АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясына Украина әуеден шабуыл жасады деген хабарларға сенбейтінін айтты. Трамп мұны президенттік Air Force One ұшағында журналистерге мәлімдеген.
"Мен ондай соққы жасалды дегенге сенбеймін. Жақын маңда бірдеңе болған шығар, бірақ оның бұған еш қатысы жоқ", — деді Трамп.
Путинмен телефонмен сөйлескеннен кейін неге ол ақпаратқа сенгені жайлы сұраққа Трамп: "Өйткені сол сәтте ешкім ештеңе білген жоқ. Менің алғаш естігенім сол болды. Ол өз үйіне шабуыл жасалғанын айтты. Қазір біз тексеріп болғаннан кейін ондай жағдай болған жоқ деп есептейміз", — деп жауап қатты.
Путиннің Валдайдағы резиденциясына 29 желтоқсанға қараған түні дрондар шабуылдамақ болғанын алғаш болып Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеген еді. 30 желтоқсанда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны "келіссөз процесін бұзуды көздеген террористік акт" деп атап, Ресей "келіссөз ұстанымын қатаңдатады" деп ескерткен.
Ресей тарабы әлгі шабуылға әрекет жасалғанын растайтын айғақ-дәлел ұсынған жоқ. "Можем объяснить" телеграм-арнасына сұхбат берген Новгород облысының тұрғындары дрон шабуылы қаупі туралы ешқандай SMS-хабар алмағанын, ал Валдай тұрғындары дрондар ұшқанын немесе жарылыстар дыбысын естімегенін айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Путин резиденциясына шабуылдауға әрекет жасалды деген айыптауларды жоққа шығарды. Ал Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Мәскеудің бұл мәлімдемелерін "бейбітшілік процесінен назарды әдейі басқа жаққа бұру әрекеті" деп бағалады.