АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен соңғы саммитке қатысты бірнеше сурет жариялады. Олардың бірінде Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің қол алысып тұрған сәті бейнеленген. Суреттің сипаттамасында «Менің досым» деген жазу бар.
Бұған қоса, Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Ресей басшысымен бірге үшжақты кездесуден түскен суреттерді жариялады. Суреттің сипаттамасына "Достар" деп жазылған. Ол суреттермен қатар 1943 жылы Тегеран конференциясына қатысушылар: СССР, Ұлыбритания және АҚШ басшыларының суретін жариялады. Онда "Ұлы державалар – 1945, 2026" деп жазылған.
1945 жылы үш елдің басшылары – Сталин, Рузвельт және Черчилль Ялта конференциясында кездескен. Кейбір комментаторлар Шэньчжэнь саммитін осы тарихи жиынмен салыстырған. Алайда мұндай салыстырулар көбіне сын тұрғысынан айтылды. Өйткені көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, Ялта конференциясында жеңімпаз державалар әлемді ықпал ету аймақтарына бөлісу жөнінде уағдаласқан. Ал Трамп жариялаған коллажда Ялта емес, Тегеран конференциясының суреті пайдаланылған.
Трамп Шэньчжэньде Путинмен екіжақты кездесу басталар алдында Ресей президентін «досым» деп атаған еді. Путинді "Американың досы деуге бола ма?" деген журналистердің сұрағына ол АҚШ атынан жауап бере алмайтынын, бірақ өзі Ресей президентімен өте жақсы қарым-қатынаста екенін айтқан.
Бұл мәлімдемелер бірқатар еуропалық саясаткердің сынына ұшырады. Польша премьер-министрі Дональд Туск «Құдай бізді осындай достардан сақтасын» деп жазды. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Трамп Путинді кім деп санаса да, украиндар оны бәрібір «қанішер» деп қабылдайтынын мәлімдеді.
Қытай, АҚШ және Ресей басшылары тарихта алғаш рет үшжақты форматта кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша төрт тармақтан тұратын декларация қабылданды. Құжатта ядролық соғысқа жол бермеу туралы мәлімдеме және Халықаралық қылмыстық сотқа қатысты сын бар. Ал Украина туралы ештеңе айтылмаған.
Финляндия президенті Александр Стуббтың айтуынша, декларацияның бастапқы жобасында Украинаға қатысты тармақ болған, бірақ АҚШ-тың талабымен алынып тасталған. Стубб мұны дұрыс шешім деп бағалаған.
Кездесуді Ялта конференциясымен салыстыру туралы сұраққа Путин ол жиында ешқандай жаман нәрсе болмағанын, керісінше, нацизмді жеңу нәтижесі бекітілгенін айтты.
Ал Трамп Ялта кездесуінің өте маңызды болғанын мойындағанымен, Шэньчжэнь саммитін онымен салыстыруды ойламағанын жеткізді. «Мен бұл туралы ойлаған жоқпын. Тек жолға шығарда өзіме: осы екі адаммен де тіл табысуым жақсы ғой, дедім», – деді ол Путин мен Си Цзиньпинді меңзеп.