Accessibility links

Лайк баспау және сынамау. Түркімен режимі блогерлерді елді мақтауға мәжбүрлеген


Түркіменстан билігі танымал блогерлерді жинап, оларға елді "гүлденген әрі бақытты мемлекет" етіп көрсетуді тапсырған. Полиция билікті сынауға болмайтынын, бұл тыйымды бұзғандар түрмеге жабылуы мүмкін екенін ескерткен.

Түркіменстанның авторитар үкіметі жаңалықтар сайты, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттап, елдегі ақпараттық кеңістікті қатаң бақылауда ұстайды.

Түркімендердің көбі интернет шектеулерді айналып өту үшін VPN қолданады.

Жақында билік өкілдері халық тұтынатын ақпаратты реттеу үшін бірнеше өңірдегі танымал блогерлер мен ықпалды тұлғаларды жинап, Түркіменстан "гүлденген әрі бақытты мемлекет" деген насихат жүргізуді тапсырған.

Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған кей блогерлер Азаттық тілшісіне полиция "билікті сынайтын жазба жариялағандар түрмеге жабылады" деп ескерткенін айтты.

Шенеуніктер мұндай мазмұндағы жазбаларға лайк басып, пікір жазуға да болмайды деген.

Полиция Instagram, TikTok пен YouTube-те аудиториясы бар, әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, әртүрлі тақырыпқа пікір білдіріп жүрген танымал блогерлерді жинаған.

Құқық қорғау органдары олардан Түркіменстанды мақтап, бақытты балалар мен жаңа ғимараттарды көрсететін позитив материалдар жариялауды талап еткен.

Мемлекеттік ақпарат құралдары жаңа базар, мектеп немесе аурухана ашылды деген жаңалықтар ғана жариялайды. Мұндай ресурстар жаңа баспана алған отбасыларды, астық басында бата беріп жатқан, жақсы киінген қарттарды көрсетеді.

Түркімен полицей қызметкерлері.
Түркімен полицей қызметкерлері.

Полиция мен билік өкілдері блогерлердің ақпаратына қатысты пікір беруді сұраған Азаттықтың Түркімен қызметінің хатын жауапсыз қалдырды.

Жергілікті ақпарат көздері полицияның әрекетін интернетте тарап, қызу талқыланған видеомен байланыстырады. Онда түркімен полицейі погонын жыртып, бұған жүргізушіні кінәлайды.

Жас полицей жолдың шетіне тоқтаған жүргізушімен сөйлесіп тұрады. Өзін видеоға түсіріп тұрғанын байқамай, офицер оң иығындағы погонын жұлып алып, көліктің ішіне лақтырып жібереді. Кейін бұған жүргізушіні кінәлайды.

"Погонымды жұлып алдың ғой, олай жасауға болмайды" дейді офицер жүргізушіге. Кейін жолдағы адамдар өзін түсіріп тұрғанын көріп, "видеоны өшіріңдер" деп талап етеді. Офицер мен жүргізушінің түр-тұлғасы анықталған жоқ, видео қашан және қайда түсірілгені белгісіз.

Видео әлеуметтік желіге 3 маусымда жарияланған.

Көліктің нөміріне қарағанда, оқиға Лебап уәлаятында болған сияқты. Билік бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектептер мен мемлекеттік мекемелерде рейд жүргізіп, оқушылар мен қызметкерлердің телефонында үкіметке қарсы материалдар бар-жоғын тексеріп жатыр.

Түркіменстан билігі студенттерге тыйым салынған сайттарға кіру үшін VPN немесе басқа да құралдар қолданбаймыз деген қағазға қол қойғызып алады. Жақында жүргізілген зерттеуге сәйкес, Түркіменстан 122 мыңнан астам веб-доменді бұғаттап тастаған.

Ашғабаттағы интернет-кафе.
Ашғабаттағы интернет-кафе.

Орталық Азия елдері әлемдегі интернет жылдамдығы ең төмен мемлекеттер қатарына жатады.

Ұлыбританияның Cable.co.uk компаниясы дайындаған әлемдегі кең жолақты интернет жылдамдығы туралы есепте Түркіменстандағы интернеттің орташа жылдамдығы 0,50 мегабит/секунд деп көрсетілген. Бұл – 2021 жылы сауалнамаға қатысқан 224 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Түркіменстанда көлемі 5 гигабайт фильм жүктеуге 22 сағат 34 минут кетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG