Accessibility links

Спорт жарысы ауыртпалығы түркімен халқы мойнына түсті


Азия ойындарының қарсаңында Ахшадатта өткен салтанатты марш.
Азия ойындарының қарсаңында Ахшадатта өткен салтанатты марш.

Түркіменстан қыркүйек айында Азия құрлығы бойынша жекпе-жек түрлері ойындарын өткізбек, бірақ түркімендердің оған қуанып жүргені шамалы. Үкімет халықаралық спорт шарасын өткізу үшін қаражатты қайдан табарын білмей, халық қалтасына қол сала бастағанға ұқсайды.

Азаттықтың Түркімен қызметі негізгі азық-түлік өнімдері, әсіресе, сүт өнімдерінің қымбаттап кеткенін хабарлады. Бірақ қазір Түркіменстанда 2016 жылдың соңында болғандай азық-түлік тапшылығы жоқ.

Азаттық тілшілері барлық дүкендер – мемлекеттік болсын, жеке болсын – отандық және импорт тауарлар бағасын көтергенін айтады, барлық дүкен қожайындары осы ережеге бағынған.

Мысалы, 200 грамм қаймақтың бағасы бұрын 5 манат болса (ресми бағам бойынша 3,5 манат 1 АҚШ долларына тең), қазір 6 манатқа өскен, 200 грамдық ірімшік өнімдері 7-8 манаттан 9-10 манатқа дейін көтерілген. Ел астанасы Ашхабатта кейбір негізгі азық-түлік өнімдері 50 пайызға қымбаттады. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған ашхабаттық бір сатушы «жоғарыдан түскен бұйрық» бойынша кей тауарлардың 20 пайызға қымбаттағанын айтты.

Сатушының сөзіне сенсек, қазір мемлекеттік шенеуніктер дүкенге келіп, оның сауда дәптерін тексеріп, «мемлекет үлесі» ретінде 20 пайыздық үстемені алып кетеді.

«ЕРІКТІ ТҮРДЕ ЖӘРДЕМДЕСУ»

Шенеуніктер алып кететін ақшаны «ерікті түрде берілген жәрдем» деп атайды. Олар сатушыға ақшаны қыркүйекте өтетін Азия жекпе-жек жарыстарына жинап жатқандарын айтқан (Жарыс ресми түрде «Жабық ғимараттарда өтетін жекпе-жек өнерлерінің Азия ойындары» деп аталады). Түркіменстан тұрғындары (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар) «ерікті түрде жәрдемдесудің» не екенін жақсы біледі.

Бірнеше ай бойы мемлекет олардың жалақысының да бір бөлігін ұстап қалып жатыр. Оны да «ерікті түрде берілген жәрдем» деп атайды. Азаттық тілшісі мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының 50 пайызын ұстап қалған айлар болғанын да анықтады.

Жақында түркімен оппозициялық сайты жариялаған дерек бойынша, сәуірден қыркүйек айына дейін мемлекет газ және мұнай саласындағы жұмысшылар жалақысының 15-20 пайызы ұстап қалатын болған, бұл ақша Азия жекпе-жек жарысына жұмсамақ.

Азия жекпе-жек жарыстарының ресми символы алабай күшігінің жанында тұрған балалар. Ашхабат.
Азия жекпе-жек жарыстарының ресми символы алабай күшігінің жанында тұрған балалар. Ашхабат.

Жарыс үшін салынған құрылыс нысандары мен басқа инфрақұрылымның (оның ішінде монорельс те бар) бағасы шамамен 5 жарым миллиард АҚШ доллары болған. Оған қызмет бағасы мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеу кірмейді (оларды әскерге шақыра салуы да мүмкін, ондай да болады). Бұған ашылу шарасында ән шырқайтын әртістерді жалдау құнын қосыңыз.

Қауіпсіздік қызметін де ұмытпау керек. Түркіменстанның қауіпсіздік қызметі демалыссыз жұмыс істейді. Халықаралық спорт шарасына шетелдіктер көп келуі мүмкін, Түркіменстан үкіметі оларға күмәнмен қарайды. Құқық қорғау мекемесі мен қауіпсіздік қызметінің әр мүшесі ойын кезінде кезекші болады, олардың көбі әрине Ашхабатта жұмыс істемек. Бұның бәрі - қосымша шығын.

Енді болашаққа шолу жасап көрейік. Түркіменстанның негізгі сауда әріптесі – Қытай. Түркіменстандағы Қытай елшісі Сунь Вэйдун қаңтар айында берген сұхбатында "2016 жылдың 11 айында екі ел саудасы 5,4 миллиард доллар болғанын" айтты.

600 МЫҢ БИЛЕТ

2010 жылы Азияның жекпе-жек жарыстарының 2017 жылы Түркіменстанда өтетіні анықталғанда мемлекеттің экономикалық болашағы зор болып көрінген. 2008 жылы Түркіменстан Ресейге 40 миллиард текше метрден астам газ экспорттады, «Газпроммен» бағаға қатысты және басқа да даулар болса да, Ашхабат 2010 жылы газ сатудан түсетін табыс ортаймайды деп ойлады.

Иран президенті Хасан Роухани (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов газ экспорты форумында тұр. Тегеран, 23 қараша 2015 жыл.
Иран президенті Хасан Роухани (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов газ экспорты форумында тұр. Тегеран, 23 қараша 2015 жыл.

Түркіменстан Иранға жыл сайын 6-8 миллиард текше метр шамасында газ сатып отырды. 2009 жылдың соңында жоспарланған төрт құбырдың бірі Қытайға жол тартты.

2017 жылғы жағдай мүлде өзгерді. Қазір Ресей мен Иран түркімен газын сатып алмайды. Қытай болса бірнеше жыл бұрын жоспарланған газ көлемінің жартысын ғана алатын сияқты. Газ бағасы да әжептәуір төмендеп кетті.

Түркіменстан үкіметі Азияның жекпе-жек түрлерінің жарыстарын өткізу туралы шешім қабылдаған кезде оған халық ешқандай ықпал ете алмады. Үкімет бұған беделді жоба ретінде қарады. Экономикалық жағдай орнықты болғанда түркімен халқы бұл шараға мән бермес те еді.

Енді түркімендер бұл спорт жарысына немкетті қарай алмайды, өйткені қаржысын өздері көтеріп жатыр. Олардың міндеті мұнымен бітпейтін сияқты. Жарыстың ресми сайтында 600 мың билет сатылатыны жазылған, әлбетте билік бұл орындардың бәрін толтыруға тырысады.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG