Accessibility links

Трамп Еуроодақты сынға алып, Украинада сайлау өткізуге шақырды


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Politico басылымына берген сұхбатында Украинада президент сайлауын өткізу қажет деп мәлімдеді.

"Оларда сайлау өтпегеніне көп болды", – деді Трамп. Бұған қоса ол: "Олар демократия туралы айтады, бірақ жағдайдың беталысы енді демократия болмайтын жаққа қарай ойысып барады", – деген.

АҚШ президенті сайлау өткізілген жағдайда Владимир Зеленский қайтадан жеңіске жетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Бұған дейінгі мәлімдемесінде Трамп Украинада сайлау өткізуге үндеп, тіпті сол елдің қазіргі президенті Владимир Зеленскийді "диктатор" деп атаған. Кейін ол бұл пікірін қайталап айтқан жоқ.

2019 жылы Украина президенті лауазымына бес жылға сайланған Владимир Зеленскийдің өкілет мерзімі былтыр аяқталған. Алайда заңға сәйкес, жаңа сайлау өткенге дейін ол қызметінде қала бермек. Ал Ресей басқыншылығы басталған 2022 жылғы 24 ақпанда енгізілген әскери жағдай әлі күшінде болғандықтан елде жаңа сайлау өткізу мүмкін емес. Ресей президенті Владимир Путин Зеленский лауазымын "заңсыз" атқарып отыр деп бірнеше рет мәлімдеген.

Трамп Politico басылымына берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мақсатын көздеген АҚШ-тың араағайындығымен жүргізіліп жатқан бейбітшілік келіссөздеріне де тоқталды. Оның пікірінше, дәл қазір Ресейдің келіссөздердегі ұстанымы Украинадан күштірек екені "даусыз". Ол Еуропаның соғысқа қатысты "дәрменсіз" әрекетін сынға алып, Ресей аннексиялап алған Қырымды қайтаруға және НАТО-ға қосылуға ұмтылған Зеленскийді де сынады. Трамптың пікірінше, мұндай ұмтылыстар Ресейді басқыншылық жасауға итермелеген болуы мүмкін. Бұған қоса ол өзінен бұрынғы президент Джо Байденнің әкімшілігін тағы да сынға алды.

Axios және Politico басылымдары өз дереккөздеріне сүйеніп, кейінгі күндері АҚШ Украинаны Ресеймен бейбіт келісімге мүмкіндігінше тезірек келуге көндіру үшін тағы да қысымды күшейткенін жазған. Axios басылымының жазуынша, президент Трамптың өкілдері Джаред Кушнер мен Стивен Уиткофф жақында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефонмен сөйлескен кезде, АҚШ тарапынан президент Зеленскийді Донецк облысының аумағын тұтасымен Ресей бақылауына беруге келісуге көндіруге тырысқан – бұл Мәскеудің басты талабы. Зеленский бұған бір күн бұрын жанама түрде қарсылық білдіріп, жер мәселесі бойынша тараптар әзірге мәмілеге келмегенін айтқан.

"Әрине, Ресей бізден жер беруді талап етіп отыр. Біз ештеңе бергіміз келмейді – сол үшін күресіп жатырмыз", – деді Зеленский.

Бұған қоса Зеленский 9 желтоқсанда Украина еуропалық әріптестердің қатысуымен бейбітшілік жоспарының кезекті нұсқасы бойынша жұмысты аяқтап, оны АҚШ-қа жолдайтынын мәлімдеді.

Трамптың Politico басылымына берген сұхбатының негізгі бөлігі АҚШ-тың Еуропа одағымен қарым-қатынасына арналды. Жуырда жарияланған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Еуроодаққа қатаң сын айтылған. АҚШ әкімшілігі өкілдері Брюссельді Илон Масктың X әлеуметтік желісіне айыппұл салғаны үшін сынға алып, Еурокомиссияны сөз еркіндігін шектеуге талпынып отыр деп айыптаған.

АҚШ президенті сұхбат барысында стратегияда көрсетілген бірнеше тұжырымды қайталап, Еуроодақ елдерін көші-қонды шектеуге шақырды. Ол сондай-ақ өз көзқарасын қолдайтын еуропалық саясаткерлерге, соның ішінде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға қолдау білдіретінін растады. Трамп Еуроодақ басшыларын "әлсіз", ал одақ елдерін "құлдырап бара жатқан мемлекеттер" деп атады.

XS
SM
MD
LG