Accessibility links

Декларация әлегі, "ру факторы" және "жасанды бәсеке". Ауыл әкімдерін сайлауға көзқарас қандай?


Кеңестөбе ауылындағы 179-сайлау учаскесіне апаратын жолды көрсететін белгі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Кеңестөбе ауылындағы 179-сайлау учаскесіне апаратын жолды көрсететін белгі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

Ауыл әкімі болудан үміткер "салық декларациясындағы қатеге бола" тіркелмей қалғанын "кандидат куәлігін" алуға барғанда бір-ақ білген. Оңтүстік өңірлердегі әкім сайлауында руға бөліну мәселесі алға шығуы мүмкін. Ал белсенділер "жасанды бәсеке" үшін кандидат болып тіркеліп жатқандар да бар дейді.

ДЕКЛАРАЦИЯНЫ СЫЛТАУ ЕТУ

Қызылорда облысы Арал ауданы Райым ауылдық округінің тұрғындары ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды деген биліктің уәдесінен үміттенген. Кейінгі он жылда ауыспаған әкім орнына басқа әкімді өзіміз сайлап аламыз деп құлшынған ауыл адамдары әкім сайлауына Мұхтар Омаров есімді азаматты ұсынып, Арал ауданының әкіміне, аудандық сайлау комиссиясы мен "Нұр Отан" партиясына үндеу хат жолдаған.

Алайда "Нұр Отан" партиясы атынан өзге кандидат ұсынылатыны белгілі болған соң, "ауыл қалаған кандидат" өзін-өзі ұсынған.

Бірақ Омаров кандидат куәлігін алуға барғанда ғана тіркелмей қалғанын білген. Бұл кезде кандидаттарды тіркеу мерзімі бітуге бір күн қалған еді.

– 13 шілде "ауыл әкіміне кандидат" деген куәлікті алуға барғанымда "салық декларациясының уақытын дұрыс көрсетпегенсіз, тіркелмейсіз" деп қайтарды,– дейді ол.

Мұхтар Омаровтың сөзінше, аудандық сайлау комиссиясы құжатының дұрыс еместігі туралы ешқандай хабар бермеген.

– 28 маусымда кандидаттыққа құжаттармен қоса салық декларациясын тапсырмақ болдым. Бірақ аудандық сайлау комиссиясы "кандидаттыққа құжат тапсырған соң ғана салық декларациясын өткізесіз" деді, сондықтан декларацияға құжаттарды ертесінде өткіздім. Сөйтсем бұл жолы облыстық кіріс департаменті "декларацияны маусым айындағы мәліметпен тапсыруы керек еді" деп 3 шілдеде толтырылған құжатты жаратпай тастапты. Екі мекеме біріне-бірі сілтеді, ертерек айтса қайта тапсырар едім, – дейді Омаров.

Қызылорда облысы Арал ауданы
Қызылорда облысы Арал ауданы

Арал аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Махамбетжан Балмановтың айтуынша "салық декларациясын қалай тапсыруды әр үміткер өзі шешеді, оған сайлау комиссиясының қатысы жоқ".

– Декларацияның дұрыс-бұрыстығын облыстық кіріс департаменті тексеріп, бес күнде жауабын береді. Мұхтар Омаровтың декларациясына байланысты тексеріс қорытындысы кандидаттарды тіркеу уақыты бітуге бір күн қалғанда келді. Кандидаттарды тіркеу уақыты 14 шілдеде аяқталды, – деді ол.

Журналист Асқар Тәжиев.
Журналист Асқар Тәжиев.

Декларация мәселесі Қызылорда облыстық Qyzylorda телеарнасының тілшісі, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Асқар Тәжиевтің де алдынан шыққан. Ауыл халқы қолдаған соң ол Шиелі ауданы Майлытоғай ауылының әкімі сайлауына түспек болған.

"13 шілдеде "әкімдікке кандидат" куәлігін алғаннан екі күн өткен соң аудандық сайлау комиссиясы мемлекеттік кірістер департаментінің не шығыс нөмірі, не мөрі, не басшысының қолы жоқ құжатты басшылыққа алып, менің салық декларациямда айырма барын анықтағанын жеткізді" деп жазды ол Facebook парақшасында.

Екі апта бұрын өткізген құжатты кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін тексергеніне налыған Асқар Тәжиев "Осы кемшілікті түзетуге жарты сағат жетер еді. Уақытты өткізіп барып хабарлауы қаншалық заңды? Осыған дейін де түрлі қоңыраулар мен шабармандар арқылы менің кандидаттығымның мәселесін "май шаммен" қараған шенді-шекпенділердің шынайы бет-бейнесі аңғарылды. "Жаңашыл ойлайтын жігіт болып, ел десе еміреніп тұрғандардың" біразының сол ескі соқпақтан айырылғысы келмейтіні біліне бастады" деп жазған.

Азаттық Асқар Тәжиевпен хабарласқанда, әлі де сайлау комиссиясының шешімін күтіп отырғанын, өтініші қаралып жатқанын айтты. Азаттық тілшісі Қызылорда облысы Шиелі аудандық сайлау комиссиясынан бұл мәселе бойынша жауап ала алмады.

Қазақстандағы түрлі деңгейдегі сайлаулар кезінде салық декларациясындағы болмашы олқылық үшін додаға қатыстырмай тастау бұрын да байқалған.

"КЕЗЕКТІ СПЕКТАКЛЬДІҢ БІРІ"

Былтыр "Нұр Отан" партиясы өткізген праймеризге қатысқан Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бұрынғы қызметкері Жасұлан Әбдіхалық "ауыл әкімдерін сайлау – кезекті спектакльдің бірі" деп санайды.

Оның айтуынша, ауыл әкімін сайлау кезінде ру факторы маңызды рөл атқаруы мүмкін.

– Бір ауылдық округтегі бірнеше шағын ауылдың әрқайсысы кішкентай рулардан құралады. Бұрын өз өкілі әкім болған ру билікті бермеуге тырысады, қалғандары соны құлатуға жұмыс істейді. Ресми түрде ашық айтылмағанымен, бұл – белгілі нәрсе. Аудан әкімдері мұны аудандағы "беделді адамдармен" келісіп, кімнің кандидаттыққа түсетінін, кімді кері ысыру керегін шеше алады, – дейді ол.

Ағылшын тілінің мұғалімі Сардор Исманов.
Ағылшын тілінің мұғалімі Сардор Исманов.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының белсендісі Сардор Исманов та осы пікірде. Орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Сардор АҚШ елшілігінің English Access Microscholarship Program бағдарламасы бойынша тұрмысы нашар отбасы балаларына ағылшын тілін тегін үйретумен айналысады. Кейінгі бірнеше жылда белсенді бола бастаған ол "Нұр Отан" партиясының 2020 жылы өткізген праймеризіне де қатысып көрген.

Сардордың сөзінше, "ауыл әкімін сайлау кезінде ру мәселесі ерекше рөл ойнайды". Бірақ ол тек бір ауданда емес, Қазақстанның өзге де өңірлерінде жиі кезігетін факторлардың бірі".

– Биліктегілер өзіне жақын адамдарды тартатыны мәлім. Руға сүйену – соның бір жолы. Алайда руластарының дауысын алған әкім жұмысын халық көңілінен шығатындай деңгейде атқара алатынына кепілдік жоқ, – дейді ол.

Исмановтың өзі алдағы сайлауда тәуелсіз бақылаушы болмақ.

ТӘУЕЛСІЗ КАНДИДАТТАРҒА ҚАНДАЙ КЕДЕРГІ БАР?

2019 жылы маусымдағы президент сайлауында бақылаушы болған Арайлым Назарова өзі ұйымдастырған "Тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық бірлестігі" ауыл әкімдерін сайлау процесі қалай жүріп жатқанын қадағалап отыр дейді. Бұл ұйым Алматы облысында ең көп әкім сайлауы өтетін Еңбекшіқазақ ауданына бақылаушы жібермекші.

– Еңбекшіқазақтағы сайлау өтетін 10 ауылда 34 сайлау учаскесі бар. Соның бәріне екі бақылаушыдан жіберіп, ауыл әкімін сайлау қалай өткенін бір аудан арқылы байқап көрмекпіз, – дейді ол.

"Тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық бірлестігі" ауыл әкімі қызметінен үміткерлер жайлы мәліметті Еңбекшіқазақ ауданына ресми хат жазып сұрап алғанын айтады.

– Ауыл аралап, халықпен сөйлестік. Тұрғындардың көбі өзін-өзі ұсынғандарды танымайды. Олардың көбі әкімшілікте жұмыс істейіндер, яғни жергілікті биліктің жасанды бәсеке туғызу үшін ұсынған кандидаттары сияқты. Халықта сенімсіздік бар. Бір ауыл ғана өз кандидатын тіркей алған. Көбі өте алмайды. Кандидат болғысы келгендерге "кемі бір жыл мемлекеттік қызметте немесе үкіметтік емес ұйымда басқарушы қызметте болуы тиіс" дейтін талап кедергі болған. Өйткені кішкентай ауылдарда әкім мен әкімдіктің бас маманынан өзге мемлекеттік қызмет жоқ, – дейді ол.

"Жасанды бәсекеге" қатысты Еңбекшіқазақ аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Альбина Мәжит мынадай уәж айтты: "Өзін өзі ұсынған кандидаттар ауыл халқының 1 пайызының қолын жинап әкеледі. Яғни оларды тұрғындардың кем дегенде 1 пайызы таниды деген сөз. Қалғаны тани ма, жоқ па, біз ол мәселеге араласпаймыз. "Сізді ауыл халқы тани ма?" деп сұрақ қоя алмаймыз. Заң талабына сай келсе қабылдаймыз. Халық танымаса дауыс ала алмайды".

Арайлым Назарованың айтуынша, ауыл әкімі сайлауында кандидаттарға берілген мүмкіндік те әртүрлі. Мысалы, саяси партиялардан ұсынылған кандидаттарға халықтан қол жинаудың керегі жоқ, ал өзін-өзі ұсынған кандидаттар ауыл тұрғындарының кемі бір пайызының қолын жинауы тиіс.

Ел бойынша 700-ден астам әкім сайланады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, сайлау өткізуге Орталық сайлау комиссиясы арқылы 4,8 миллиард теңге бөлінеді. Билік 2025 жылға дейін әкімдерді сайлауға 17,6 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әкімшілігі алдағы ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімін сайлауды "демократиялану" қадамы деп атап, "саяси реформаның" кезекті сатысы ретінде көрсеткісі келеді. Билік сыншылары Тоқаев бастамасымен өтіп жатқан бұл науқанның үлкен өзгеріс әкелмейтінін айтады. Қолында билігі бар аудан, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері әлі де тағайындалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG