Қазір үйқамақта отырған ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы, журналист Әмір Қасенов ел президентіне жасаған видеоүндеуінде өзіне тағылған "жалған ақпарат таратқан" деген айыпқа келіспейтінін айтып, соттың ашық өтуін талап етті.
"Мен сот процессіне өзім офлайн режимде және журналистер мен барша жұрт кедергісіз қатыса алатындай ашық өткізуді, және де резонансты ескере отырып, процесстен YouTube-те тікелей трансляция болуын талап етемін. Менің жасыратын ештеңем жоқ. Ашық сотта өзімнің кінәсіз екенімді, қылмыстық істің ойдан құрастырылғанын дәлелдей алатынымды анық білемін", деген Қасенов үндеуінде.
ҚазТАГ бас редакторы егер сот жабық өтетін болса, наразылық ретінде аштық жариялауға дайын екенін мәлімдеді.
Оның зайыбы Айгүл Қасенова адвокатпен келісілмей көпшілікке жарияланған бұл видеоүндеу күйеуіне тергеу соты белгілеген бұлтартпау шарасының қатаңдауына себеп бола ма деп қауіптенеді.
Қасеновтің адвокаты Юлия Малюкованың ҚазТАГ агенттігіне айтуынша, оның қорғауындағы журналист тергеу объективті, әділ болатындығынан күдер үзген.
Freedom Finance брокер компаниясының арызы бойынша Әмір Қасенов пен агенттіктің бас директоры Әсет Матаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны 2025 жылдың аяғында белгілі болған. Биыл Матаевтың адвокаты Рена Керимова қорғауындағы адам күдікті қатарынан шығарылғанын хабарлаған.
Freedom Finance полицияға жазған шағымында ҚазТАГ "шындыққа жанаспайтын мәліметтер, эмоциямен айтылған айыптаулар, бұрмаланған фактілер" таратты деп мәлімдеп, агенттік жариялаған материалдарда "бірнеше өрескел қателер мен жаңсақ деректер бар" деп көрсеткен.
Әмір Қасеновке Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша айып тағылып отыр. Тергеу орындары өздерін Freedom Finance менеджерлерінің іс-әрекетінен зардап шектік деп санайтын адамдардың айтқан шағымдары жазылған материалдарды "шындыққа сай келмейтін ақпаратқа" жатқызып отыр. Редакция өз мақалаларында жалған ақпарат жоғын және журналистерге оқырмандар мәлімдеген деректерге сүйенгенін айтады. ҚазТАГ материалдар жарияланғанға дейін компанияға ресми сауал жолдағанын, бірақ оған жауап болмағанын мәлімдеді.
2025 жылдың желтоқсан айының ортасынан бері Әмір Қасенов қатаң шектеулермен үйқамақта отыр: оған интернетті, байланыс құралдарын пайдалануға және кәсіби міндеттерін атқаруына тыйым салынған.