Accessibility links

Студенттерге жеке меншік такси жалдауға тыйым салды


Ашғабат көшесінде жүрген студенттер. (Көрнекі сурет.)
Ашғабат көшесінде жүрген студенттер. (Көрнекі сурет.)

Түркіменстанда жоғары оқу орындарының басшылығы студенттерге қысқы каникулда жеке меншік көлік қызметін пайдалануға тыйым салған. Жастардың ата-аналары бұған наразы.

"ЖЕКЕ МЕНШІК КӨЛІКПЕН ЖҮРУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ"

Қаңтардың 25-і күні Түркіменстан жоғары оқу орындарының студенттері қысқы демалысқа шығады. Осының қарсаңында басшылық студенттерді каникул кезінде жол жүргенде мемлекеттік кәсіпорындар автобустарын, ұшақтар мен пойыздарды пайдалануға міндеттеген. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) Ашғабаттағы тілшісіне Мақтымқұлы атындағы Түркімен мемлекеттік университеті мен Дашогуз қаласындағы ауылшаруашылығы институтында оқитын жастардың ата-аналары айтып берді.

"Қаңтардың 22-і күні жоғару оқу орындарының әкімшіліктері студенттерге қаңтардың 25-інен бастап каникулға үйлеріне баруға болатынын хабарлаған. Бірақ оларға мемлекеттік кәсіпорындар автобусы, ұшақ не пойызбен жүріңдер деп ескертіп, жеке меншік автобус немесе такси қызметін пайдалануға тыйым салған. Студенттерге демалыстан оралған соң жол жүру билетінің көшірмесін деканатқа тапсыруды міндеттеген" деді Азаттық тілшісіне Мақтымқұлы атындағы Түркімен мемлекеттік университеті студентінің ата-анасы. Ол өз аты-жөнін атамауды сұрады.

Мақтымқұлы атындағы Түркімен мемлекеттік университеті алдындағы шыршаны безендіріп жатыр. (Көрнекі сурет.)
Мақтымқұлы атындағы Түркімен мемлекеттік университеті алдындағы шыршаны безендіріп жатыр. (Көрнекі сурет.)

Жоғары оқу орындары басшылығының ата-аналарға түсіндіруінше, студенттер кейде жеке меншік такси қызметін пайдаланған кезде тап болатын "ерсі жағдайлардың" алдын алу мақсатында осындай талап қойылып отыр. Шенеуніктердің сөзінше, "ерсі жағдайларға" студент қыздарға "көз салып, қырындау" оқиғалары жатады.

"БИЛЕТ ТАПШЫ, РЕЙС САНЫ АЗ"

Қаңтардың 23-і күні Азаттықтың Ашбағаттағы тілшісінің хабарлауынша, оқу орны басшылығы студенттерге әлгі талапты пойыз бен автобус және ұшаққа билет қат болып жатқан тұста айтқан.

"Каникулға үйіне баратын студент өте көп, бірақ автобус, ұшақ пен пойыз саны шектеулі. Сондықтан пойыз бен ұшаққа билет сататын кассалар қызметкерлері онсыз да парасыз сатып алуың қиын билет құнын тіпті аспандатып жіберді. Кассирлер "билет жоқ" дейді, ал тамыр-таныс арқылы сатып алғың келсе кемінде жарты бағасын үстіне қосып беруің керек. Бірақ соның өзінде бәріне бірдей жете бермейді" дейді Азаттық тілшісіне Түркімен мемлекеттік университетінде оқитын студент.

Азаттық жоғары оқу орындары басшылығынан студенттерге жеке меншік автобус пен такси қызметін пайдалануға салынған тыйым жайлы, Ашғабаттың темір жол вокзалы мен "Туркменховаёллары" ("Түркімен әуе жолдары") мемлекеттік әуе компаниясы өкілдерінен билет тапшылығына байланысты түсініктеме алуға тырысқанымен, олардан жауап алудың сәті түспеді.

Студенттер ата-аналары каникул кезінде балаларының жол жүру мүмкіндігін шектеп, олардың уақытында үйлеріне қайтуын қамтамасыз ете алмай отырған биліктің ісіне наразы.

"Қазір мемлекеттік автобустар мен пойыздар уәлаяттар орталығына тәулігіне бір-ақ рет жүреді. Ұшақ рейстері де шектеулі. Жылда қаңтардың 25-інде студенттер каникулы басталатынын бәрі біледі. Жолаушы рейстерінің санын көбейтудің орнына олар жүріп-тұруды шектеп отыр" деп реніш білдірді Азаттық тілшісі әңгімелескен Дашогуз қаласындағы студенттің ата-анасы.

Түркіменстанда жоғары оқу орындары студенттеріне жеке автокөлік қызметін пайдалануға тыйым салу бұрын да болған.

Студенттердің айтуынша, талапқа бағынбағандарға түрлі шаралар қолданылады: бағасын төмендетіп, сөгіс жариялайды, кейде тіпті оқудан шығарып тастайды.

(Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG