Accessibility links

Түркіменстан әйелдер құқығын шектейтін жаңа ережелер енгізді


Халқының көбі ислам дінін ұстанатын Түркіменстанда билік әйелдердің мұсылман хиджабын немесе Батыс стиліндегі киімді емес, дәстүрлі киім кигенін құптайды.
Халқының көбі ислам дінін ұстанатын Түркіменстанда билік әйелдердің мұсылман хиджабын немесе Батыс стиліндегі киімді емес, дәстүрлі киім кигенін құптайды.

Түркіменстан билігі әйелдерге тырнақ жабыстырып, кірпігін ұзартуға тыйым салды. Енді оларға бөтен ер адаммен бір көлікке отыруға, пластикалық операция жасауға да болмайды. Кейінгі кезде осы ережелерді бұзғаны үшін ондаған әйел жұмыстан қуылған. Сарапшылар бұл қоғам наразылығын туғызуы мүмкін дейді.

Түркіменстанда енді әйелдерге денесіне жабысып тұратын киім киюге, жасанды тырнақ жабыстырып, кірпігін ұзартуға болмайды.

Көрші Ауғанстанда билікте отырған "Талибан" режимі стиліндегі жаңа ереже бойынша, Түркіменстанда әйелдер жақын туысы саналмайтын ер адаммен бір көлікке отыра алмайды. Сондай-ақ жол полициясы әйел адамның көліктің алдыңғы орындығына отыруына да тыйым салған.

Орталық Азия елі әйелдерге омырауын және ернін үлкейту, қасына татуаж жасату секілді косметикалық операция жасауға да қосымша шектеу енгізді.

Кейінгі апталарда омырауына имплант салғызған немесе ернін үлкейткен ондаған әйелдің жұмыстан шығарылғаны жайлы ақпарат тарады.

Түркіменстанда мұндай ресми емес шектеулер биыл мамыр айында күшіне енген. Көбі мұны 12 наурызда өткен сайлаудан кейін Сердар Бердімұхамедовтің Түркіменстан президенті болуымен байланыстырады.

Полиция қоғамдық орындар мен кеңселерге рейд жасап, жасанды кірпік немесе тырнақ жабыстырған әйелдерді ұстап әкетіп жатыр дейді Түркіменстан астанасы Ашғабат пен басқа да қалалардағы куәгерлер.

Көшеде әйелдерді тоқтатып, тексеріп тұрған полиция. Ашғабат, 2022 жыл.
Көшеде әйелдерді тоқтатып, тексеріп тұрған полиция. Ашғабат, 2022 жыл.

Ашғабат тұрғындарының біріне полиция аксессуарларды алып тастап, 140 доллар шамасында айыппұл төлеуді бұйырған. Бұл Түркіменстандағы орташа жалақының жартысына тең.

Балқан уәлаяты тұрғыны полиция көшеде және қоғамдық көлікте әйелдерді тоқтатып, ерніне операция жасатқан-жасатпағанын тексеріп жүргенін айтады.

"Полиция ернін тексеру үшін әйелдерден маскасын шешуді талап етеді" деді аты-жөнін атамауды сұраған әйел.

Түркіменстан әйелдер құқығын шектейтін тағы бір ереже енгізген. Билік ер адамдарға өзіне туыс емес әйелді көлігіне отырғызуға тыйым салған. Жол полициясы әйелдер отырған көліктерді тоқтатып, оның жүргізушінің туысы екеніне дәлел талап етіп жүр.

Балқан уәлаятындағы бірнеше адам Азаттыққа әйелдерге көліктің алдыңғы орындығына отыруға рұқсат етілмейтінін хабарлады. Бұл жаңа ереже таксиге де, жеке көліктерге де қатысты. Түркіменстанның басқа жерлерінде мұндай тыйымның бар-жоғы белгісіз.

Көлік жүргізушілерінің бірі Балқан уәлаятында көліктің алдыңғы орындығына туыс әйел отырса да, екі мың доллар айыппұл салынуы мүмкін дейді.

Ол кешкі сағат сегізден кейін, жүргізушінің туысы болсын, болмасын көлігіне әйел адамды отырғызуға мүлде болмайтынын айтады.

Түркіменстанда негізінен, сирек жағдайларды есептемегенде, әйелдердің көлік жүргізуіне де рұқсат жоқ. Бірақ билік әйелдерге ресми түрде мұндай тыйым салмаған.

Оның орнына билік әйелдердің жүргізуші куәлігін алуын немесе мерзімі өткен құжатты жаңартуын қиындатады. Осылайша әйелдерді көлік жүргізу құқығынан айырады.

ЖАЗЫЛМАҒАН ЕРЕЖЕ

Кейінгі енгізілген шектеулер жайлы ешқандай ресми мәлімдеме немесе түсіндірме болған жоқ. Жергілікті билік өкілдерінен немесе құқық қорғау органдарынан да ешқандай құжат түспеген.

Кеңсе қызметкерлері билік пен компания басшылары арнайы жиналыс өткізіп, әйелдердің киіміне, сұлулық процедураларына және сырт келбетіне қатысты жаңа ережелерді талқылау үшін жиналғанын айтады. Бірақ ондайға тыйым салатын құжаттың көшірмесін көрсетуден немесе мұндай шешімнің себебін түсіндіруден бас тартты.

Мұндай шектеулер бұрын да болған, бірақ оны ешкім қатаң ұстанбаған еді.

Халқының көбі ислам дінін ұстанатын Түркіменстанда билік әйелдердің мұсылман хиджабын немесе Батыс стиліндегі киімді емес, дәстүрлі киім кигенін құптайды. Дәстүрлі киімге көбіне сәнді маталардан тігілген, етек-жеңі ұзын көйлек жатады. Қыздар өрнегі бар тақия кисе, әйелдер көбіне орамал байлайды.

Дәстүрлі киім киген түркімен әйелдері.
Дәстүрлі киім киген түркімен әйелдері.

Әйелдер жұмыс орнында, ресми жиындар мен қоғамдық іс-шарада дәстүрлі киім киеді. Кейбір әйелдер әлі де Батыс стиліндегі киім киеді. Бірақ қысқа юбка, шорты, жеңсіз көйлек пен иығы ашық жейде секілді спорт киімін киетіндерді көрмейсіз.

Жаңа ереже көк түсті джинсы мен денеге жабысып тұратын кез келген киім киюге тыйым салады. 27 сәуірде Мары қаласында тұратын әйел Азаттыққа полиция джинсы киген әйелдерді ұстау үшін көшеге шыққанын хабарлады.

"Полиция фотоға түсіріп, рапорт жазады да, әйелдерді айыппұл төлеуге мәжбүрлейді" деді аты-жөнін атамауды өтінген әйел. Мұндай жағдайлар Ашғабат, Лебап, Бақан қалаларында болған.

"АНТ ЕТЕМІН"

Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін әйелдерге бұл ережені жұмыс орнында ғана емес, қоғамдық орындарда да ұстануды бұйырған деп хабарлады Азаттыққа бірнеше мемлекеттік қызметкер.

Әйелдер денеге жабысып тұратын киім кимейтінін, шашын боямайтынын, татуаж бен ботокс жасатпайтынын, жасанды тырнақ пен кірпік жабыстырмайтынын, басқа да шектеулерді ұстанатынын айтып жазбаша ант берген.

Құжатта "жұмыста және жұмыстан тыс жерде осы талаптарды ұстанбай, ұйымды ұятқа қалдырсам, мені жұмыстан шығаратынына келісемін" деп жазылған.

Құжатқа қол қоюдан бас тартқандардың бәрін жұмыстан шығарған. Мұны Азаттықтың жергілікті жердегі тілшілері бірнеше куәгерге сілтеме жасап хабарлады.

"Күнде таңертең мемлекеттік мекемелердің басшылары әйел қызметкерлердің киімі мен сырт келбетін тексереді. Қандай да бір ережеге сай келмейтінін анықтаса, олардың кеңсеге кіруіне рұқсат бермейді. Әйелдерді талапқа сай киініп кел деп үйіне жібереді" деді басынан өткен оқиғаны баяндаған Ашғабатта тұратын әйел.

"Сондай-ақ инспекторлар кез келген уақытта қосымша тексеру үшін кеңсеге келуі мүмкін" деді 2 мамырда Азаттық тілшісі сөйлескен әйел.

Ашғабат көшесінде автобус аялдамасында отырған қыздың қасынан өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Ашғабат көшесінде автобус аялдамасында отырған қыздың қасынан өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Ашғабаттағы бірнеше дереккөз кейінгі апталарда ботокс жасатып, ерін үлкейткені үшін кемінде жиырма стюардессаның жұмыстан қуылғанын айтады. Олардың сөзінше, ұлттық темір жол компаниясында істейтін елу әйелді көкірек имплантын салып, ернін үлкейткені үшін жұмыстан шығарған.

Азаттық Түркіменстан ұлттық әуе және темір жол компанияларына, бірнеше мемлекеттік мекемеге хабарласып, осы жайт жайлы пікір сұрады. Бірақ ешбірінен жауап болмады.

Полиция сұлулық салондарына тыйым салынған процедураларды жасамауды ескерткен. Содан кейін елде ондаған сұлулық салоны жабылып қалған.

Азаттық тілшілері құқық қорғау органдары Мары қаласындағы сұлулық салондарына рейд жасап, оларға ережені бұзғаны үшін айыппұл салатынын немесе он бес күнге дейінгі мерзімге қамайтынын ескерткенін хабарлады.

ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР

Түркіменстанда наразылық өткізіп, билік саясатына жария түрде қарсы шығатындар сирек. Мұнда билік өзіне қарсы шыққандарды бірден түрмеге қамайды немесе психикалық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызады.

Ашғабат көшесінде тұрған полицейлер.
Ашғабат көшесінде тұрған полицейлер.

Бірақ кей белсенділер осы шектеулерден кейін халықтың шыдамы таусылуы мүмкін дейді. Ондаған жыл бойы түркімендер құқығы мен бостандығын шектеген билікке өкпелі болып келді. Кейінгі бірнеше жылда мемлекет қаржы дағдарысына тап болды. Елде азық-түлік тапшылығы туындап, жұмыссыздық пен инфляция өсті.

Балқан уәлаятындағы бірнеше әйел Азаттыққа шыдамы таусылғанын және билікке қарсы жаппай наразылық болуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтады.

"Жаңа президент әйелдерді жек көретін болып шықты, – деді Балқан уәлаяты тұрғындарының бірі. – Түркіменстанда енді гендерлік теңдік жоқ".

Түркияда тұратын түркімен белсендісі Дурсолтан Таганова.
Түркияда тұратын түркімен белсендісі Дурсолтан Таганова.

"Түркімен әйелдері бұл шектеулерге өте наразы" деді түркімен белсендісі, Түркияда тұратын Дурсолтан Таганова.

"Тіпті [билікке қарсы белсенділерді] қолдамайтын адамдардың өзі қазір пікірін ашық білдіріп, бұл жағдайға наразы екенін айтып жатыр" деді Таганова Азаттыққа 2 мамырда.

Ашғабатта екі әйел айыппұл төлеуден бас тартып, полициямен ұрсысқан. Куәгерлердің бірі Азаттыққа 27 сәуірде өзін полиция тоқтатып, жасанды кірпігіне шүйліккенін айтты.

"Әйелдер полиция қызметкерінен [жасанды кірпікке] тыйым салатын құжаттың көшірмесін көрсетуді талап еткен" дейді куәгер.

Бұл материалды жазуға Азаттықтың Түркімен қызметінің Ашғабат пен Мары қалаларындағы, Балқан мен Лебап уәлаяттарындағы тілшілері атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG