Accessibility links

Түркіменстанда емтиханнан шыққан мектеп түлектерін ұстап, әскерге әкетіп жатыр


Түркімен сарбаздары қоғамдық көлік аялдамасында. Көрнекі сурет.
Түркімен сарбаздары қоғамдық көлік аялдамасында. Көрнекі сурет.

Осы аптада Түркіменстанда мектепке соңғы емтиханын тапсыруға келген ондаған түлекті әскерге әкеткен. Бұл туралы ата-аналар мен куәгерлер айтты.

Бір куәгердің сөзінше, Ашғабаттағы №15 мектептің дарбазасында азаматтық киім киген бірнеше адам жүрген.

"Емтихан таңғы 8.30-да басталды. Сағат 10.00 қарай төрт полицей мен әскери комиссариат офицері мектепке келді. Қызметтік киімде болмады, шамасы оқушыларды үркіткісі келмеген" деді ол Азаттыққа.

"Мектепті аяқтап жатқан жас жігіттердің көбін бірден көлікке отырғызып, әскерге жіберу мақсатында жергілікті комиссариатқа жеткізілген" дейді куәгер.

Түркіменстанда 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар әскерге баруға міндетті. Кей ерекше жағдайды ескермегенде, әскер мерзімі – 2 жыл. Бірақ көбі ахуалы нашар, әлімжеттікке толы әскерге барғысы келмейді, бармаудың түрлі жолын қарастырады.

Жылдың әскерге шақыру кезеңінде комиссариат қызметкерлері көше-көшені, әуежайларды және мектептерді аралап, әскерге жарамды ер азаматтарды іздейді.

15 маусым күні Ашғабатта және 16 маусым күні Лебап облысында көптеген мектепте дәл осындай рейд болды.

Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөзінің сөзінше, кей оқушылар мектептен көрінбей шыққанымен, комиссариат қызметкерлері оларды үйінен тауып алған.

Олардың айтуынша, офицерлер 18 жасқа енді толған азаматтарды ғана аңдып жүр. Олар сондай-ақ 18 жасқа маусымның соңына дейін толатындардың да тізімін жасап, ата-анасына ұлын қажет жасқа толған күні комиссариатқа әкелуді бұйырған.

Түркімен оқушылары. Ашғабат, сәуір 2021 жыл.
Түркімен оқушылары. Ашғабат, сәуір 2021 жыл.

Рейд кезінде ұсталған жас жігіттер медициналық тексеруден кейін әскерге жіберілмек. Енді олар мектепті бітіргені туралы аттестатты өз қолымен ала алмайды. Бұл аттестаттар бүкіл ел бойынша 21 маусым күні тапсырылады. Олардың отбасына ұлдарының аттестатын алып кетуді бұйырған.

Жемқорлық жайлаған елде кей отбасы пара беріп, ұлдарын әскерден алып қалып жатыр. Кейбірі 5700 доллар шамасында ақша бергенін айтады.

Өзгелері параны ұлын "қауіпсіз" әскери бөлімге жіберу үшін ұсынады. Қауіпсіз саналатын жерлерге Ашғабаттағы әскери бөлімдер және Қазақстанмен немесе Өзбекстанмен шекарадағы бөлімдер жатады.

Ата-аналардың сөзінше, ең қиыны Ауғанстанмен шекарадағы әскери бөлімдер саналады. Өйткені ол жақтан шекара қызметкерлерінің қаза болғаны туралы жаңалық шығып тұрады.

Сондай оқиғалардың бірі 2014 жылы мамырда болған. Қаруланған бір топ адам шекараны Фарьяб облысы тұсынан кесіп өтіп, үш түркімен сарбазын өлтірген. Ашғабат мұндай шабуылдар туралы пікір білдірмейді.

Аймақтарға жіберілетін түркімен сарбаздарын әдетте егін жинауға, фермаларда жұмыс істеуге салады.

Берілетін тамақтың, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына, әскери бөлімдердегі санитариялық ахуалға шағымданатындар өте көп.

Әскерге жаңадан алынған сарбаздардың көбі офицерлердің әлімжеттігіне, бопсалауына тап болады. Кейбірі жаңадан келген сарбаздарды үйіне қоңырау шалдырып, әке-шешесінен ақша жіберуді сұратады. Бас тартқанын ұрып-соғады.

Бақуатты отбасылар әдетте өздерінің тамыр-танысын пайдаланып, ұлдарын әскерден алып қалады.

Кейбірі әскерге бармау үшін Түркия, Ресей секілді елдерге не оқуға не жұмыс істеуге кетеді. Бірақ бұл оңай жол емес. Өйткені түркімен билігі азаматтарының қимыл-қозғалысын қатаң бақылап, халықаралық рейске отыратындарды мұқият тексереді.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің мақаласы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG