Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Көктерек ауылдық округінде өткен әкім сайлауында өзін-өзі ұсынған кандидат Әбдіразақ Мәуленов "Нұр Отан" өкілінен көп дауыс жинап, жеңіске жетті.
Азаттық Кеңестөбе, Ынтымақ, Бірлік деп аталатын үш ауылды біріктіретін округтегі тәуелсіз үміткер мен "Нұр Отан" өкілі арасындағы тартыс туралы жақында жазған.
Үш ауылдағы дауыстарды есептегенде, Әбдіразақ Мәуленов - 512 дауыс, "Нұр Отан" партиясы ұсынған Нұрдәулет Диханбаев – 422 дауыс жинағаны белгілі болды.
Кеңестөбе ауылындағы нәтиже: Әбдіразақ Мәуленов - 323, Нұрдәулет Диханбаев – 108 дауыс.
Бірлік ауылындағы нәтиже: Әбдіразақ Мәуленов - 104, Нұрдәулет Диханбаев – 105 дауыс.
Ынтымақ ауылындағы нәтиже: Әбдіразақ Мәуленов - 85, Нұрдәулет Диханбаев – 209 дауыс.
Мамандығы мұғалім 52 жастағы Мәуленов әкімдікке түсуге ауыл ақсақалдары мен белсенділері көндіргенін айтқан.
– "Әр үйдің немен тыныстап жатқанын білесің, елге көмектес" деген соң сайлауға түстім. Бұл үшін жан-жақтан қысым да көрдім, жұмыстан өз еркіммен шығуға мәжбүр болдым. Елдің қолдауы көбейген соң "бас тарт" деп айтқандар да болды. Қалай бас тартамын? Бас тартып кетсем маған сенім артқан елдің бетіне қалай қараймын? Енді, не де болса нар тәуекел деп отырмын, – деген еді Мәуленов.
Екінші үміткер – биліктегі "Нұр Отан" партиясының өкілі Нұрдәулет Диханбаев. 33 жастағы үміткерді аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың депутаттары әкім болуға лайық деп тапқан. Диханбаев – заңгер әрі экономист, бірнеше ауданда зейнетақы төлеу орталығын басқарған, қазір аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында сектор меңгерушісі.
ПІКІРЛЕР