Accessibility links

Трамп Ормуз бұғазын теңізден бұғаттау басталатынын мәлімдеді

Ормуз бұғазындағы кеме, 12 сәуір, 2026 жыл
Ормуз бұғазындағы кеме, 12 сәуір, 2026 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің әскери-теңіз күштері "Ормуз бұғазына кіруге немесе одан шығуға әрекет жасаған барлық кемені ешбірін қалдырмай бұғаттайтынын" мәлімдеді.

Ол бұғаттау жақын арада басталатынын, оған өзге елдер де қосылатынын айтты.

Трамптың сөзінше, бұған қоса ол әскери флотқа Ормуз бұғазынан өту үшін Иранға баж төлеген кемелерді анықтап, оларды халықаралық суларда ұстауға бұйрық берген. "Заңсыз баж төлегендердің ешқайсысы ашық теңізде қауіпсіз өте алмайды", деп мәлімдеді АҚШ президенті.

Ол АҚШ-тың Ормуз бұғазын минадан тазарту жұмыстарын да бастайды деп уәде етті. "Бізге немесе бейбіт кемелерге оқ атқан кез келген ирандық тікелей тозаққа жіберіледі!" деп сес көрсетті Трамп.

11-12 сәуір күндері Пәкістанда АҚШ пен Иран арасында өткен келіссөздердің қорытындысы жайлы сөзінде Трамп тараптар ядролық мәселе бойынша келісімге келе алмағанын айтты.

Пәкістанда келіссөз жүріп жатқан шақта, 11 сәуірде, Трамп АҚШ әскері "Ормуз бұғазын тазарту процесін" бастады деп мәлімдеген.

8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран әскери іс-қимылды екі аптаға тоқтатуға келіскен. Бітімнің негізгі шарттарының бірі – Ормуз бұғазын ашу еді. Келісім күшіне енген алғашқы күні Иран бірнеше кемені өткізген, бірақ кейін Израиль Ливанға шабуылдар жасаған соң бұғаз қайта жабылды.

The Wall Street Journal газеті бірнеше аптаға созылған соғыс кезінде Иран кейбір кемелерден бұғаз арқылы өту үшін 1 миллион доллар көлемінде баж алымын алған деп жазды. Басылым мәліметінше, 250-ге жуық кеме ондай төлем жасауға келіскен. Негізінен бұғаз арқылы Иран кемелері мен "тасадағы флоттың" танкерлері өткен.

Айдар
XS
SM
MD
LG