Accessibility links

Қырымда Феодосия қаласының тұрғыны, қырым татары Сулейман Қадыровтың соты басталмақ. Оны Facebook әлеуметтік желісінде "Қырым – Украинаның жері" деп комментарий жазып, сепаратизмге шақырды деп айыптайды. Алдын ала сот тыңдауы 11 желтоқсанда жабық жағдайда өткен, іске қатысты алғашқы сот отырысы 20 желтоқсанға белгіленген.

Ресей президенті сайлауына түсетінін мәлімдеген, бірақ кандидат ретінде әлі тіркелмеген Ксения Собчак алғашқы баспасөз жиынында Ресей халықаралық заңдарды бұзып, Қырымды басып алды, сондықтан түбек - Украинаның жері, бірақ аннексияланған территориясы деп мәлімдеген. Қазір бас прокуратура оның сөздерінің қылмыстық кодекстің "Ресей федерациясының территориялық тұтастығын бұзуды көздейтін әрекеттерге жария түрде шақыру" туралы 280.1-бабына сәйкестігін тексеру үшін тергеу алды амалдарын жүргізіп жатыр. Сепаратизмге шақырғаны үшін қолданылатын ең ауыр жаза – бес жыл.

Собчактың өзі әлгі сөзінде ешқандай қылмыс жоқ деп санайды. Собчак РИА "Новости" агенттігіне: "Заңда жерді бөліп алу немесе территориялық тұтастықты бұзуға шақыру әрекеттері үшін сотқа тартылады делінген. Заңда фактіні көрсету және тіпті мемлекет ұстанымына сәйкес келмейтін пікіріңді айту туралы бір де сөз жоқ. Бұл үшін мені де, Сулейман Қадыровты да соттай алмайды. Бұл үшін сотталған адамдардың бәрі – саяси тұтқындар мен кінәсіз жандар" деп мәлімдеген болатын. Бірақ Қырымда қазірдің өзінде кемі екі адам – Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ильми Умеров пен журналист Николай Семена сепаратизм бабы бойынша сотталған. Умеровке жазасын екі жыл қоныс колониясында өтеуге үкім еткен, бірақ кейін оған рақымшылық жариялап, өзін Түркия арқылы Киевке жеткізген. Қазір ол адвокаттарымен бірге Ресей президенті әкімшілігінен рақымшылық жариялауды құжат жүзінде негіздеуді талап етіп жүр, бірақ жарлық құпияландырылған, сондықтан оның мазмұнын ешкім білмейді. Семенаны екі жарым жылдық шартты жазаға кескен, 18 желтоқсанда Қырым жоғарғы соты оның апелляциялық шағымын қарауы тиіс. Ал желтоқсанның 11-і күні Қырымдағы Феодосия қалалық соты президенттік сайлауға түсуге әлі тіркелмеген кандидат өзін салыстырған әрі сепаратизмге қатысты айып тағылған Сулейман Қадыровтың ісін қарауға кірісті.

Ксения Собчак.
Ксения Собчак.

2016 жылғы қазанның 5-і күні таңертең Феодосияда тұратын Сулейман Қадыровтың үйіне Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) және экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы қызметкерлері тінту жүргізу үшін барған. Тінтудің қалай жүргізілгені туралы Қадыров былай деді: "Таңғы сағат жетіде есік қоңырауын естіп, әйеліме "домофоннан кім келгенін көрші" дедім. Ол қарады да, "Ештеңе көрінбейді, сағызбен жапсырып тастағанға ұқсайды" деді. "Жарайды, есікті аш, әйтпесе сындырады, әлгілер келген тәрізді" дедім. Өйткені мені бақылап жүргендерін білгенмін. Аулаға кіретін есікті ашқаны сол еді, 15 шақты адам сау етіп кіріп келді, ал әйелім баж ете қалды. Әуелгіде қолын бұрап жатыр ма деп ойлап қалдым. Іш киіммен аулаға жүгіріп шықтым". Ішкиімдегі оны аулада ұстап алып, тінткен, сол жерде орындыққа отырғызып, камераға түсіре бастаған. Ол бұл әрекеттеріне қарсылық білдіріп, киінуге мұрсат беруді талап еткен. Оған адвокатты жолықтырмай қойған, телефон мен ноутбугын сол жерде ақтара бастаған. Арнайы қызмет өкілдері әсіресе Қадыровтың Facebook парақшасына көп шұқшиған. Ол жерден 2016 жылғы наурызда жарияланған жазба табылған.

Мені бақылап жүргендерін білгенмін. Аулаға кіретін есікті ашқаны сол еді, 15 шақты адам сау етіп кіріп келді.

"Жаңа батальон. Еріктілер мен ақша жинау" деп аталатын ол видео әу баста әлдебір "Демьян Демьянченконың" парақшасында жарияланған. "Украинаның даңқы арта берсін!" деген сөздерден басталатын бұл ролик кейін Сулейман Қадыровтың ісі бойынша айыптау актісінде "Ресей федерациясының территориялық тұтастығын бұзуды көздейтін әрекеттерге шақырады" деп сипатталған. Видеода теңізшілердің жолақ жейдесінкиген ер адам дауысын өзгертіп Симферопольде тұратынын, жасырынуға мәжбүр екенін, бірақ Донбастағы соғысқа қатысу үшін ондаған адамнан тұратын еріктілер жасағын құрғанын айтады. Қырым жайлы әлгі адам түбек оккупацияланған деген бір ауыз сөз ғана айтады, бірақ видеоға тіркелген сипаттамаға қарағанда, ол бөлімшені "Крим" батальоны" деп атаған. Ол "ПриватБанкте" ашылған есеп-шотын пайдалана алмай жүргеніне егжей-тегжейлі тоқталып, банктің бұрынғы қожайыны Игорь Коломайскийді сыбап, ақша сұрайды. Ол "Туған-туыстарыңмен жуық арада көрісе алмайсыңдар деп бірден ескертемін, пансионатта жатып жаттығамыз. Ал заң жүзінде бүкіл мәселені шешкеннен кейін Киевке барамыз. Сол жақта билікпен қосылып, Украинамыз үшін шайқасқа аттанамыз" дейді. Әскери мамандығы мен бұрынғы қызмет еткен орнын міндетті түрде көрсетіп, электронды поштаға жазуы тиіс жауынгерлерден бөлек, ол батальон қатарына қосылуға үгітшілер мен "парақшалар әзірлеу үшін" фотомен жұмыс істей алатындарды да шақырады.

"Бәріміз жұмылсақ қана Украинаны құтқарып, Қырымды қайтарамыз әрі соғысты тоқтата аламыз" деп аяқтайды сөзін. Бұған қоса, ол келесі видеода "жиі туатын сұрақтарға жауап беруге және түскен ақша мен еріктілер жайлы есеп беруге" уәде етеді. "Демьян Демьянченконың" YouTube желісіндегі парақшасында видео 2014 жылғы шілдеде бір рет қана жарияланған. Бұдан кейін автор желіде "Орыстар – ең "мешеу" халық" деген видеороликке "лайк" басқаннан өзге белсенділік танытпаған.

Тергеу болжамынша, Қадыров әлгі видеоүндеуді өз парақшасында қайта жариялаған, ал бірнеше айдан кейін "Сулейман Қадыров келіседі! Қырым – Украинаның жері, әрдайым солай болған, қазір де солай, солай болып қала береді! Видео үшін авторға рахмет! Қолдаймын!!" деген комментарий жазған. Айыптау қорытындысында "Осылайша видеоүндеу авторының әрекеттері мен көзқарасын, позициясын, желі пайдаланушыларын аталған бағдарламаны орындауға тартуды құптайтынын, ақтайтынын білдірген" деп жазылған.

Видео неліктен наурызда жарияланған, ал комментарий шілдеде пайда болған? Бұл не қылған ұзақ уақыт?

"Видео неліктен наурызда жарияланған, ал комментарий шілдеде пайда болған? Бұл не қылған ұзақ уақыт? Бұған қоса, "Мен, Қадыров Сулейман, қолдаймын…". деген комментаридің өзі де... Төлқұжатымдағы деректер мен тұратын жерімді көрсету ғана қалған. Мен бұлай мүлде сөйлемеймін әрі жазбаймын" дейді Қадыров. Ол айыпты мойындамаған әрі конституцияның 51-бабына сілтеп түсінік беруден бірден бас тартқан. Іс материалдарында "Бірақ Қадыров комментарийде көрсеткен "Қырым – Украинаның жері, әрдайым солай болған, қазір де солай, солай болып қала береді" деген позицияны ұстанатынын айтты" делінген. Видеоны қайта жариялап, комментарий жазған нақ соның өзі екеніне дәлел ретінде тергеушілер 2016 жылғы наурызда оның телефоны компьютер тұрған үйдің радиусында тіркелген деген уәжді ғана алға тартады.

Феодосияда тұратын Қадыровты қудалауға себеп болған видеоүндеуді қырымдық емес, Томск тұрғыны К.Т.Кадиров жариялаған. Оның қылмыстық ісіндегі құжаттарға қарағанда, 2014 жылғы шілдеде ол bncrimea.kiev.ua деген домен атауын сатып алып, "Батальон "КРИМ" сайтын ашқан. Видео жазып, өзін ешкім танымас үшін оны бояп қойған, бұған қоса, видеоны әлгі сайтта және "ВКонтакте", YouTube желілерінде арнайы ашқан парақшаларында жариялаған. Әлеуметтік желілерде ол роликте айтқан сөздерінің мәтінін де жариялаған. Кадировтің ісін 2015 жылы Томск қаласы Октябрь аудандық соты қараған. Ол тергеумен мәмілеге келген, сондықтан процесс сот тергеуінсіз айрықша тәртіппен өткен. Кадировты міндетті жұмысқа кесіп қана қоймай, ол 2015 жылғы 24 сәуірде жарияланған амнистияға байланысты рақымшылыққа ілінген. Тінту кезінде тәркіленген компьютерін оған қайтарып берген, апелляциялық шағым ешкім бермеген. Феодосиядағы Қадыров тергеумен мәмілеге келмеген, кінәсін мойындамаған әрі "Қырым – Украинаның жері" деген жеке көзқарасымды білдірдім деп үзбей мәлімдеп келеді.

Бәріміз жұмылсақ қана Украинаны құтқарып, Қырымды қайтарамыз әрі соғысты тоқтата аламыз.

Іс құжаттарына қарағанда, Сулейман Қадыровтың парақшасындағы видеоға бірден үш адам – іске айыптаушы тараптың куәлері ретінде тартылған Антон Богатырев, Юрий Черкесов және Дмитрий Романюк назар аударған. Богатырев тергеушіге берген түсініктерінде "Өзін "Демян Демьянченко" деп атайтын адамның Қырымды Украина құрамына қайтару мақсатында қарулы батальон құрғанын хабарлап, оған тәжірибелі адамдарды өз еркімен қосылуға және әлгі қарулы құрылым үшін ақша жинауға шақырған "Жаңа батальон…" деген видеоүндеуімен "Сулейман Қадыров" деген пайдаланушының парақшасында шамамен 2016 жылғы тамызда таныстым. Бірақ Ресей ФСБ-сының Қырым Республикасы мен Севастопольдегі басқармасына қарасты қарсы барлау қызметі Қадыров "жасаған" қылмыс туралы баянхатты тінту жүргізілген күннің ертеңінде жазған. Яғни Қадыровтың видео қайта жарияланған Facebook парақшасын әуелі - 2016 жылғы наурызда арнайы қызмет өкілдері қарап шығып, сосын тамызда видео мен комментарийді Богатырев, Черкесов және Романюк үшеуі байқаған, бірақ күш құрылымы тінтуді қазанда жүргізуді ұйғарған. Тінту қорытындысы бойынша қылмыс жасалған деген баянхат толтырып, содан кейін ғана қылмыстық іс қозғаған.

Тергеушілер бірнеше сараптама жүргізген. Лингвистикалық сараптама видеоүндеуде сепаратизмге шақыру белгілері бар деп көреткен, бірақ Қадыровтың комментариі (егер оны парақшасында өзі жазса) жайлы мүлде ештеңе айтылмаған. Ал кешенді сараптама видео мазмұнында сепаратизмге шақыру емес, видеоүндеу авторының Украинаны азат ету, Қырымды Украина құрамына қайтару және соғысты тоқтату мақсатында құрылған "Қырым" батальоны құрамына ерікті ретінде қосылуға, оның жұмысына қатысуға, олардың қызметін қаржыландыруға шақырған әрекеттерін, көзқарасын, позициясын, іс-қимыл бағдарламасын құптап, ақтайтын лингвистикалық және психологиялық белгілер" бар деп тапқан.

Алексей Ладин.
Алексей Ладин.

Қадыровтың адвокаты Алексей Ладиннің мәлімдеуінше, тергеушілердің қолында Қадыровтың кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Тергеудің бір жылдан көп уақытқа созылуын ол дәл осы себеппен түсіндіреді. "Қадыров бір жылдай күдікті мәртебесінде жүрді, яғни тергеушілерде істі сотқа жолдауға бола ма, жоқ па деген күмән болды. Екі сараптама жүргізілді, екеуі де Қадыровтың Facebook желісіндегі комментариінде заңға қайшы ештеңе, әйтеуір елдің территориялық тұтастығын бұзуға шақыру белгілері жоқ екенін растады. Қадыров қайта жариялаған видеода Украина, Луганск және Донецк облысы территориясында әрекет етуге шақырған. Менің түсінуімше, Ресей Федерациясы бұл территорияларға көз тікпейді, сондықтан Қадыровты Ресейдің тұтастығын бұзуға шақырды деп айыптауы қайран қалдырады" дейді Ладин.

Эмиль Курбединов.
Эмиль Курбединов.

Ильми Умеров пен Николай Семенаны мысалға келтірген адвокат Эмиль Курбединов Сулейман Қадыровты қудалаудың саяси астары бар деп турасын айтады. Сотта екеуін де (Умеров пен Семенаны) осы адвокат қорғаған. Адвокат "Ильми Умеров пен Николай Семенаның осы бап бойынша қозғалған ісін қараған процестер жуырда ғана аяқталды, билік сепаратизм бабын ұнамсыз адамдарға, оппозициялық күш саналатын әрі Қырымда болған жағдайға және ол жақта Ресей өз билігін қалай орнатқанына қатысты пікірін айтқандарға қарсы пайдаланып отыр" деп санайды.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Антон Наумлюктің мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG