АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспарына "қол қоюға дайын емес", өйткені ол ұсыныспен әлі танысып та үлгермеген. Трамп мұны Кеннеди орталығының марапаттау рәсімі алдында журналистерге айтты деп жазды The Hill. Алайда әңгіме бұрын талқыланған жоспар жөнінде ме, әлде жаңа нұсқа туралы ма – ол жағы белгісіз.
"Президент Зеленскийдің ұсыныспен әлі таныспағаны – бірнеше сағат бұрын солай-тын – мені сәл қынжылтты. Бұл жоспар оның адамдарына ұнаған, алайда өзіне емес", – деген Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, Мәскеу Украинаны "түгелдей" алғысы келсе де, бейбіт жоспардың шарттарына келіскен. "Ресей келісіп отыр деп ойлаймын, бірақ Зеленскийдің көңілінен шығатынына сенімді емеспін", – деді ол.
6 желтоқсанда Зеленский АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен "ұзақ әрі мазмұнды" әңгімелескенін хабарлады. Украина президенті тараптар "қантөгіске тоқтау салатын және Ресейдің үшінші рет басып кіру қаупін жоюға кепіл бере алатын негізгі мәселелерді" талқылағанын атап айтты.
"Олардың күн-түн демей, 24/7 режимінде бірге жұмыс істеуге дайын екені үшін алғыс айтамын. Америка өкілдері Украина ұстанатын базалық қағидаларды біледі, күрделі болғанымен, конструктивті әңгіме өтті. Жұмысымызды жалғастырамыз", – деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
Зеленский Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Бас штаб бастығы Андрей Гнатовтан Майами қаласындағы келіссөздер жөнінде егжей-тегжейлі есеп күтіп отырғанын айтқан.
2 желтоқсанда Кушнер мен Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кремль өкілдері олардың бірқатар мәселе бойынша келісімге келе алмағанын айтты, бірақ келіссөзді "ымыра іздеудің қалыпты жұмыс процесі" деп сипаттады.
Жоспардың бастапқы нұсқасында Донбассты толықтай Ресейге беру, Киев бақылауындағы аумақтардан украин әскерін әкету және Херсон мен Запорожье облыстарында қарсылас екі тарап тоқайласатын сызық бойында соғысты тоқтату талаптары айтылған еді. Алайда украин делегациясымен байланыстан кейін АҚШ құжатты жаңартқан және The New York Times басылымының мәліметінше, оның құрамынан аумақтарға байланысты тармақтарды алып тастап, оларды "болашақ келіссөздерде қарастыруды" ұсынған.