АҚШ президенті Дональд Трамп егер Тегеран Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін дереу ашатын болса, Иранды бомбалауды екі аптаға тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.
"Иранды бомбалап, шабуыл жасауды екі аптаға тоқтатуға келісемін", деп жазды Трамп.
Иран тарабынан "10 тармақтан тұратын ұсыныс" түскенін айтқан Трамп оны келіссөз жүргізуге негіз етуге болады деп санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, соғыстағы екі апта үзіліс түпкілікті бітім жөнінде келісімге келу үшін қажет.
Иран мемлекеттік телеарнасы АҚШ президентінің мәлімдемесі жөнінде: "Трамп Иранның соғысты тоқтату туралы шартын қабылдап, атысты екі аптаға тоқтататынын жариялады" деп хабарлады.
Трамптың мәлімдемесінен кейін шамалы уақыт өткенде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи және Иранның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесі Тегеран атысты екі аптаға доғаруға және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруге келісетінін жариялады. Аракчидің сөзінше, кемелер бұғаз арқылы "Иранның қарулы күштерінің үйлестіруімен және техникалық шектеулер аясында" өтетін болады.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді деп жариялады.
АҚШ-пен бірге Иранға қарсы шабуылдарды бастаған Израиль атысты доғаруға байланысты ұстанымын әзірге білдірген жоқ.