Accessibility links

Балабақша ақысына наразылық «көтеріліс» айыбына ұласты


Түркіменстан астанасы Ашғадаттағы балабақша. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан астанасы Ашғадаттағы балабақша. (Көрнекі сурет)

Түркіменстанның Дашогуз облысында наразылық акциясынан кейін білім басқармасы қызметкерін «билікке қарсы көтеріліске шақырды» деп айыптап жатыр. Шенеунік қазанның 10-ы күні балабақша ақысын қымбаттатуға қарсы стихиялы шеруден кейін тұтқындалған.

Өткен аптада Азаттықтың Түркімен қызметі қазанның 10-ы күні ондаған әйелдің Дашогуз облысы білім басқармасына барған акциясы жайлы хабарлаған болатын. Оларды қарсы алған әрі Азаттық аты-жөнін анықтауға тырысып жатқан басқарма өкілі «әкімдікке барыңдар да, сол жаққа шағымданыңдар» деп кеңес берген соң шерушілер тобы Дашогуз қаласы әкімдігіне жаяу кеткен.

Азаттықпен аноним түрде сөйлескен облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, әлгі акциядан кейін әлгі шенеунік пен оның отбасын «қазіргі билікке қарсы көтеріліске шығуға шақырды» деп айыптаған. Қазанның 18-і күні бұл ақпаратты осы жағдайдан хабардар екі дереккөз де растады. Азаттық әңгімелескен адамдар шенеуніктің аты-жөнін атаудан бас тартты, бірақ жасы 50-лер шамасындағы кісі деп түсіндірді.

Бұдан бөлек, Азаттық дереккөздерінің айтуынша, шенеуніктің балабақшалардың бірінде жұмыс істеген әйелі мен жергілікті мектептердің бірінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген ұлын да жұмыстан шығарып жіберген.

Түркіменстандағы балабақшаның бірінің ауласы.(Көрнекі сурет)
Түркіменстандағы балабақшаның бірінің ауласы.(Көрнекі сурет)

Дереккөздердің айтуынша, наразылық акциясы өткен қазанның 10-ы күні түн ортасына таман Дашогуз қаласының білім басқармасы шенеунігін полиция қызметкерлері үйіне барып тұтқындаған. Оны Дашогуз қаласының паспорт үстелі жанындағы уақытша ұстау абақтысына қамаған. Бұған қоса, қандай айып тағылғанын естігеннен кейін мемлекет тағайындаған адвокат тұтқындалған шенеунікті қорғаудан бас тартқан.

Облыстық білім басқрамасы қызметкерлерінің бірі «Ол кісіні мемлекетке қарсы наразылық акцияларына шақырды және президенттің халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі арман-үміттерін жақтырмайды деп айыптайды» дейді.

Қоғамдық адвокат қорғаудан бас тартқаннан кейін шенеуніктің отбасы жеке адвокат жалдаған. Бірақ жаңа адвокатқа тұтқындалған шенеунікпен жолығуға әлі күнге дейін рұқсат етпеген.

Дашогуз облыстық білім басқармасы қызметкері «Дашогуз облысы билігі наразылық акциясын өткізуге кінәліні іздеп жатқанға ұқсайды. Олар бүкіл кінәні әлгі акцияға ешқандай қатысы жоқ біздің әріптесімізге артқылары келеді. Оны бүкіл кінәні мойнына алуға мәжбүрлеу үшін өзіне де, отбасы мүшелеріне да қысым жасалып жатыр, сондықтан әйелі мен баласын да жұмыстан шығарып жіберді. Әлгі наразылық акциясына әріптесіміз бен оның отбасының ешқандай қатысы жоқ екенін құзырлы органдардың қаперіне Азаттық радиосы арқылы жеткізгіміз келеді» дейді.

Түркіменстанда қарашаның 10-ы күні балабақшадағы бір орынның айлық ақысы сегіз манаттан 80 манатқа дейін, яғни 10 есе қымбаттайтыны хабарланған. Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, кей аймақтарда балабақшаның айлық ақысы 96 манат болуы мүмкін. Бұған наразы болғандарды тыныштандыру үшін тіпті ОМОН жасақтары шақыртылған.

Дашогуз көшелерінің біріндегі арбаға мінген адам. (Көрнекі сурет)
Дашогуз көшелерінің біріндегі арбаға мінген адам. (Көрнекі сурет)

Дашогуз қаласындағы наразы ондаған әйелдің наразылық акциясын тез арада тоқтату үшін оларға Дашогуз қаласы мэрінің орынбасары мен әкімнің білім мәселелері жөніндегі орынбасары шыққан. Бірақ әкімшілік өкілдері «әлдебір уәделер беруге құзырлы емеспіз» деп хабарлағаннан кейін наразылармен диалог орната алмаған.

Әйелдердің наразылығы жайлы хабар қалада тез тарап, бұл жайлы «Хроника Туркменистана» басылымы бірінші болып хабарлаған. Басылымның хабарлауынша, «жаңа ережеге наразы ондаған адам Дашогуз қаласы ғана емес, елдің солтүстік аймағындағы өзге кейбір аудан орталықтарында да жиналған».

Жұрттың балабақша ақысын қымбаттатуға жаппай наразы болып жатқанын Азаттыққа Дашогуз облысы Болдумсаз ауданының құқық қорғау органы қызметкері де айтып берген болатын. Оның сөзінше, балабақша ақысы 10 есеге қымбаттайтынын естіген бетте ондаған ата-ана аудандық әкімшілікке барған. Жұрттың ашынғаны соншалық, жағдай төбелеске дейін жеткен.

Дашогуз облысы Болдумсаз ауданындағы дереккөз Азаттыққа «Болдумсаз ауданында шамамен сегіз балабақша бар. Жергілікті тұрғындардың наразылығы кесірінен жергілікті билік оларды әзірше жаба тұруды ұйғарды. Бұған қоса, жергілікті билік жұртқа енді балабақшаларда су, газ және электр жарығы ақылы болатынын айтып, балабақшаның айлық ақысын қымбаттатқан. Аудандық әкімшілік өкілдері алдын ала қабылданған шешім ретінде шамасы жететін ата-аналар жаңа ақыны әзірше төлей берсін деп ұсынған. Олар ондай ата-аналардың тізімін әзірлеуге бұйрық берген әрі әлгі тізімдер негізінде бірнеше балабақшаны қайта ашамыз деп хабарлаған. Балабақшаның жаңа ақысын төлеуге шамасы жетпейтін ата-аналар мұны естіп төбелес бастаған. Олар Түркіменстан үкіметі балалардың тегін білім алуын қамтамасыз етуі тиіс деп талап етті» деп хабарлайды.

XS
SM
MD
LG