Трамп, Си мен Путиннің үшжақты кездесуінен кім ұтты? Үш елдің басшысы қандай нәтижеге қол жеткізді? Саяси символикасы басым, ал нақты шешімдері аз саммиттің төрт негізгі түйіні.
АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында үшжақты кездесу өткізді. Жиын үш басшыға да белгілі бір саяси ұпай әкелгенімен, әлемдік ахуалды өзгертерлік келісімдерге ұласқан жоқ.
19 қарашада ядролық арсеналы ең ірі үш мемлекеттің басшылары алғаш рет үшжақты форматта бас қосты.
Саммитте нақты келісімдерден гөрі сыртқы көрініс пен саяси символика басым болды. Дегенмен кездесудің АҚШ, Қытай және Ресейдің сыртқы саясаты үшін маңызы бар. Саммит бұл елдердің халықаралық аренадағы ықпалын да, сол ықпалдың шектеулі екенін де көрсетті.
Азаттық радиосы сұхбаттасқан ғалымдар мен сарапшылар саммиттің төрт негізгі нәтижесін атады.
Саммит Путинге пайдалырақ болды
2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғысын бастағаннан кейін Путин халықаралық деңгейде оқшаулана түскен еді. Ресей президентінің АТЭС жиынына 2017 жылдан бері алғаш рет қатысуының өзі, сондай-ақ Трамп пен Симен әлемдік қауіпсіздік мәселелерін тікелей талқылауы оның халықаралық оқшаулануын азайтуға мүмкіндік берді.
"Путин бұл кездесуден көп нәрсе алды. Саммиттің ең үлкен жеңімпазы – сол" – деді Азаттыққа қорғаныс мәселелерін зерттейтін америкалық CNA Corporation ұйымының Қытай-Ресей қатынастары жөніндегі сарапшысы Элизабет Уишник.
Қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін ұлыбританиялық Royal United Services Institute (RUSI) ұйымының аға ғылыми қызметкері Сари Архо Хавреннің пікірінше, саммит Ресейдің халықаралық оқшаулануын айтарлықтай әлсіретті.
Кездесуден соң бірлескен декларация қабылданып, онда ядролық қатерді азайту және халықаралық тұрақтылықты нығайту қажеттігі айтылды. Алайда құжатта нақты міндеттемелер аз.
Хаврен үш ел басшысының Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) легитимдігіне күмән келтіргенін де атап өтті. 2023 жылғы наурызда бұл сот Украинада әскери қылмыс жасады деген айыппен Путинді тұтқындауға ордер берген еді.
Бірлескен мәлімдемеде үш басшы "мемлекеттің келісімі мен мемлекеттік лауазымды тұлғалардың иммунитетін құрметтеу қағидаттарының аса маңызды екенін мәлімдеп, Халықаралық қылмыстық сот пен соған ұқсас өзге де органдар өз құзыретін теріс пайдаланбауы керек деген ортақ пікірге келгені" жазылған.
Кездесудің баспасөзге ашық бөлігінде Трамп ХҚС-ты "бақылаудан шыққан жаһаншыл ұйым" деп атады.
Мәлімдемеде АҚШ, Қытай және Ресей "барлық елдің игілігі үшін мұнай өнімдерінің өндірісін арттыруға" ниетті екені де айтылған. Бұл іс жүзінде санкциялар мен халықаралық қысымға ұшыраған Ресейдің мұнай саласын қолдауды білдіреді.
Си Цзиньпиннің "мұқият жоспарланған" саммиті
Путинмен салыстырғанда Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуден алар пайдасы азырақ еді. Қытай Ресей сияқты дипломатиялық және экономикалық қиындықтарға тап болған жоқ. АҚШ-пен арада қайшылықтар болғанымен, Қытай басшысы екі ел қатынасының қазіргі бағытын "салиқалы стратегиялық тұрақтылық" тұжырымдамасы арқылы айқындауға қол жеткізді.
Дегенмен Қытай басшысы үшін үшжақты кездесуді АТЭС саммитінің өзіне көлеңке түсірмейтіндей етіп өткізу маңызды болды.
"Бұл – жоғары деңгейде өткен, мұқият жоспарланған кездесу. Оны Қытай үшін табысты саммит деуге болады" деді Азаттыққа Вашингтондағы Stimson Center зерттеу орталығындағы Қытай бағдарламасының директоры Юнь Сун.
Оның айтуынша, үш тараптың бәрі келісе алатын бірлескен мәлімдеме әзірлеу оңай емес. Алайда мұндай келісімнің кемшілігі де бар: құжатта талқыланған мәселелердің егжей-тегжейі қамтылмайды.
"Меніңше, Си Цзиньпин өзі қалаған нәтижеге қол жеткізді. Ол әлемдік істерде бастамашыл рөл атқара алатынын көрсетті" дейді Хаврен.
Қытайдың мемлекеттік "Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, Си кездесуді "оң, салиқалы әрі нәтижелі" деп бағалаған.
Айта кетерлігі, Си Цзиньпин Трамптың ядролық қарусыздану мәселесін талқылау ниетін қолдағанымен, нақты қадам жасауға міндеттеме алған жоқ. Қытайда шамамен 620 ядролық оқтұмсық бар болса, АҚШ пен Ресейдің әрқайсысында оқтұмсықтардың саны 5000-нан асады. Қытай ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерге қатысуға әзірге ерте деп санайды. Оның үстіне, Пекин мұндай келіссөздер Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген ұстанымда.
Бірлескен мәлімдемеде Си, Трамп және Путин "ядролық соғыста жеңіске жету мүмкін емес екенін және оған ешқашан жол бермеу керегін" атап өтті. Бұл – Қытай басшысы бірнеше жылдан бері мәлімдеп келе жатқан тұжырым.
Дегенмен "ядролық қатерді азайту және ядролық қарудың таралуына жол бермеу жөнінде диалог жүргізу" туралы мәлімдемелер нақты міндеттерді айқындамайды.
Кездесу Трампқа не берді?
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ президенті саммитке аса үлкен үміт артпаған. Сондықтан ол көздегеніне жетті деуге болады.
"Президент Трамп әлем назары өзіне ауған сәтте екі ірі ядролық держава – Ресей және Қытаймен ядролық қаруды бақылау мәселесін талқылап жатқанын көрсеткісі келді. Ол осы мақсатына жетті" деді Азаттыққа Тайбэйде тұратын заңгер әрі саяси қатерлер жөніндегі сарапшы Росс Даррелл Файнголд.
Трамп саммитке дейін Ирандағы соғыс мәселесін де талқылағысы келетінін айтқан еді. Алайда үш елдің бірлескен мәлімдемесінде бұл тақырып аталмады. АТЭС жиыны кезінде Путин де, Си Цзиньпин де Ирандағы соғыс туралы ашық пікір білдірген жоқ.
"Қытай мен Ресей Трампқа Иранмен қақтығысты тоқтатуға көмектесе алмайды әрі көмектескісі де келмейді. Бірақ олар Иранды АҚШ-пен соғысуға да үндемейді. Қытай мен Ресей үшін ең қауіпсіз жол – бейбітшілікке шақыру. Олар осы ұстанымын жалғастырып келеді" дейді Файнголд.
АҚШ Сауда министрлігінде Қытай мәселелерімен айналысқан бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің пікірінше, дипломатиялық тұрғыдан нақты жетістіктер болмаса да, Трамп саммитті табысты кездесу ретінде көрсете алады.
Атын атамауды сұраған экс-шенеунік Си Цзиньпин Трамптың көңілінен шыға алғанын айтты.
"Си Цзиньпин Трампты әбден баурап алды. Тіпті оны әуежайда құшақтап қарсы алды. Трамп үшін мұндай ілтипаттың маңызы зор" деді ол.
Трамп Си Цзиньпиннің құшақтап қарсы алуын "біз үшін үлкен жеңіс" әрі "зор құрметтің белгісі" деп бағалады.
Трамппен жылы қарым-қатынас орнату Си Цзиньпин үшін де тиімді. Байденнің тұсында және Трамптың алғашқы мерзімінде АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс едәуір шиеленіскен еді. Вашингтон қысымының азаюы Пекинге стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
"Си бұл жағдай мәңгілікке созылмайтынын білсе де, саммит қорытындысына көңілі толуы керек" деді АҚШ-тың бұрынғы шенеунігі.
Ұлы державалар дипломатиясының да шегі бар
Сарапшылардың пікірінше, үшжақты саммит есте қаларлық көріністерімен ғана емес, одан күткен нәтижелердің орындалмауымен де есте қалуы мүмкін.
Путин қазан айында осы үшжақты саммитті өткізу идеясын алғаш ұсынғанда, Киев пен Еуропа елдері алаң білдіріп, Ресей басшысы бейбітшілік жөніндегі келіссөзді Украина мен Еуропаның қатысуынсыз талқылауға талпынуы мүмкін деген.
Алайда Пекиннің Еуропамен қарым-қатынасына нұқсан келтіргісі келмейтінін ескерсек, мұндай келісімнің жасалуы әуел бастан-ақ екіталай еді.
" Еуропа Қытайға экономикалық тұрғыдан әлі де қажет. Оның үстіне, Пекин өзін бейтарап держава ретінде көрсетуге тырысып келеді" дейді Хаврен. Оның айтуынша, Украина мәселесін саммиттің күн тәртібіне қоспау – Қытайдың стратегиялық таңдауы.
Уишниктің пікірінше, АТЭС саммиті басталардан аз уақыт бұрын Украинаның Қырым көпіріне дрондармен және зымырандармен соққы жасауы да кездейсоқ емес. Шабуыл салдарынан көпірдің автокөлік жүретін бөлігі бүлінген.
"Бұл – Украина мен Еуропа басшылары қатыспайынша, әлемдік көшбасшылар қақтығысты тоқтату жөнінде шешім қабылдай алмайтынын көрсететін белгі" дейді ол.
Ал 18 қарашада Иран Парсы шығанағындағы елдерге соққы жасады. Бахрейн мен Кувейтке дрондармен және зымырандармен шабуыл жасалған. Бұл – екі айға жуық уақыт ішіндегі алғашқы шабуыл.
Ресейдің Украинадағы соғысына қару-жарақ пен әскер жіберген Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын АТЭС саммиті кезінде Дональд Трамппен кездескен жоқ. Бұған дейін АҚШ президенті екі басшының кездесуі мүмкін екенін айтқан еді.
"Ұлы державалардың ықпалы зор, бірақ олар әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғаларды толық бақылай алмайды. Көшбасшылардың бір үстелге отырып, әлем тағдырын шешетін кезеңі өтті. Мәселелерді шешу үшін олар басқа мемлекеттермен де кеңірек диалог жүргізуге мәжбүр" деді Уишник.