Accessibility links

Трамп Зеленский өзіне ұнайтынын айтып, украиндарды мықты соғысады деп мақтады

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп, 28 желтоқсан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп, 28 желтоқсан, 2025 жыл.

Украина америкалықтар мен олардың одақтастарына Таяу Шығыстағы дрон шабуылдарынан қорғануға көмектесу жайлы бастама көтергеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен қарым-қатынасы жайлы оң пікір білдірді. Ол мұны консервативтік Salem News Channel медиасына берген сұхбатында айтқан.

Хабарды жүргізуші Трамптан Зеленскийдің АҚШ одақтастарына дронға қарсы қару ұсынғаннан кейін оған жылы қабақ таныта бастадыңыз ба деп сұраған. Оған берген жауабында Трамп Зеленскийді "айлакер жігіт" деп атап, өзіне Украина президенті "ұнайтынын" айтқан.

"Мен онымен әрқашан тіл табысып келдім деген ойдамын, тек бір рет Доғал кабинетте маған ол аздап агрессивті болып көрінгендей болғанын есепке алмағанда", деді Трамп 2025 жылғы 28 ақпанда өзі, вице-президент Джей Ди Вэнс және президент Зеленский арасында болған дау-дамайды меңзеп.

Трамп АҚШ қазір Украинаға қару-жарақты тегін бермейтінін, бірақ украиндар сонда да "соғысып" жатқанын және олардың қаруы ең жақсы ма, жоқ па, оған қарамастан Ресейді ұзақ уақыт бойы тежей алатынын дәлелдегенін атап айтты. Трамптың сөзінше, Украина бұл күресте аумағынан айрылғанымен, Ресей де шығынға ұшырап жатыр. Трамп АҚШ-тың НАТО бойынша одақтастарына қарағанда Украина өзін жақсы көрсетті деген жүргізушінің сөзіне қарсы пікір айтқан жоқ. Басқа нәрселерге қоса, АҚШ президенті Украина НАТО елдері сатып әперген америкалық қару-жарақты "жақсы" пайдаланып жатыр деп мәлімдеді.

АҚШ президенті бұған дейін Зеленскийге әртүрлі баға берген: бірде оны "сайлаусыз отырған диктатор" деп атап, Ресеймен бейбітшілік орнатқысы келмейді деп сөксе, енді бірде Зеленскийге және украин халқының батылдығына құрмет білдіріп, Ресей президенті Владимир Путинді сынға алған.

Зеленский Трамппен қалыпты қарым-қатынас орнатқанын және АҚШ президентіне Украинаға көрсеткен көмегі мен бейбітшілік бастамалары үшін бірнеше рет алғыс білдіргенін, бірақ сонымен бірге сыни пікірлер де айтқанын мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG