Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың бейбітшілік жоспары, Украина ең даулы деп есептейтін талаптар алынып тасталған соң, 28 тармақтан 20 тармаққа кеміді деп мәлімдеді. Алайда ол нақты қай тармақтар екенін ашып айтқан жоқ. Украина президентінің сөзінше, аумаққа байланысты мәселелер бойынша тараптар әзірге мәмілеге келмеген.
Журналистермен әңгіме кезінде Зеленский Украина жерін өзгеге беруге ешкімнің құқығы жоғын, ондайға ел Конституциясы да, халықаралық құқық та рұқсат етпейтінін атап айтты.
"Әрине, Ресей бізден жер беруді талап етіп отыр. Біз ештеңе бергіміз келмейді – сол үшін күресіп жатырмыз ғой", – деді ол.
Бұған қоса Зеленский 9 желтоқсанда Украина бейбітшілік жоспары бойынша жұмысты аяқтап, оны АҚШ-қа жолдайтынын хабарлады.
"Кеңесшілер Умеров алып келген жоспардың кейінгі нұсқасымен жұмыс істейді. Еуропалық кеңесшілер де Украинамен бірге қарастырады. Ертең жоспар дайын болады деп ойлаймын, біз оны тағы бір мәрте қараған соң АҚШ-қа жібереміз", – деген Зеленскийдің сөзінен "РБК-Украина" үзінді келтірді.
Дүйсенбі күні Зеленский Лондонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен, Франция президенті Эммануэль Макронмен және Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездескен. Төртеуі бейбітшілік келісімі бекітілген жағдайға деп нақты жоспар дайындап алғысы келетінін мәлімдеген.
Бұған дейін Politico басылымы дереккөздерге сүйеніп, келіссөздер Донбасс болашағына қатысты мәселеге байланысты тығырыққа тірелгенін жазған: Мәскеу Украина бұл аймақтан бас тартсын деген талабынан қайтпай отыр, Киев болса кез келген бейбітшілік келісімі қарсылас екі жақтың қазір тұрған шептерінде соғыс қимылдарын тоқтатуды көздеуге тиіс деп есептейді.
"Америкалықтар Украина Донбасстан... қалай болғанда да кетуі керек деп отыр", – деген келіссөздер барысымен таныс жоғары лауазымды еуропалық шенеунік басылымға.
• АҚШ жоспарының бастапқы нұсқасы (баспасөзде шыққан, бірақ ресми түрде еш жерде жарияланбаған) бүкіл Донбассты Ресейге беру, Киев күштері Донецк облысында ұстап тұрған аумақтардан украин әскерін шығару және Херсон мен Запорожье облыстарындағы соғыс қимылдарын екі тарап арасындағы шептің бойымен тоқтату мүмкіндігін қарастырған еді.