Accessibility links

Түркия Орталық Азия атауын Түркістан деп өзгертті: Анкара тарихи танымды неге жаңғыртып жатыр?

Анкара "Түрік ғасыры" атты жаңа білім үлгісін енгізді, ал елдің ұлттық білім министрлігі жаңа мектеп оқулықтарын шығарды. Оларда Орталық Азия атауы Түркістан деп өзгертілген – шенеуніктер осылайша аймаққа тарихи атауын қайтарып жатырмыз дейді. Анкараның әрекеті халқының шығу тегі ирандықтармен тамырлас Орталық Азия елі – Тәжікстанға ұнамайды. Сарапшылар Анкара аймақтағы ықпалын осылайша күшейткісі келеді дейді.

Түркияның көздегені не? "Орталық Азияны" "Түркістан" деудің астары қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:09 0:00

Анкара 2024-2025 оқу жылында жаңа білім беру үлгісін енгізді. Онда тарихи ұғымдарды "ұлт жадына сәйкестендіру" үшін жаңғыртып, түрік шенеуніктері сырттан танылған деп санайтын терминдерді ауыстырды.

Енді түрік оқулықтарында Эгей теңізі Аралдар теңізі, "крест жорықтары" – "кресшілер шапқыншылығы", "географиялық жаңалықтар" – "отаршылдық саясаты", армян мәселесі деген тіркес – "Арменияның негізсіз талаптары", Орталық Азия – "Түркістан" деп аталады.

Түркияның ұлттық білім министрі Юсуф Текиннің сөзінше, мақсат – түрік жастарын Түркістанды бүкіл түркі әлемінің ортақ тарихи кеңістігінің бір бөлігі ретінде қабылдауға баулу. Екі дүниежүзілік соғыс кезінде түркі әлемін екіге жарған терминдер мен ұғымдар әдейі енгізілген, ал енді түрік оқулықтары халықтар бірлігін нығайтатын болады, деп мәлімдеді министр.

"Біз үшін мұның өте маңызды символдық мәні бар. Өйткені бұл аумақ – біздің территориямыз. Бұл жер – бауырларымыздың жері. Сондықтан біз "Орталық Азия" атауының орнына "Түркістан", яғни оның ғылыми әдебиеттерде жазылған төл атауын қолданғанды жөн көрдік", – дейді Юсуф Текин.

Түркияның ұлттық білім министрі Юсуф Текин (ортада)
Түркияның ұлттық білім министрі Юсуф Текин (ортада)

Қайта жазылған оқулықтар

Тоғызыншы сыныпқа арналған тарих кітабының бірінші бөлімі "Түркістаннан Түркияға" деп аталады. Онда түркі тайпаларының бір бөлігі Анадолыға – қазіргі Түркия территориясына қалай жеткені сипатталған. Бұрын түрік тарих оқулықтарында қазіргі түріктер шыққан әлемнің бөлігі Орталық Азия деп аталатын. Ал қазір тек Түркістан деген атау қолданылады.

Түркияда 2025 жылы шыққан 10-сыныпқа арналған мектеп оқулығында берілген XI - XII ғасырлардағы Түркістан картасы
Түркияда 2025 жылы шыққан 10-сыныпқа арналған мектеп оқулығында берілген XI - XII ғасырлардағы Түркістан картасы

Бұрынғы тарих оқулықтарында түрік мектеп оқушыларының назарын Анадолыда түрік мемлекеттігі қалай құрылғанына аударатын.

Жаңа оқулықтарда тарихты пайымдау толығымен өзгерді. Енді оқушыларға елдің өткеніне көне Түркістаннан қазіргі Түркияға дейінгі ортақ түркі әлемінің тарихының бір бөлігі ретінде қарау ұсынылып отыр. Осы аймақтағы халықтар мен олар тұрып жатқан территориялар біртұтас өркениет кеңістігінің элементтері ретінде сипатталады.

Анкара университетінің саясаттану ғылымдарының докторы Орхан Гафарлы Анкара осылайша аймақтық бірегейлікті қалыптастырып жатыр дейді. Ол Түркия үшін де, басқа түркітілдес елдер үшін де Түркістан – осы аймақтың тарихи атауы болғанын айтады. Саясаттанушы бұл үдерісті түп тамырға оралу деп атайды.

"Түркия осы аймақтағы және түркітілдес мемлекеттер арасындағы жетекші ел ретінде алғашқы қадам жасады. Ол түркі әлеміне Ресей империясының, ресейлік немесе Батыс шығыстанушыларының көзімен қарауды қабылдамайтынымызды білдіргісі келеді. Қазір барлық мемлекеттік келіссөздер мен санақтарда бұл аймақ Орталық Азия деп емес, Түркістан деп аталады. Осыны мектеп оқулықтарында да атап жазып, балаларды бұл Орталық Азия емес, Түркістан деп оқыту керек", – дейді Гафарлы.

Анкара университетінің оқытушысы Орхан Гафарлы
Анкара университетінің оқытушысы Орхан Гафарлы

Түріктің география оқулықтарында екі термин қатар қолданылғанымен, мағынасы әртүрлі. Орталық Азия – аймақтың географиялық, ал Түркістан – тарихи-мәдени атауы ретінде қолданылады.

"Азия құрлығындағы түркі мәдениеті ошағы орналасқан жер – Орталық Азия. Түркі халықтары мекендейтін осынау ұлан-байтақ өлке тарихи, мәдени және этностық тұрғыдан түркілер қоныстанған территория болғандықтан, оны Түркістан немесе түркі жері деп те атайды", делінген Түркияның ұлттық білім министрлігінің 10-сыныпқа арналған, 2025 жылы басылып шыққан география оқулығында.

Ал, 12-сыныптың география оқулығында Түркістан деп қазіргі Орталық Азия делініп жүргеннен әлдеқайда кең аумақты атаған. Авторлар оны Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Ирандық Түркістан деп бөледі.

Бұл концепцияға қазіргі Орталық Азия елдерін, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын, оған қоса Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан менИран территорияларының бөліктерін енгізген.

Бұған қоса түрік мектеп оқушыларына түркі әлемінің жаңартылған картасы ұсынылған. Онда тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркияның өзі, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстанның Қарақалпақстансыз бөлігі және Анкара ғана мойындаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бөлек көрсетілген.

Сонымен бірге Ресей, Молдова және Қытайдағы түркілер жері бөлек белгіленген. Мысалы, Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Қарашай-Черкес, Қабардин-Балқар, Чувашия, Гагаузия, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы және Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан.

Сондай-ақ, ол картада "түркі қауымдастығы" деп аталатын елдер мекендейтін жерлер көрсетілген – олар Сібір, Моңғолия, Пәкістан, Үндістан, Иран және Еуропаның бір бөлігін қамтиды.

Түркияның ұлттық білім министрлігінің "Түркі әлемі" картасы (2025 жыл)
Түркияның ұлттық білім министрлігінің "Түркі әлемі" картасы (2025 жыл)

Осылайша, "түркі әлеміне" Еуразияның жартысына жуығын жатқызған. Бірақ бұл екі ұғым бір нәрсе емес. Түркі әлемі бүкіл түркі халықтары мен мемлекеттерін біріктірсе, жаңа түрік оқулықтарында Түркістан түркілердің тарихи ата-баба қонысы ретінде көрсетілген.

Түркістан және Тәжікстан

Түркістан ұғымының белсенді түрде енгізілуі Орталық Азияның өзінде де түрлі реакция тудырды. Тәжікстан да қазіргі мағынада аймақтың құрамына енеді, ал елі – өзін өзге мәдениетке жатқызатын иран тектес халық.

Түркияның шешімі тәжік қоғамында наразылық тудырып, тарихи дау-дамайға ілік болды. Тәжік тарихшысы Абдуали Шарифзода Орталық Азияның әрдайым Түркістан деп аталмағанын алға тартады.

"Бұл кезінде Соғды, Бактрия, Хорезм және Ферғана деп аталған. "Авеста" мәтіндерінде осы аумақта 15 мемлекет болғаны айтылады. Онда кездесетін жер-су атауларының арий емес (түркі) тайпаларға еш қатысы жоқ. Олар Орталық Азияға кейінірек келген. Егер олар Орталық Азияны Түркістан деп атауды ұсынса, онда біз де олардың елін Шығыс Рим немесе Византия деп атайық", – дейді Шарифзода.

Тәжік тарихшысы Абдуали Шарифзода
Тәжік тарихшысы Абдуали Шарифзода

Тағы бір тәжік тарихшысы Камолуддин Абдуллоев аймақтың өткен тарихы өте бай, сондықтан қалаған адам осы тұжырымдаманың – Орталық Азия, Түркістан немесе Иранзамин (Үлкен Иран) – кез келгенін тарихи тұрғыдан негіздеп шығатын уәж таба алады деп санайды.

Ол Түркияның бұл іс-әрекеттері аса ірі шиеленіс тудырмаса да, тәжіктерді аймақтағы ортақ кеңістіктен шеттетіп тастайды деп есептейді.

"Пантюркизммен күрес біздің идеологиямыздың бір бөлігі іспеттес, яғни бұл біз үшін – [ұлт ретінде] аман қалудың амалы. Аймақтағы парсы тілінде сөйлейтін жалғыз республика болғандықтан, мәдени болмысымызды, тіліміз бен бірегей тарихымызды сақтап қалу біз үшін өте маңызды. Сол себепті бізді "Түркістан" деген ортақ ұғымның аясына теліп, бәрімізді бір өлшемге тықпалағанын қаламаймыз", – дейді Абдуллоев.

Тәжік тарихшысы Камолуддин Абдуллоев
Тәжік тарихшысы Камолуддин Абдуллоев

Түркия Орталық Азиядағы позициясын нығайтты

Сарапшылардың пайымдауынша, көне "Түркістан" атауын қайта жаңғырту ғылыми емес, саяси мақсатты көздейді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзін түркі халықтарының қамқоршысы әрі көшбасшысы ретінде көрсеткісі келеді, дейді шығыстанушы Руслан Сүлейманов. Бірақ бұл аймаққа Ресей мен Қытайдың ықпалы баяғыда-ақ орнығып қойған. Сондықтан, Сүлеймановтың пікірінше, Анкараға олармен бәсеке жарыстыру қиынға соғады.

Шығыстанушы Руслан Сүлейманов
Шығыстанушы Руслан Сүлейманов

"Мәселен, Қазақстан Ресей мұнайына 90 пайызға жуық тәуелді. Орталық Азия республикаларындағы басқа салалар, Ресеймен тығыз байланыстар туралы не айтуға болады? Ал көріп отырғанымыздай, Қытай аймаққа ақша салуды жылдан жылға көбейтіп жатыр, ал Түркия әзірге ондайды ұсына алмайды. Ал ондай экономикалық іргетассыз, елеулі қаржылай қолдау болмаса, мұндай бастамалар тек қағаз жүзінде қала бермек. Түркия мен түркі әлеміндегі Түркияның басымдығын жақтайтындарға ортақ әліпби жасап, әлдебір нәрсенің атын өзгерту сияқты іс-қимылдарды қанағат тұтуға тура келетін шығар", – дейді Сүлейманов.

Еуразия өңірін зерттеп жүрген түрік ғалымы Оғул Туна Анкара Мәскеу мен Пекиннің мүдделеріне нұқсан келтірмеу үшін әдейі баяу, сақ әрекет етіп отыр деген пікірде. Әйткенмен Орталық Азияға ықпалын жүргізгісі келетін Түркияның жаңа кезеңге қадам басқанын айтады.

Түрік зерттеушісі Оғул Туна
Түрік зерттеушісі Оғул Туна

"Әрине, бұл – біртіндеп жасалатын, бәрі алдағы үш я бес жылда бірден орныға кетпейтін, кемінде 10-15 жылға созылатын үдеріс. Бұдан кейінгі кезеңдерде Түркия саяси, дипломатиялық, әскери қарым-қатынасын нығайтқысы келер. Қарабақ жанжалынан кейін Анкара Орталық Азия мемлекеттерімен әскери және қорғаныс өнеркәсібі салаларында әріптестік орнатуға кірісті. Және де Түркияға Орталық Азия мемлекеттерінен осы бағытта сұраныстар түсе бастады. Қырғызстанға әскери көмекке жабдықтар беру, Өзбекстанмен бірлескен жаттығулар өткізу, Түркіменстанға дрондар мен әскери құрал-жабдықар сату – мұның бәрі мәдениеттен, әліпбиден және тілден жаңа деңгейге өтіп жатқанымызды көрсетеді", – деп түйіндеді Туна.

Сарапшылар пікірінше, "Орталық Азия" терминін "Түркістан" деп өзгерту Түркия мектеп оқушыларына ғана қатысты дүние емес. Бұл – Анкараның ауқымды геосаяси стратегиясының бір бөлігі ғана. Түркия аймақ елдерімен әскери серіктестікті қазірдің өзінде күшейте бастады. Сонымен қатар, Анкара өңірдегі ықпалдастықтың басты құралдарының бірі көретін Түркі мемлекеттері ұйымының да рөлі артып келеді.

(Азаттық Азия тілшісі Камилла Уәлиеваның мақаласынан аударылды)
Айдар
XS
SM
MD
LG