дәлел. Ал Қазақстан билігі барынша бәрі бақылауда екеніне сендіргісі келеді. Оның үстіне ЕО – біздің республиканың маңызды экономикалық серіктестерінің бірі. Сондықтан санкция екінші рет қайталанса, Еуропаның шикізат экспортына тәуелді қазақстандық экономикаға үлкен соққы болады. Екінші жағынан, Ақорда АҚШ пен ЕО-ға өзі тығыз байланыс ұстанатын Владимир Путинмен қарым-қатынаста делдал рөлін атқара алатынына емеурін танытқысы келетіндей.

Екінші аудитория – қазақстандық қоғам. Украинада соғыс басталғаннан кейін халықтың басым бөлігінде Қазақстан билігі Ресейдің ел аумағын санкцияны айналып өтуге пайдаланатынына көз жұма қарайды деген күмән күшейді. Бұл күмән жуырда Путин Қазақстанға келіп кеткеннен кейін растала түсті. Оның іс-сапар алдында "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбаты Ресейге Қазақстанды "сұр импорт" ретінде пайдалануды жалғастыру тиімді екенін анық көрсетті. Путин Қазақстандағы Ресейдің экономикалық мүдделерінің лоббистіне айналып барады. Оның сұхбатында Кремль Қазақстандағы әртүрлі салаларға ресейлік бизнесті әкеліп, оның орнын нығайтуға мүдделі екені ашық айтылған. Оған қоса, билік қазақстандық қоғамды сабасына түсіру үшін қайта-қайта сабырға шақыратын мәлімдемелер жасаумен әлек. Бірақ онысы байқалып қала береді.

Бұл жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас барысында екіұшты жағдайлар орын алды. Мәселен, Қазақстанның Украинаға киіз үй тігуі. Сол кезде Ресей СІМ-і Қазақстан билігінен бұл бастамаға еш қатысымыз жоқ деген жауап алдық деді. Мәскеу Астанадан түсінік беруін талап етті. Қазақстандық СІМ түсіндірді. Бұл нені білдіреді?

– Біріншіден, қазақстандық бизнестің Украинадағы жеке бастамасы елге имидждік жағынан көп көмектесті. Әлемге елімізде тәуелсіздік пен аймақтық бүтіндік үшін күресте Укаринаны қолдайтын адамдар бар екенін көрсете алдық. Екіншіден, Ресейдің іс-қимылдары, оның ішінде ол бастаған соғыс Қазақстанның экономикалық мүдделеріне және біздің ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі соққы бергеніне қарамастан, қазақстандық билік пен СІМ-нің Мәскеу алдында үнемі ақтала беруі қазақстандық қоғаммен салыстырғанда билікте әлі отарсыздандыру процесі басталмағанын, ал Кремль жақтан естілген айғайларға үнемі елеңдеп отыруы "көкенің" образы Астанадағы шенеуніктердің кабинетін әлі кезіп жүргенін көрсетеді.

Ресей Украинаға басып кіргелі бір жыл өткенде Алматыда Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинананы қолдайтын акция өтті. 24 ақпан 2023 жыл.
Ресей Украинаға басып кіргелі бір жыл өткенде Алматыда Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинананы қолдайтын акция өтті. 24 ақпан 2023 жыл.

Қазақстанға ақпараттық шабуылдар да жалғасты. Көрші мемлекетке жиі сөзбен шабуыл жасайтын Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Федоров Қазақстан аумағы "толық заңды емес" деді. Қазақстандық СІМ мұндай тирадаларға жауап беруді тоқтатты. Неліктен?

Сыртқы істер министрлігінің әрекеті Қазақстан қоғамын тыныштандыру үшін жасалған қадамдай көрінді.

– Мұндай мәлімдеменің айтылып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ Қазақстан СІМ-і кейбір ресейлік депутаттар, псевдосарапшылар, медиадағы пропагандашылар мен саясаткерлердің елімізге қарата айтқан провакациялық мәлімдемелеріне ара-тұра жауап қатып тұрғанымен, ведомство бұл мәлімдемелерге қатысты Ресейдің мемлекеттік құрылымынан түсініктеме талап еткен емес. Қазақстан тарапынан ресми жауап тек жекелеген адамдарға берілді. Құдды бір олар өз ойын айтқандай. Сондықтан қазақстандық СІМ-нің мұндай әрекеті біреуден түсінік беруді талап ету үшін емес, бірінші кезекте, Қазақстан қоғамын тыныштандыру үшін жасалған қадамдай көрінді.

Айтпақшы, осы бір айғайшылар арасынан Қазақстанға кіруге тыйым салынатын персона нон-грата тізімін жасау идеясының өзін әлдеқашан, сонау марқұм Жириновскийдің провакациялық мәлімдемелерінен кейін азаматтық қоғамның өзі ұсынған болатын.

Әрине, қазір біз осы бір ақпараттық шайқасқа кейбір қазақстандық депутаттар да қосылғанын көріп отырмыз. Олар Федоровқа тіпті психиатрға барып емделуді де ұсынды. Бірақ ұзақ жылдан бері Қазақстанға қарсы кез келген шабуылға жедел әрі өткір жауап қайтарып келе жатқан – тек қана азаматтық қоғам.

"БАТЫСҚА ЖОЛ ЖАБЫЛДЫ. ШЫҒЫСТЫ БЕТКЕ АЛДЫ"

Ресей бөгде елге соғыс ашып, шеттетілген мемлекетке айналды. Әлемдік БАҚ-та да Қазақстан Ресейден іргесін аулақ сала бастады деген бірқатар мақала шықты. Сіздің ойыңызша шынымен алшақтай бастады ма, әлде бұл жай қиял ма?

– Қазақстан әлі күнге ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі, сіз қайдағы алшақтауды айтасыз? Оған қоса Ресей әлі Қазақстанға қысым көрсетуді жалғастырып келеді: Қазақстандағы билік пен ірі бизнес өкілдеріне қарсы компроматтардан бастап, қазақстандық мұнайдың Еуропаға транзиті үшін өз аумағын бергені, сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне электр энергиясы мен газ экспортын ұлғайтуға дейін.

Ары қарай жағдай нашардай түседі. Егер Украинадағы соғыс – ресурстарды сарқитындай ұзаққа жалғасса, Қазақстанға төнетін ең үлкен қауіп Ресейдің ел экономикасын өзінің санкциялық экономикасының бір бөлшегіне айналдырып, айдаһарша жұта беруі болмақ. Мұны жақында Forbes-тегі мақалалардың бірінде ұсынылған Ұлттық статистика бюросының деректері жақсы көрсетті. Онда 2019 жылмен салыстырғанда Украинада соғыс басталғаннан кейін Қазақстанда ресейлік компаниялардың саны үш есеге жуық – 6,7 мыңнан 18,6 мыңға дейін өскені көрсетілген. Яғни, Қазақстандағы ресейлік бизнестің үлесі – қазір елде жұмыс істейтін шетелдік капиталы бар барлық кәсіпорындар санының 45 пайызы. Ал қазақстандық-ресейлік бірлескен БК саны – Қазақстанда жұмыс істейтіндердің жартысына жуығы. Оған қоса, кейбір қазақстандық олигархтар соңғы уақытта активтерін ресейлік бизнеске сатуға көшкен. Мұның бәрі Ресей Қазақстанды экономикалық экспансияға айналдыруға белсенді көшкенін көрсетеді, бұл біз үшін үлкен геосаяси қатер.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей ҰҚШҰ-дағы әскерін Қазақстаннан кері әкетіп барады.
Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей ҰҚШҰ-дағы әскерін Қазақстаннан кері әкетіп барады.

Назарбаевтың ЕАЭО-ға мүше болуға келісуі – ақымақтық және қауіпті шешім болды. Сөйтіп, 2014 жылдан бастап біз экономикалық тәуелсіздігімізді жоғалтып жатырмыз, ал Тоқаев осы үрдісті жалғастыруға және Қазақстанға Ресейдің экономикалық спутнигі мәртебесін түпкілікті бекітуге мүдделі сияқты көрінеді. Айтқым келгені, елді тек қана соғыспен жаулау міндетті емес. Алдымен стратегиялық саланың тізгінін қолға алуға болады. Өйткені ресейлік олигархтар ешқайда кеткен жоқ қой. Батысқа есік жабылды. Енді Шығысты бетке алды. Алдағы уақытта Ресейдің өз ішінде көп жылдық санкцияларға бейімделген ірі бизнестер болады. Оны біз Иран мысалынан көре аламыз. Ол жақта ирандық билік пен арнайы қызметтің арқасында санкцияларды айналып өтудің түрлі әдістерін жолға қоя отырып, әбден орнығып алған дәулетті бизнес өкілдері бар. Ресейдегі ондай топтар соғысты жақтайды. Себебі соғыстың ұзаққа созылуы олардың қаржылық мүдделерімен байланысты. Иран үшін БАӘ қандай болса, Ресей үшін Қазақстан да сондай көлкеңкелі экономикасының бір бөлшегі болуы әбден мүмкін.

Украинадағы соғыстың алғашқы жылынан кейін сарапшылар Қазақстан элитасы Ресейге сақтықпен қарап, басқыншыларға қарсылық көрсетіп жатқан Украинаға көмектескісі келетінін байқатты деді. Міне, соғыстың жалғасқанына екі жылға жуықтап қалды. Әлем Украина тақырыбынан шаршады дейді. Бұл шаршау Қазақстан қоғамынан да байқала ма?

Ресей әскери абыройының күл-паршасы шыққанымен, оққа ұшып жатқан адами ресурстары жеткілікті.

– Металдың өзін тот басады. Бірақ Украинаның әлемдегі ең ірі әскери державалардың бірі саналып келген күшті қарсыласпен екі жыл бойы тоқтаусыз күресіп жатқанының өзі ерекше әрі маңызды оқиға болып тарихта қалары сөзсіз. Ол сондай-ақ көптеген әскери оқулықтарға да кіреді. Әрине, біз реалист болып, Ресейдің әскери абыройының күл-паршасы шыққанымен, оққа ұшып жатқан адами ресурстары мен санкцияларды айналып өту арқылы әскери-өндірістік кешенін (ӘӨК) ұстап тұруға мүмкіндігі (шектеулі болса да) жеткілікті екенін және соның бәрін әлем қақтығыс тақырыбынан шаршайды деп үміттеніп, соғысты соза тұру үшін пайдаланғысы келетінін түсінуіміз керек.

Кремльде 2024 жылы президенттік сайлаудан кейін Ақүйге Республика партиясының өкілдері келіп, Украинаға қару-жарақ жіберуді азайтады деген үміт бар. Дегенмен, әлем шаршады десек те, біз Украинаның тек өзі үшін ғана емес, әлемнің жартысынан көбі ұстанатын құндылықтар үшін соғысып жатқанын түсінуге тиіспіз. Бұл өркениеттер қақтығысы, мұнда агрессор мен оған қарсы тұра алатындар бар. Егер Украина жеңілсе, тарихи, моралдық, экономикалық, геосаяси, имидждік және басқа да тұрғыдан оны қолдайтын елдер де жеңіледі деген сөз. Айтқандай, Қазақстандағылардың көпшілігі Украина Қазақстан үшін де соғысып жатқанын түсінеді. Себебі одан кейінгі нысана біз болуымыз мүмкін.

Украинадағы Марьинка қаласының қазіргі күйі. 19 ақпан 2023 жыл.
Украинадағы Марьинка қаласының қазіргі күйі. 19 ақпан 2023 жыл.

Бұл мәселеде биліктің риторикасы мен мінез-құлқы өзгерді ме?

– Қазақстан билігі Укаринада соғыс басталғаннан бері қақтығысты дипломатиялық және бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын баса айтып келеді. Алайда бұл шындықтың ауылынан алыс әңгіме, себебі жанама түрде болса да, агрессорды қолдаумен тең.

Әрине, Қазақстан ДХР және ЛХР сияқты квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайтынын мәлімдеді, бірақ тарихқа терең үңілсек, Қазақстан 2014 жылдан бастап сол сияқты Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны немесе Косовоны да мойындамаған. Бір сөзбен айтқанда бұл керемет жаңалық емес.

Сөйте тұра Қазақстан Қытайдың соғыс жөніндегі бейбіт жоспары деп аталатын құжатын қолдады. Онда соғыс деген бір ауыз сөз жоқ. Есесіне, бұл жоспарда әскери блоктарды кеңейтуден бас тарту және Ресейге қатысты біржақты акциялардың енгізілуіне қарсы тармақ болды. Яғни Украинаны территориясын жоғалтатынын, халқының қырылғанын, ірі көлемдегі экономикалық шығындарын ұмытуға және Путиннің жақында желтоқсандағы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзіне қарағанда, әлі де Украинаны басып алуды көздеп отырған Ресеймен келіссөз үстеліне отыруға шақырды.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТРЕНДТЕР

Гаага Путинді қамауға алу туралы ордер шығарғаннан кейін Путиннің Қазақстанға жасаған соңғы сапарында Тоқаев Ресей делегациясының алдында қазақ тілінде бір-екі ауыз сөз сөйледі. Бірқатар сарапшылар мұны Қазақстан көшбасшысының тәуелсіз ел екенін көрсеткені деп қабылдады. Сізше қалай?

– Соңғы кездері Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен түрлі салада тығыз байланыс орнатқаны үшін, Путиннің көмегімен, ҰҚШҰ арқылы билікті ұстап қалған былтырғы Қаңтар оқиғасын еске салғаны үшін сынға ұшырап жүр. Осының бәрін ескерген Тоқаев өзін үнемі сынайтын қазақтілді қоғам алдында рейтингін көтеріп, мемлекеттік тілі – қазақ тілі саналатын тәуелсіз елдің президенті екенін паш еткісі келген. Бірақ бір қызығы, ТМД елдері аясында орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құруға дәл сол Тоқаевтың өзі бастамашы болып отыр. Яғни ол әртүрлі аудиторияға қарай ойнауға, әркімге керегін беруге тырысады. Мұның бәрі саяси технологияға көбірек жуықтайды.

Қазақстанға әлі де болса Ресей ақпараты ықпал етеді, тіпті, кез келген үйде Ресей насихат жүргізіп отыр десе де болады. Сіз еліміздің ақпарат саласына Ресейдің ықпалын төмендету үшін Астана әлдебір нақты қадам жасап отыр деп ойлайсыз ба?

– Біз бүгінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан сонау 90-жылдардың соңында басталған Қазақстанның орынсыз және қылмыстық саясатының жемісін жеп отырмыз. Қазақстан ішінде тәуелсіз БАҚ-тың қасақана көзін жойылды. Ұзақ жылдар бойы елімізде Ресейдің ақпараттық басқыншылығымен тиімді күресе алмайтын, бәсекеге қабілетсіз мемлекеттік БАҚ-тар ғана қолдау тапты. Оған азаматтардың басын біріктіретін идеологиялық вакуум мен ұлттық идеяның жоқтығы қоса ықпал етті.

Нәтижесінде Қазақстанда әртүрлі топтардың қақтығысы әлі күнге сақталған, солардың ең қауіптісі – Ресейдің ақпараттық-саяси алаңын жанына жақын тұтатын Қазақстан азаматтарының тобы. Яғни олардың тәні бізде өмір сүргенімен, жаны Ресейді қалайды. Әйтсе де билік әлі күнге дейін мұны қауіпті деп санамайды, өйткені сол баяғы билікті сынайтын ішкі оппозициямен және белсенділермен күрестен қолы босамайды. Демократиялық оппозициямен күрестің арқасында кейбіреуінің билікте мансабы көтеріліп, шені өсті. Негізі, билікті сынаушылар Қазақстан жан-жағынан қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет болса екен дейді.

Билік елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің жеке басына қол сұқпаушылықпен шатастырып, өз қателігін қайта қайталап, нәтижесінде алтын уақытын еліміздің патриоттарымен күреске жұмсап, ресурсын жоғалтып отыр. Жоғары жақтағылар Қазақстанның кейбір азаматтары ел тәуелсіздігі мен егемендігіне күмән келтіретін Ресей насихатының жетегінде жүргеніне мән бермейді. Бәлкім мемлекеттік биліктің түрлі құрылымдарында "жансыздар" бар шығар, кім білсін.

Владимир Путин Ресейдің басты пропагандашыларының бірі Маргарита Симоньянды марапаттап жатыр. Мәскеу, 20 желтоқсан 2022 жыл.
Владимир Путин Ресейдің басты пропагандашыларының бірі Маргарита Симоньянды марапаттап жатыр. Мәскеу, 20 желтоқсан 2022 жыл.

Болашаққа үңілсек, жағымды жайттар да бар. Өзін Қазақстанның тәуелсіздігімен теңдестіретін азат ұрпақтың өмірге келуі және Ресей насихаты ықпалының аясын табиғи жолмен тарылтатын қазақтілді ақпарат саласының белсенді дамуы сияқты Қазақстанда объективті демографиялық трендтер пайда болып жатыр.

СЕПАРАТИЗМ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІ ТУРАЛЫ

Соңғы бір жарым жыл ішінде елімізде сепаратизмге қарсы қылмыстық іс артты. Олар, негізінен, Қазақстанның солтүстігіндегі, батысындағы және шығысындағы шекаралас аймақтарда тіркелген. Мұны Астананың Украинадағы соғысқа деген реакциясы деуге келе ме? Мұндай шаралар қаншалықты тиімді?

– Қазақстанда сепаратистік пікір білдіргені үшін немесе басқа елдің территориясында болған соғыс қимылдарына қатысқаны үшін қозғалған қылмыстық істер бұған дейін де болған. Бұл сонау 2014 жылы Қазақстанның бірқатар азаматтарына осы қылмыстар бойынша айып тағылған кезде басталған. Оның үстіне 2014 жылдан кейін бұл баптар бойынша қылмыстық жазалар күшейді. Бірақ Украина мен Орталық Азияның басқа елдерінде соғыс басталғаннан кейін қақтығысқан мемлекеттің кез келгеніне жалданғаны және әскери іс қимылдарға қатысқаны үшін қылмыстық жаза тағайындалады деп, ресми мәлімдеме жасайтын болды. Бірақ бұл – кең таралған әлемдік тәжірибе. Тіпті кейбір елдерде осындай қылмыс жасағандарды, дәлірек айтқанда, халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысқандарды азаматтығынан айырады.

Бұл жазалардың тиімділігі жайлы айтар болсақ, бір жағынан, олар басқалардың да мұндай қылмысқа баруын тоқтатуы мүмкін. Екінші жағынан, Украинамен соғыс кезінде кейін қару-жарақ өндіру үшін немесе оларды қайта жөндеу үшін қолданылатын санкция салынған қосарлы қолданыс тауарларын жеткізуге көмектесу арқылы басқыншыға жасырын қолдау білдіруі де қауіпті.

"Сепаратистік" мәлімдеме жасағандар ұзақ жылға сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Сепаратизмді қоздырды деп айыпталған күдіктілердің бірі, Батыс Қазақстан тұрғыны (Максим Яковченко) Ресейге бас сауғалап қашты. Ресей оны ұстап беруден бас тартқаннан кейін Қазақстан полициясы қылмыстық істі тоқтатты. Бұл тұста Қазақстан мобилизациядан қашқан ФҚҚ-ның офицері Михаил Жилинді тапсырды. Соғысқа қарсылық танытып, Ресейден бас сауғалап қашқандарды паналатудан бас тартты. Ашық түрде соғысқа қарсылық білдірген екі адамды Ресейдің өтініші бойынша тергеу изоляторына қамады... Бұл нені білдіреді?

– Қазақстан билігі Украинамен соғысқа дейін де Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынан қашқан босқындарға да қатысты дәл осылай әрекет етті, Қытай билігінің өтінішімен, адам құқын бұза отырып, қазақтарды Қытайға кері жөнелтті. Жақында Тоқаев Euronews-ке берген сұхбатында Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін және халықаралық аренада орын алған біршама өзгеріске қарамастан, Қазақстанның онымен әріптестік байланысты жалғастыра беретінін мәлімдеді. Ақорда Қытайды да дәл сондай әріптес санайды. Сондықтан Қазақстан билігінің Мәскеумен де, Пекинмен де белсенді әріптестік байланыс орнатып отырғанына таңданудың қажеті жоқ, оның ішінде арнайы қызмет саласы да бар. Ресей Қазақстанға бермей отырған сепаратист жайлы айтар болсақ, Қазақстан билігі бұған да көз жұмып отыр, бұл жағдай алдында айтқанымдай, Қазақстанның бірқатар мемлекеттік құрылымдарында ресейшіл пиғыл болуы мүмкін деген жырдың жалғасы, бәрін тек ың-шыңсыз жауып отыр.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ТӨНГЕН ГЕОСАЯСИ ҚАТЕР

Өткен жылы Ресей Қазақстан мұнайын Еуропаға тасымалдаудың басты бағыты – Каспий құбырынның жұмысын бірнеше рет тоқтатқаннан кейін Астана Транскаспий дәлізін кеңейту туралы ойын айтты. Онысы сәтті шығуы мүмкін бе? Жалпы, логистикаға қатысты айтар болсақ, Ресейге тәуелділіктен арылу мүмкін бе? Экономикаға тәуелділіктен ше?

– Қазақстан ЕО-дағы жалпы сұраныстың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етіп, Еуропаға ең ірі мұнай жеткізуші болып саналғанымен, мұнайдың негізгі бөлігі әлі талай жыл Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы өтетін болады, ол арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызға жуығы Еуропа нарығына экспортталады. Бұл – Тұңғыш Президенттің алды-артын болжамаған көп жылдық саясатының жемісі, соның нәтижесінде барлық эскпорттық мұнайдың сөлін бір транзиттік себетке салып бердік.

Әрине, қазір олар "Баку – Тбилиси – Джейхан" мұнай құбыры арқылы жеткізуді арттыруға тырысады. 2023 жылдың наурыз айынан бастап "Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан" бағыты бойынша жылдық көлемі 1,5 миллион тонна болатын Қазақстан мұнайын тиеу басталды. Сондай-ақ Қазақстанның Энергетика министрлігі де Бакуге 7 миллион тоннаға дейін мұнай жөнелтуге, "Дружба" мұнай құбыры арқылы Германияға айына 120 мың тоннадан астам мұнай жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бұл 2023 жылы көлемі 63,5 миллион тонна болған КҚК арқылы экспортталған мұнай мөлшерімен салыстыруға да келмейді.

Балама бағыттарын дамыту үшін уақыт пен инвестиция қажет. Өйткені бізде дәл сол Қазақстанның мұнайын Каспий арқылы Әзірбайжанға жеткізетін танкерлер жетіспейді. Тек Украинада соғыс басталғаннан кейін ғана олардың санын арттыру туралы ойлана бастадық. Мәселен, жақында Ақтау портында Taraz және Liwa танкерлерін тіркеу рәсімі өтті. Дегенмен мұндай танкерлердің көп болғаны жөн. Баку-Супса бағыты бойынша мұнай тасымалдауға келсек, Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдары салдарынан Қара теңіздегі бұл мұнай құбырына да қауіп төніп тұр.

Осы жылдың қараша айында Fitch Ratings агенттігі Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі Каспий құбыр желісі консорциумы жүйесі бойынша экспортталатындықтан, геосаяси қатерлер жоғары екенін тағы да еске салды. Ол біздің әлсіз тұсымыз. Жақында Standard & Poor's атты басқа рейтинг агенттігі өз болжамында Қазақстан экономикасын мұнай секторы аясына топтастыру мен мұнайды КҚК арқылы экспорттау ел экономикасы осалдығының басты факторы екенін атап көрсетті.

Ал Қазақстан мұнайының Қытайға экспортына келер болсақ, олардың да көлемі аса көп емес. Ресми деңгейде Қытайға жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнайды қосымша жеткізуге болатыны жайлы сөз болды. 2014 жылға дейін Қазақстан Қытайға 10 миллион тоннадан астам мұнай жеткізген болатын. Қазір ол жылына 1 миллион тоннадан асар-аспас өнім жеткізеді. Бұл тұста керісінше Ресей Қазақстан арқылы Қытайға жыл сайынғы мұнай экспортының мөлшерін 10 миллион тонна көлемінде арттырды.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты жайлы сөз етсек, Қазақстанда 2030 жылға дейін барлық көлік дәліздерін қайта құруды аяқтау үшін 2025 жылға қарай 20 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланып отырғаны туралы ресми түрде айтылды. Ең бірінші, Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы көлік-транзиттік торапқа айналу тиіс. Бұл дегеніңіз – ұзындығы шамамен 6500 шақырым болатын автомобиль, теміржол мен порттар желісі. Бағыт Қазақстан аумағы, Каспий теңізі акваториясы арқылы, Әзірбайжан, Грузия мен Түркия арқылы өтіп, одан әрі Еуропаға өтеді.

Бұл бағытты Қытай ғана емес, сонымен қатар Еуропа елдері мен АҚШ та қолдап отыр. Осы жылдың маусымында мен Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездестім. Неміс тарапы өтініш білдірді. Бұл менің онымен екінші рет кездесуім. Алғаш рет бірнеше жыл бұрын Астанада кездескен болатынмын, ал биыл Ақтау қаласында – Каспий теңізінің жағасында орналасқан Құрық портында кездесудің сәті түсті. Қазір Германия Транскаспий халықаралық көлік бағытына қатты қызығушылық танытып отырғандықтан, бұл кездесу өте маңызды болды.

Сондай-ақ бұл қазіргі кезде ЕО-да, соның ішінде Орталық Азияда сирек жер металдары мен басқа да маңызды материалдардың тың көзін іздестірумен байланысты. Дәл қазір маңызды материалдардың әлемдік нарығын Қытай бақылауда ұстап отыр. Әңгіме жартылай өткізгіштер немесе электр машиналарын өндіруге арналған шикізат жайлы ғана емес, сонымен қатар әскери-өнеркәсіп кешенін шикізатпен қамтамасыз ету туралы болғандықтан, бұған басқа елдердің де алаңдайтыны да ақиқат.

Сонымен қатар сарапшылар Еуропалық Одақ қазірдің өзінде қоры мен өндірісі бойынша әлемде жетекші орынды иеленгісі келетін Қытайдан Ресей арқылы сирек жер металдарын жеткізуге тәуелді екенін айтады, бұл тасымал тізбегі әлсіз екенін білдіреді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Еуропаға сирек жер металдары мен маңызды материалдарды жеткізудің балама бағыты саналатыны айдан-анық. Сол себепті де қойнауы сирек жер металдары мен маңызды материалдарға бай Қазақстан мен ОА-ның басқа елдерінің де Батыс үшін маңызы зор, оны біз Еуроодақтың тек сирек жер металдары мен басқа да металдарды өндіруге ғана емес, сондай-ақ оларды қайта өңдеу мен экспорттау үшін Қазақстанға көмектесуге әзірміз деп, жақында жасаған мәлімдемесінен байқаймыз.

Орталық Азия басшылары мен АҚШ президенті "Орталық Азия және АҚШ" деп аталатын саммитте. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.
Орталық Азия басшылары мен АҚШ президенті "Орталық Азия және АҚШ" деп аталатын саммитте. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Сонымен қатар жақында шілде айында өткен "Орталық Азия – Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі" саммиті Қазақстанның Транскаспий бағыты арқылы жүк ағынын 2030 жылға қарай жылына 500 мың контейнерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Әйтсе де бар гәп мынада: Қазақстанның қатысы бар сол Транскаспий халықаралық көлік бағытының өзі тауарлардың ірі экспорт көлемін өткізе алмайтын "мойны" тар ыдыс іспетті. Сарапшылардың айтуынша, Грузияда суы терең айлақтың жоқ, сондықтан оны салудың өзіне бірнеше жыл уақыт кетеді. Қазақстандағы ең басты мәселе – тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымының түйткілді мәселелері де жоқ емес, танкерлер санының жетіспеуін былай қойғанда, паромды сауда флоты да жоқ. Былтыр шілдеде Қазақстан 10 кемеден тұратын жеке паром паркін құруды енді ғана жоспарлап отырғаны белгілі болды. Демек, соңғы 30 жылда еліміздің көлік стратегиясына жауаптылардың ешқайсысын бұл мәселе алаңдатпағаны ғой? Сондықтан шенеуніктеріміз армандап отырғанындай, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы басты көпір деп масаттанудың түк қажеті жоқ, өйткені көлік бәсекесі де артып келеді.

Көлік-логистика саласында біздің билік маңызды әріптес санап отырған Қытайдың өзі бар дәнін бір себетке салып бермей, қымбаттау болса да Қазақстанға балама көлік іздестіре бастады. Мәселен, былтыр Самарқандта өткен ШЫҰ-ның саммитінде "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржол құрылысының жобасы бойынша ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Қазір бұл теміржол жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеумен Қытай теміржол құрылысы корпорациясының жобалау институты айналысып жатыр.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы біздің өміріміздің әртүрлі салаларына да әсер етпей қоймады. Экономикаға ықпалын барлық тұтынушылар сезініп отыр десе де болады: рубльден кейін теңге де құнсызданып барады, инфляция белең ала бастады. Қазақстан азаматтары да Ресей басшысының қыңырлығынан жапа шегіп отыр деуге бола ма?

– Расында, Украинадағы соғыс Ресей арқылы өтетін көлік-логистика бағытына зиянын тегізіп қана қоймай, импорт бағасының өсуі мен тауар тапшылығын да арттырды. Мұның бәрі инфляцияның өсуіне алып келіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлады. Алайда инфляцияның қарқынды өсуі – Қазақстан сынды импортқа тәуелді елге төнетін көп қатердің бірі ғана, өйткені отандық импорттың шамамен 40 пайызға жуығы Ресейдің еншісінде. Ал кейбір тауарлар бойынша импорт үлесі 80 пайыздан асады.

Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023 жылғы парламент сайлауына дейін-ақ инфляцияның біраз халықтың табысын жеп, Қазақстанда кедейлер санын арттырып отырғанын мойындаған болатын. Егер бұрын азық-түлік себеті азаматтар табысының 50 пайызын құраса, қазір халық өз табысының 70 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Энгель коэффициенті (жалпы тұтыну шығындарындағы халықтың азық түлікке жұмсайтын шығынының үлес салмағын өлшейді) бойынша егер адам өз табысының 60 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайтын болса, онда мұндай ел кедей саналады. Бірінші кредиттік бюро биылғы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда кедей адам саны көп жылдық рекордты жаңартып, 1,1 миллионнан асқанын хабарлады. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен Украинадағы соғыспен байланысты сыртқы геосаяси жағдайлар, сондай-ақ Қазақстанда ұзақ жылдар бойы жүргізілген әлеуметтік-экономикалық сәтсіз ішкі саясат бірін-бірі толықтырып, өзі еңсесін тіктей алмай отырған елді одан сайын тұралатып жіберді. Нәтижесінде оның азабын ең алдымен еліміздің әлеуметтік осал топтары тартып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG